Тарихы терең Алматы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы жұртшылығымен кездесуінде: «Алматы – қастерлі тәуелсіздігіміздің бой­тұмары болған қала. Алматыда еліміз үшін ең маңызды шешімдер мен құжат­тар қабылданды. Осы жерде Егемендік декларациясына қол қойылды, Тәуел­сіздігіміз жарияланды. Еліміздің болашағын айқындаған басқа да көптеген тағдырлы оқиға өтті», деп атап көрсеткен еді. Алматы – ұзақ жылдар республика астанасы ретінде әлемге танылған әдемі қала. Алматы қаласы Еуразиялық континенттің орталығында, Тянь-Шань тауының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында, Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында орналасқан. Алматымен қаласымен бір параллельде Гагры және Владивосток қалалары орналасқан.
Қаланың климаты ауыспалы, тіптен температурасы жыл мезгіліне қарамастан күн сайын өзгереді. 500 метрлік биіктіктен қала үстіне қараса, көшелері солтүстікке қарай Қаскелен Мойынқұмына бағыт алып тіреледі. Қаланың оңтүстігінде теңіз деңгейінен 1500-1700 метр биіктікте, Медеу шатқалында, тасты аймақта мұздықтардың суық лебі сезіледі.

 

Іле Алатауының жануарлар мен өсімдіктер дүниесі өте бай. Алматының шеткі аймақтары Іле Алатауының ұлттық паркіне жатады. Мұнда арнайы қорықтар бар. Сирек кездесетін құстар мен аңдар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Солардың ішінде қар барсы қазіргі кезде Алматы қаласының елтаңбасында белгіленген.
Тау баурайындағы жүзім, темекі, астық өнімдері алма ағаштары мен жеміс-жидектеріне алмасып отырады. Қаланың 8 мың га. астам жерін бау-бақшалар мен парктер, саяжайлар алып жатыр. Өз отанын Алматы апорты осы жерде тапты.
Қала 170 шаршы километр аумақты алып жатыр. Үлкен және кіші Алматы өзендерінің бойына орналасқан. Тау өзендері мен көлдері қаланы сумен қамтамасыз етеді. 1921ж. 5 ақпанында аудан комитетінің салтанатты жиынында Верный қаласының атауын өзгерту туралы шешім қабылданды. Верный қаласы Алма-Ата деп аталынды. Бұл шешім бойынша Жетісу Әскери-революциялық комитет бұйрық шығарды: «Қаланың революциялық орталық мәртебесін алуына байланысты Жетісу әкімшілік орталығының атауы Алма Атаға өзгертілді».
1930 жылы Алматы әуе жолы ашылды, сөйтіп Қазақстан астанасы Мәскеумен әуе арқылы байланысқа ие болды.
Кішкене қалашықтың астанаға айналуы көптеген әкімшілік мекемелердің, тұрғын үйлердің салынуын қажет етті.
1929 ж. күзінде қала халқы 100 мың адамға жетті. 1926 жылы қала халқы 45 мың адамды құраған.

 

Тұрғын үй және мектеп құрылысы, сонымен қатар денсаулық сақтау мекемелер құрылысына бірінші болып беріле бастады.
Алматының Қазақстанның астанасы болуына байланысты 1936 жылы қаланың архитектуралық құрылысы жөнінде арнайы жоспар құрылды. Жоспардың басты мақсаты Алматы қаласын мәдени орталыққа айналдыру болды. Жоспар бойынша қалыптасқан тарихи маңызы бар құрылыстарды түбегейлі өзгерту және үлкейту негізделді.
1941-1945 ж. Ұлы Отан Соғысы жылдары қала аумағы үлкен өзгерістерге ұшырады. Бүкілодақтық тыл жұмыстарын ұйымдастыруда өнеркәсіптік және материалдық қорды концентрациялау үшін 45 мың шаршы метр жер берілді, 26 мың көшірілегендерді қабылдау үшін жер босатылды. Алматы қаласына майдан шегінен 30 өнеркәсіп орны, 8 госпиталь, 15 жоғарғы оқу орны, орта кәсіптік білім беру жүйесі, 20-ға жуық ғылыми зерттеу институттары, 20-дан аса мәдени орталықтар көшірілді. Ленинград, Киев, Мәскеу киностудиялары Алматыға ауыстырылды.

 

Тылдағы ерен еңбектері үшін 52 мың алматылық жоғары мемлекеттік марапатқа ие болды, 48 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Алматыда үш атқыштар дивизиясы (олардың танымалы 28-гвардиялық панфиловшылар дивизиясы), екі атқыштар бригадасы жіне үш авиациялық полк құрылды.
Верный қаласының тарихи жоспарланған жүйесі 1968 жылы қабылданған Алматы қаласының бас жоспарында негізделді.
Құрылыста түрлендіру мен сәйкестендіру архитектуралық тұрпаттың әр түрлі болуына себебін тигізді. Мектеп, аурухана, мәдени орталықтар, солардың қатарында Ленин атындағы Сарай, «Қазақстан» қонақ үйі, медеу спорттық кешені т.б. құрылыс орындары салынды. Қалада демалыс орындарын құруға, қалалық көліктің дамуына көңіл бөлінді. 1981 жылдан бастап метрополитен жобасы бойынша жұмыстар жүргізілді. Алматы қаласын дамытудағы жаңа бас жоба 1998-2020 жылдар аралығын қамтиды. Басты мақсат экологиялық таза, қауіпсіздік, әлеуметтік жағдайға қолайлы орта құру. Негізгі архитектуралық-құрылыстық мақсат Алматының «бау-бақша қаласы» атын сақтау мен дамыту. Жоспар бойынша көп қабатты үйлер салу, өндіріс орындарын дамыту, жол көлігін нығайту, метрополитен енгізу.
1993 жылғы шешім бойынша қала атауы Алма-Атадан Алматыға ауыстырылды.
1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үкімімен ел астанасы Алматыдан Астанаға ауыстырылды.
1998 жылдың 1 шілдесінде Алматы қаласының міртебесі туралы жаңа заң қабылданды. Бұл заң бойынша Алматы ғылыми, мәдени, тарихи, қаржылық және өндірістік орталық саналады.

Гауһар Тұрсынқожа