Тарихты тыңдау – ұлы ғибрат
Бабадан қалған асыл сөз
Тарихты тыңдау – ұлы ғибрат: Майқы би Төбейұлы (1105 — 1225 ж. ж. шамасы)
Аты аңызға айналған Майқы би туралы халқымызда: «Түгел сөздің түбі – бір, түп атасы – Майқы би» деген қанатты сөз бар. Майқы баба түйінді де даналы сөзімен би біткеннің көшбасшысы болған делінеді. Тарихи деректерге жүгінсек, Майқы би түбі бір түркі халықтардың біразына төрелік айтқан бас бидің бірі болғанға ұқсайды.
Халқымызға тән аңыздардың бірінде: Орманбет би өліп, ноғай елі бүлінгенде, Майқы би қазақ ұлысын құрған тарихи қайраткер бейнесінде сипатталады. Аңызға сәйкес, Майқы би қазақ руларын үш жүзге топтап, Үйсін бастаған бөлікті Ұлы жүз, Қабан ұлы Болтақожа бастаған бөлікті Орта жүз, Қоғам ұлы Алшын бастаған бөлікті Кіші жүз деп атаған дейді.
Бірліксіз – тірлік жоқ.
* * *
Хан әділ болса – халық ынтымақты болады.
* * *
Хан – халықтың қазығы.
* * *
Жетесіз жігіт – ел қадірін білмес,
Некесіз әйел – ер қадірін білмес.
* * *
Тұлпардан тұлпар туады,
Сұңқардан сұңқар туады,
Асылдан асыл туады,
Жалқаудан масыл туады,
Масылдан малықпас туады,
Тілазардан қылжақпас туады,
Таздан жарғақпас туады,
Сараңнан бермес туады,
Соқырдан көрмес туады,
Мылжыңнан езбе туады,
Қыдырмадан кезбе туады.
* * *
Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
* * *
Ханның биі ақылды болса,
Қара жерден кеме жүргізеді.
* * *
Би екеу болса, дау төртеу болады.
* * *
Дауыл болмай жауын болмас,
Даулы боолған қауым болмас.
Егіз ешкі сауын болмас,
Екі жалқау ауыл болмас.
* * *
Естіге айтқан тура сөз,
Шыңға тіккен тумен тең.
Есірге айтқан тура сөз,
Құмға сіңген сумен тең.
* * *
Ақиық қыран қартайса,
Жас жағалтайдан тепкі жейді.
* * *
Парақор биге ісің түспесін,
Сараң үйге кісің түспесін.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі