ТАРИХТЫ ТҰЛҒАЛАР ЖАСАЙДЫ
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. Бүгін бе, ертең бе, әйтеуір бұл оқиғаның болатынын білсек те, бұлай тез шешім қабылдайды дегенге сене алар емеспіз.
Халық та дағдарып қалғандай. Расында, алаштың ардақтысы болған Елбасымен қазақтың кейінгі тағдыр-талайы тікелей байланыста болғандықтан «ендігі өміріміз қандай болады?» деген алаңдаушылығын әбден түсінуге болады.
Нұрсұлтан Назарбаев – әуелі қазақ баласы, содан соң әлемдік тұлға. Өйткені, өз ошағының жағдайын жасамай тұрып, өзгенің түтінін дұрыс ұшыруға септесу мүмкін емес дүние.
Ата-бабамыз ат үстінен түспей, бес қаруын жастанып ұйықтаса да анталаған жау кәрінен құтыла аламады. Теңдікті, тәуелсіздікті нақ осы Нұрсұлтан Назарбаев алып бергенін біз ешқашан ұмытпақ емеспіз. Тәуелсіздік алу бар да, оны сақтап қалу қиының қиыны..
Рас, алғашқыда Қазақстанға өте ауыр болды. Осындайда еске түседі. Қазақтың абызы Әбіш Кекілбаев Қазақстанның Тәуелсіздікті өзге көршілерінен кештеу алуының мәнісін түсіндіргені бар еді. 1991 жыл. Еңсесін енді тіктеп келе жатқан қазақ өз елі, өз жерінде қырық пайызға да жетпейді. Осы аласапыранды пайдаланып қазақ жерінде үй ішінен үй тіккісі келетіндер көбейіп жатты. Референдум өткізіп көрші мемлекеттерге қосылуды көксеп жатқандар да аз емес еді.
Міне, осындай ауыр өткелектен Нұрсұлтан Назарбаев халқын аман алып шықты. Жер тұтастығын сақтап қалды. Қазақ үшін ежелден қауіпті көрші болып келген алып аю Ресейдің де, аждаһа Қытайдың да Қазақстан жерінен дәмесі болғанын көне тарих көз алдыңызға жайып салады. Түңғыш Президент бас кететін осынау аса қиын жағдайдан бір оқ шығармай қазақ жерін тұтастай шегендеп алды. Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты ұланғайыр жеріміздің тыныштығын, тұтастығын сақтауға қол жеткізді. Ал, осы мәселені кейінге қалдырған, тіпті түбі бір делінетін Ресей мен Украинаның текетіресін әлем көріп, араша түсе алмай отыр. Осындай түйткілдер Азербайжан мен Армения, тіпті қоңсы туысқан мемлекеттерімізде орын алып жатыр.
Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз халқы үшін жасаған мыңдаған, миллиондаған жұмысының бір қыры ғана.
Ұлт көшбасшысы тоталитарлық биліктен демократиялық мемлекет құру ісінде әлем мойындаған жетістіктерге жетті. Әлем тарихында «Назарбаев феномені» деген термин, түсінік пайда болды.
Бұл жағынан алғанда Нұрсұлтан Назарбаев Америка штаттарының негізін қалаған Джордж Вашингтон, құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрған Ресейді ұлы империяға айналдырған Бірінші Петр, Түрік мемлекетін дүние жүзіне мойындатқан Мұстафа Кемал Ататүрік, Қытай экономикасын нығайтқан Дэн Сяопин сияқты әлемдік тұлғалардың қатарына әбден жатқызуға болады. Бұл біздің ғана пікіріміз емес, әлемдік саясаткерлердің мойындаған қағидасы. Дүниежүзі аспанын қара бұлт торласа азуын айға білеген мемлекеттердің өзі «Назарбаев не дейді, қандай кесік айтады» деп күтеді. Астана – бейбіт өмірді сүйетін мемлекеттердің ашық диалог орталығына айналды.
Міне, осындай тұлға, қазақ үшін ғана емес, әділет, бейбітшілікті сүйетін әлем халқы үшін ардақты тұлға өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл қадам — Орта Азия мемлекеттері басшыларды ішінде де ең алғашқы шешім екендігін сөз реті келгенде айта кетейік
Бір ақиқат бар. Дүние жүзінде сындарлы саясатымен даусыз дараланған Назарбаев феномені қазақ халқына мәңгілік қызмет ете береді.
Қайрат Балабиев, Түркістан облысы мәслихатының хатшысы