Тарихтан тағлым

ЖАМБЫЛ РАДИОСЫ.
Электрондық ақпарат құралдары ішінде ең бірінші радио пайда болып, әуе толқынына шыққандығы белгілі. Жамбыл облыстық мұрағаттарда сақталған мәліметтерге қарағанда, Әулиеата радиоторабы Түрксіб темір жолының салуына орай 1920 жылдың 15 қарашасында өз жұмысын бастаған екен. Хабарлардың түпнұсқасы сол кездегі Түркістан АКСР-інің астанасы Ташкенттен, арысы Кеңес империясының орталығы Мәскеуден алынып отырылған. Әйтсе де, елдегі елең еткізер жаңалықтар мен жергілікті жердегі маңызды оқиғалар да қамтылып отырылған. Идиологиялық маңызы зор құрал ретінде радиоының ауқымы 1923 жылы арта бастайды. Бұл кезеңде қала тұрғындарын радиожелісіне қосуды төлемақы төлеу арқылы жүзеге асырады. 1924 жылы тағы да тынысы кеңейе түсіп, Әулиеата радиостансасы алғашында Сырдария, кейіннен Оңтүстік Қазақстан өңірлік радиожелісінің бөлімшесі ретінде қызмет атқарады. Ал 1939 жылы 14 қазанда Қазақ КСР жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысымен Жамбыл облысы құрылғанына байланысты Жамбыл облыстық радиосы Қазақ радиосының құрамдас бөлігі ретінде жұмыс істей бастады. Ол кезде радиохабарлар сым, ал, аудан орталықтарына телефон желілері арқылы таратылды. 1951 Жылы облыстық радиоақпарат редакциясы ұйымдастырылып, арада екі жыл өткен соң ол- Бас редакцияға айналды. Радиоға мәдениет басқармасы басшылық жасады. 1963 жылы мамырда сол кездегі Жамбыл қаласының шетінде орналасқан «Құмжота» аулының жанындағы биік төбеге радиохабарларын тарататын арнайы станция орнатылды. Соның арқасында, облыстық радио өз хабарларын шалғайдағы ауылдарға әуе толқыны арқылы тарата бастады. 1973 жылдың сәуір айынан бастап іргесі кеңейген ұжым-облыстық телевизия және радиохкабарларын тарату жөніндегі комитет болып қайта құрылды. Ең бастысы- облыстық радио бірте-бірте Әулиеата өңіріндегі әулеті артқан, қуаты толысқан, шығармашылық мүмкіндігі орасан зор электронды ақпарат құралына айналды. Іргелі ұжымды тарих ғылымының докторы, профессор, қарымды қаламгер Көкіш Рысбаев 15 жыл басқарса, қаламы ұшқыр журналистер: Шардарбек Еркімбаев, Кәрім Баялиев, Жақсылық Сәтібаев, Арғынбай Бекбосын, Лесбек Сайлаубек, Мәдинә Көбеева, Ғаини Әлімбекқызы елімізге кеңінен танымал тілші ғана емес, әдебиет саласында өз алар орны бар ақын-жазушылар атанды. Қыстаубай Байтуов, Амангелді Нүрпейісов, Сапарғали Әлібаев, Болат Жапаров, Тамара Карим, Нұржамал Жұмағұлова, Вера Людасанова, Генадий Побежимов осында ұзақ жылдар еңбек етіп облыстық радионың тұғыры биік болуына сүбелі үлестерін қосты. Сонымен қатар маған дейін радионы басқарған Болат Мәуленов, Эльмира Мырзағали, Мақұлбек Малдарбек пен Қырмызы Жаманқұлова жергілікті радионы жетілдіре түсіп, жаңа белестерге көтерді.
БҮГІНГІ ЖАМБЫЛ РАДИОСЫ
Жамбыл радиосы 100.8 ФМ жиелігінде дүйсенбі-жұма аралығында сағат 16:00-ден 18:00-ге дейін, екі сағат эфирге шығады. Барлығы 16 хабар таратса, оның 5-уі әуе толқынына тікелей беріледі. Облыс тұрғындарын жұмыс күндері күніге 4 мәрте толымды жаңалықтармен таныстырып, саяси-эконмикалық, құқықтық, әлеуметтік, мәдениет пен өнер және спорт хабарлары, концерттік бағдарламалармен қамтамасыз етуде. «Айтарым бар» «Заң қуаты», «Ұлы дала ұлағаты»,«Денсаулық», «Жас Қайрат», «Жеңімпаз» хабарлары жұртшылыққа жол тартқанына біраз жылдардың жүзі болса, тыңдармандардың талабына орай олардың қатары биылғы қыркүйек айында басталған жаңа маусымда «Әсерлі әңгіме», Өнерлі өрендер», «Ұмытып кетпе мені», «Жыр жебе», «Свободный микрофон» сынды атты тың хабарларымен толығып отыр. Сонымен қатар радиотыңдармандарымен тығыз байланыс орнатып, оларды хабарға тарту мақсатында күн сайын «Қайырлы таң, Әулиеата» тікелей эфирі өтеді. 16:00-ден 16:30-ға дейін жарты сағат болатын хабарға облысымызға есімі кеңнен мәлім жандар, танымал тұлғалар, мәдениет қайраткерлері мен өнер адамдары қатыстырылып, тыңдармандарға түрлі викториналық сауалдар жолданылады. Тікелей эфирде белсенділік танытып, сұрақтарға дұрыс жауап бергендер апта аяғында марататталып отырылады. «Білгенге маржан», «Атадан аманат», «Жыр жебе» атты танымдық қысқа да-нұсқа айдарлар қазақтың салт-дәстүрі мен бабалардың мол мұрасынан сыр шертіп, білім мен ілімге ұмтылған ұландардың ой-өрісін кеңейте түсері хақ. Бүгінде телерадиосаласында ширек ғасыр қызмет етіп келе жатқан қарымды қаламгер, Қазақастан журналистер және жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Советұлы да жастарға білгенін үйретуден еш жалыққан емес. Заман талабына сай тартымды хабарларды эфирге шығаруда радиотілшілер: Қазақстан журналистер одағының мүшелері Лаура Бораштегі мен орыс редакциясының бар жүгін бір өзі арқалап жүрген Гүлмира Садыққызының еңбектері орасан зор. Эфирге өздері шықпаса да, редакторлардың материалдары мен әуетолқынына жол тартатын әрбір сөзді қатаң қадағалап, радиохабарларын монтаждайтын әрі дыбыстарын бақылайтын өз ісінің майталман маманы Руслан Таласбайдың ебекегі ұшан-теңіз. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне» келетін болсақ, тарихы тым әріден бастау алатын ал бүгінде, заман талабына сай жаңа апарататармен жабдықталған Жамбыл радиосы әлі де жасампаздығымен тыңдармандардың талғамынан шығып, жаңа жоба, жаңа хабарларымен жұртшылыққа жол тарта берері анық. Әріптестерімнің барлығын Радио күнімен құттықтаймын!!!
БАҚЫТЖАН СОВЕТҰЛЫ ЖАМБЫЛ РАДИОСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ