Тәртіпке бағынған құл болмайды

Биліктің алдында тұрған мәселе көп, оның маңыздысы – қоғамдағы саяси ахуалды тұрақтандыру, тәртіпті қамтамасыз ету және жастармен жасалатын қылмыстың алдын алу. Осы мәселелер Талас ауданында өткен актив жиналысында облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен қаралған болатын.

Актив отырысында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров облыс прокуратурасының жергілікті уәкілетті органдарымен бірлесе жүргізілген жұмыс барысына тоқталды. «Біз өткен жылы облыста «Сенім маршруты» акциясы аясында аймақтағы тәртіпті нығайту мақсатында аудандармен бірлесе жұмыс істедік. Шешімін күткен мәселелерді бірге қарап, талқыладық. Аудан тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдап, олардың көтерген мәселелерін шешу жолдарын қарастырудамыз. Жалпы, ауданда 37 жүйелі мәселені белгілеп, сол бойынша жұмыстар қолға алынған. Бүгін біз осы мәселелер бойынша құрылған жоспардың барысын қарап, талқылауға келіп отырмыз», деді Нұрғалым Әбдіров.

Облыс прокурорының айтуынша, Талас ауданында қылмыстық құқықбұзушылықтар төмендегенімен, ұрлыққа қатысты қылмыстар өзгермеген. Ал, өкінішке қарай, азаматтар мас күйінде жасайтын қылмыстар ауданда 8 пайызға жоғарылаған. Өткен жылы аудан тұрғындары тарапынан 1670 арыз-шағым түскен. Оның сегіз жүзден астамы жер дауына байланысты тіркелген. Бірнеше қайтара түскен арыз-шағымдар да бар. Облыс прокуроры осы бірнеше рет түскен арыздармен жұмыс істеп, оның себебін анықтауды тиісті азаматтарға тапсырды.

Осыдан кейін Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков ауданда тәртіпті тұрақтандыру мен арыз-шағымдар бойынша және басқа да атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Сонымен қатар, аудан прокурорының міндетін атқарушы Марат Нарбаевтың да есебі тыңдалды. Ол ауданда кәсіпкерлердің құқығын қорғауда, білім мен салық бөлімдері тарапынан заңбұзушылықтарға жол берілгенін айтты.

Мәселен, бірқатар білім мекемелерінде үйде оқытылатын мүмкіндігі шектеулі балалардың ауруханада жатқаны, ол уақытта мұғалімдер сабақ өтпесе де, оларға бір миллион теңге көлемінде жалақы жазылып келгені анықталған.

Заңсыз жазылған қаржы бүгінгі таңда кері қайтарылған. Жастар арасында жасалған қылмыс та өскен. Айыппұлдардың өндірілуінде де орындалмаушылық жағдайлар тіркелген.
Облыс прокуроры жоғарыда аталған лауазым иелерінің есебін тыңдай келіп, айыппұлды өндірудің орындалуы керектігін айтып бұл жұмысты қолға алуды тапсырды.

Сондай-ақ, аудандық полиция бөлімінің бастығы Берік Махамбетов пен аудандық ұлттық қауіпсіздік комитеті бөлімшесінің басшысы Нұрлан Жанқадамовтың есептері де тыңдалды. Олардың жыл ішінде атқарған жұмыстарының қорытындылары бойынша сұрақ аз болмады.

– Құқықтық тәртіпті нығайту – жауапкершілікті арттырады. Әрбір мемлекет қызметкері өз қызметіне, міндетіне жауапкершілікпен қарағаны абзал, – деді жиын қорытындысында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.

Марат ҚҰЛИБАЕВ
Талас ауданы