ТарМПУ-дағы тамаша кеш
Тәуелсіздік мерекесі күндері Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің химия-биология факультетінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты кеш өтті. Ұлттық санасы жаңғырту мен жастардың патриоттық сезімін жануды көздеген шараны факультет деканы Раушан Таубаева құттықтау сөзбен ашты.
-Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай.
Желтоқсан оқиғасында жалынды жастарымыздың басын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған ерліктерін кейінгі ұрпақ ұмытпайтыны ақиқат. Сол желтоқсаншының бірі ретінде өзім де мұзды алаңдаға қанды да, қайғылы оқиғалардың куәсі болдым. Ол кезде мен небәрі 1 курс студенті едім. Көп нәрсені түсінбей жастықпен алаңға шыққанымызбен, оны ескерген ешкім болмады. Ұл-қыз демей барлығын тегістей таяқтың астына алып, қаракөздерімізді шашынан сүйреп, итке талатты. Қазір көпке ол кездегі қанды қақтығыс өткен күннің елесіндей көрінетін шығар. Бірақ, бәрі көз алдымызда болды. Бұл біздің мәңгілік жадымызда қалды.
Бүгінгі егемендігімізге шүкірлік. Ол күндерді қайта көруді тағдыр басымызға жазбасын. Рухы биік, намысы жігер желтоқсаншыларымыздың асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау біздің басты парызымыз. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болсын. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай!, -деді Раушан Серікханқызы.
Бұдан кейін факуьтет жастарының ұсынуындағы мерекелік бағдарламаға кезек берілді. Студенттер көрермендер алдында қазақтың маңдайына біткен батыр ұлы Қайрат Рысқұлбековтың тұтқындалуы мен жазықсыз жаламен ату жазасына кесілгенін әсерлі сомдап, бойды шымырлата түсті. Сондай-ақ, жастар тәуелсіздік жайлы монологтарын оқып, жүрек жарды өлеңдерін үш тілде орындап кеш көркін кіргізе түсті.Ал «Аяла» тобының әндері желтоқсан ызғарын қайта сездіргендей күйге бөлеп, көптің көзіне жас алдырды. Осылайша, ерекше әсермен өткен мерекелік кеш көптің көкейінен шығып, жастарға тағылымды ой салды.
Айнұр Менлібекова,
ТарМПУ химия-биология факультеті деканының
тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары