Тарихымызды қашан тірілтер екенбіз…

Римге барып қайттық. Италияға табанымыз тиген кезде ең алдымен ойыма оралғаны ежелгі ұлы Рим империясына билігі жүрген Аттила – Еділ бабамыз болды. Ойпырмай деймін, біз ұшақпен он сағатта әзер жеткен осы Римге ұлы империя болып тұрғанында біздің ғұн бабаларымыз сонау жер шетінен атпен жеткен ғой. Жетіп ғана қоймай билігін жүргізген, өздерін мойындатқан. Қалай бас имессің.
Спартак. Гладиаторлар. Құлдар көтерілісі. Рим немесе Италия десе осылар ойға оралады. Шындығында да қала аспан астындағы музей сияқты. Әр көшесі тарихынан әңгіме айтып тұр. Сондықтан да болар, көшедегі төртеудің біреуі турист.
Ежелгі Римдегі архитектуралық ескерткіші ішінде (біздің заманымыздың 75 — 80 ж) Колизе́й амфитеатры ерекше. Жалына неше мыңдаған адам осы тарих жәдігерін көруге келеді. Колизей қазіргі адамдар ойлағандай спорттық жарыстар өткізетін орын болмаған, бұл сол кездегі қоғам үшін көңіл көтеру орны болса, глодиаторлар үшін бірі-бірін өлтіргенге дейін айқасатын өмір мен өлім арасындағы жанталас алаңы болған.
Амфитетрға жоғарыдан қарап тұрып тек еріккендердің ермегі үшін осы жерде қаншама адамның қаны төгілді екен деген ой келеді. Бұл – тарих. Италияның өткен тарихы.
Бүгінгі күнгі Рим Қазақстанның Қытай мен Ресейден кейінгі маңызды сауда әріптесі. 2006 жылдан бері 10 жылда италиялық тікелей инвестициялар көлемі 6 миллиард долларды құрады.
Тағы бір ат басын тіреген жеріміз – Ватикан.
Қазақстан мен Ватикан арасындағы дипломатиялық қатынастар орнағанына ширек ғасырдан асыпты. Әрине, бұл жерде біз еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі байланыстарды айтып отырмыз. Алайда тарих тұңғиығына сүңгісек, дипломатиялық, мәдени байланыстар мен ақпарат алмасу ХІІІ – ХV ғасырлардың сілемдерінен табылып жатыр. Оған біршама уақыт бұрын Италия елінің Рим қаласына барған ғылыми зерттеу тобы Ватикан мұрағатынан Қазақстан тарихына қатысты баға жетпес құнды жәдігерлер мен деректер тапқаны дәлел бола алады. Нақтырақ айтқанда, Ватикан мемлекетінің мұрағаттары мен кітапханаларында жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында Колумбия университетіндегі тарих ғылымдарының профессоры Рафис Абазов пен “Қазақстан тарихы мен әлеуметтік ғылымдар” кафедрасының оқытушысы Кармине Барбаро Ватиканның құпия мұрағатынан қазіргі Қазақстан территориясы бедерленген 1664 жылы жасалған 6 бірегей карта мен ХІІІ – ХV ғасырларда Рим Папасының Түрік қағанына жазған хатын тауып алған болатын.
Осы екі елдің тарихын көргеннен кейінгі түйгенім – бізге де тарихты түгендеу керек. Жылдар бойы айтса таусылмайтын ғажайып тарихы бар елміз ғой. Өкініштісі, тарихты ат үстінде жүріп өздері қолмен жасаған, алайда Римдіктер сияқты тарихты жазып қалдырмаған көшпенді ел болғандықтан тарихымыз тарыдай шашылып жатыр.
Қазір Астанада күніне бір ғимарат бой көтереді десек, артық айтпайтын шығармыз. Жаңа заманның стиліндегі құрылыстар керек, әрине. Дегенмен «Отырар», «Баласағұн», «Талхир», тағы да басқа тарихы тартымды қалаларды сол кездегі ежелгі қалалар архитектурасымен тарихи кешен ретінде салса, қала тарихы ел тарихымен біріктіріле баяндалса қандай керемет болар еді.
Амал қайсы, қазірше туристер тылсым тарихын ішіне бүккен ежелгі сақ, ғұн, үйсін, маруанахр, моғол, дешті қыпшақ, тағы да басқа ұлы империялар тарихының куәсі ұлы далаға емес, Рим сияқты қалаларға ағылуда.
Әділбек Қабаның Фб парақшасынан