ТАРТЫСТЫ ДОДАДА мықтылар мінберге көтерілді
Өткен аптаның соңында Ұлытау ауданында облыс, қала және аудандардың мәслихат депутаттары мен аппарат қызметкерлері сондай-ақ, әр деңгейлі қоғамдық кеңестер мүшелері арасында І облыстық спартакиада өтті. Оған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мұрындық болды.
Сайысқа Ұлытау облысы, Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларының, Жаңаарқа және Ұлытау ауданының командалары қатысты. Спорттық іс-шара ҚР-ның Мемлекеттік Әнұранымен ашылды.
Жарысқа қатысушыларды Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов пен Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
– Біз өз сайлаушыларымыз алдында абыройымызды да, беделімізді де жоғары ұстап, елге үлгі болуымыз керек. Міне, осы мақсатта алғаш рет осындай үлкен спорт бәсекесін ұйымдастырып отырмыз. Бұл дода келешекте де өз жалғасын табатын болады. Баршаңызға жарыста сәттілік тілеймін, – деді Бауыржан Қабденұлы өз сөзінде.
Жарыс басталмас бұрын әуелі қатысушыларға жарыстың түрлері мен тәртіптері таныстырылды. Бұдан соң халық қалаулырапы мен қоғам жанашырлары бәсекелерін бастап кетті.
Орайы келгенде айта кетейік, облыстық спартакиада ойындары волейбол, шахмат, дойбы, арқан тартыс, кір тасын көтеру, үстел теннисі сайыстары бойынша өткізілді. Нәтижесінде әр спорттық ойын түрлерінен жекелей және командалық ойын бойынша үздік шыққандар марапатталды.
Жалпы, командалық есеп бойынша ІІІ орынды Қаражал қаласы, ІІ орынды Ұлытау ауданы, І орынды Жаңаарқа ауданы жеңіп алды.
Жарысқа әр аймақтан жастармен бірге бұрында осындай додаларда танылып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жандар да болды. Солардың бірі Қаражал қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі – Жұмағали Аймағамбетов те болды. Жұмекең екі бірдей жарыс түрінде бақ сынасты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевт өз Жолдауында өңірлерде спортты дамыту, заманауй спорт кешендерін ашу арқылы спорттың бұқаралығын арттыру жайлы айтқан болатын. Президентіміздің осы тапсырмасын орындау мақсатында Ұлытау облысында, біздің Қаражал-Жәйрем өңірінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі ұлт ұясы Ұлытауда өтіп жатқан мына спартакиада да соның бір айқын айғағы. Ал, бұл долаға елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды деген халық қалаулылары мен қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат аппараты қатысып, елге үлгі болып отыр. Жеңісті күндеріміз көп болсын. Әлемнің әр аймағында өтетін байрақты спорт бәсекелерінде Көк байрағымыз дүркін-дүркін желбіресін, – деді қаражалдық әуесқой спортшы Жұмағали Аймағамбетов.
Сонымен алғашқы спартакиада да аяқталып, жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы кубоктар табыс етілді. Ал, қапы кетіп, есе жіберіп алғандар келер жылы қарымта қайтаруға белдерін буынды. Өйткені, ІІ облыстық спартакиада ойындары ендігі жылы Жаңаарқа ауданында өткізілетін болып келісілді.
– Бұл спартакиаданы ұйымдастырудағы басты мақсат – спорттың бұқаралығын арттыру. Екінші жағынан жаңадан құрылған облыстын әр өңірдегі мәслихат детутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, аппарат қызметкерлері бір бірімен жақын таныссын деген де ой. Ол ойымыз орындалды да. Жарыс тартысты өтіп, мықтылар жеңіс мінберіне көтерілді. Ең бастысы, әр аймақтан келген әріптестер жақынырақ танысып, білісті, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дидар Мүтәліпов ағынан жарылып.
Ізтай Белгібайұлы.