Тарылмасыншы пейілің, қажет бізге – мейірім

Бұл – ерекше балалардың ұраны. Қоршаған ортаға, қоғамға деген хабарландыруы. Биылғы статистикалық мәлімет облысымызда 18 жасқа дейінгі ерекше балалардың саны 7922 екенін көрсетеді. Яғни, 8 мыңға жуық баланың қалауы – осы.

Әр бала – индивид. Барлық бала өздерінің физикалық мүмкіндігіне, ақыл-ойына, басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, ортақ оқытылатын оқыту процесіне қатыса алады. Біздегі білім ерекше балаларға қатысты кез келген кемсітушілікті жоққа шығарып, барлық адамдарға бірдей қарым-қатынасты қамтамасыз етеді.

Бүгінде аймағымыз бойынша оқумен қамтылған 6233 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Олар осы бағытта жұмыс істейтін 30 арнайы мекеме мен кабинеттерде білім алады. Бұдан бөлек, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды үйде оқыту, қашықтан оқыту түрлері де қолданылады. Біздің қоғамның да ақсаған тұсы дәл осы жер.

Даму мүмкіндігі шектеулі балалардың қалыпты балалармен бірге оқуы ойдағыдай жүргізілгенімен, үйден оқыту мәселесіне келгенде жауапты мамандар жауапсыздық танытып отыр. Облыстың 200-ден астам педагогы мүмкіндігі шектеулі 225 балаға мүлдем сабақ бермесе де, заңсыз жалақы алып келген. Алайда, облыстық білім басқармасының мамандары мұғалімдердің жалақысы жүрген уақытты балалардың күндізгі стационарларда ем алып жатқан уақытымен байланыстырып отыр.

Десе де, облыстық білім басқармасы аудандық, Тараз қалалық білім бөлімдерінен бұл заңбұзушылыққа жол берген басшылар мен жауапты мамандардан түсініктемелер алған. Алайда, берілген түсініктемелерге сәйкес, кейбір балалардың денсаулығы бойынша порталға тіркелгенімен, ауруханаларға жатпағандары да белгілі болып отыр.

Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларды үйден оқытудан кеткен заңсыздықтың ең көбі Байзақ ауданында тіркелген. «Байзақ ауданы прокуроры мүмкіндігі шектеулі үйде оқытылатын балалардың еңбекке жарамсыздық парағының негізінде әртүрлі себептермен білім алмау деректеріне зерделеу жұмыстарын жүргізу мақсатында мемлекет есебіне келтірілген залалды анықтау үшін арнайы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Мемлекет есебінен келтірілген залал сомасы толық есептеліп, 2023 жылдың 12 қаңтарында аудандық прокуратураға жолданды. Осыған орай балалардың білім алуына жауапты мектеп директорларының орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – дейді Байзақ аудандық білім бөлімінің заңгері Мейіржан Тәжібайұлы.

Жалпы, осы уақыт аралығында заңсыз төленген 24,1 миллион теңге түгел қайтарылып, 78 педагогке тиісті тәртіптік шаралар қарастырылған. Қоғам белсенділерінің айтуынша, бұл мәселе бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Бұрын да болған. Бола береді де. «Ерекше балалардың барлығы бірдей мұғалімдердің берген білімін қабылдай бермейді. Олардың өз құрдастарымен келіп білім алатын мүмкіндігі болса, арнайы инклюзивті кабинеттерге келер еді ғой. Демек, олардың жағдайы басқаларына қарағанда өзгеше.

Әйтсе де, ұстазы оны бөліп қарастырмайды. Қандай жағдай болмасын, балаға барып, өзінің үздік методикасымен сабағын өтуі керек. Оның балаға көмегі тиюі керек. Алайда, кейде ата-аналар тарапынан да «Бүгін үйге келмей-ақ қойсаңыз бола ма?» деген сынды өтініштер де түседі. Сондықтан, ерекше балалардың ішінде білімді қабылдай алатын, алмайтын жағын қарастырып, оны падагогтерге жүктеу, жүктемеу мәселесін де қайта қарау керек сияқты», дейді әлеуметтанушы Ерлан Қуантқанұлы.

Қалай десек те, бұл себептер мұғалімдердің әрекетін ақтап ала алмайды. Бұл жер бетіндегі жағымсыз әрекеттерден жиреніп, тек жақсы дүниені үйретуді құнттайтын ұстаздардың атына сын.

Гүлжан РАХМАН