Тасқын қаупі сейілмей тұр

Батыс Қазақстан облысында су тасқыны қаупі әлі де жоғары. Бұл туралы күнделікті жауапты мамандар дабыл қағып, тілсіз жаудан қорғану алгоритмдерін түсіндіруде.

Облыстық ТЖД мамандарының хабарлауынша, қарғын судың салдарынан өңірде 10 елді мекенге қатынас үзілген.

 
“Күні бүгінге дейін өңірдегі 581 үй мен олардың аулаларын, бұлардан бөлек 245 ауланы, саяжайлардағы 427 үйді су басса, ал автожолдардағы 70 учаскеден су өтіп, 60 учаскесін су шайып кетті” деп мәлімдеді төтеншеліктер. Қазіргі уақытта облыс аумағы мен Орал қаласында, төрт ауданда енгізілген төтенше жағдай режимі сол күйі өзгеріссіз. Сонымен қатар қауіпсізге жерге көшірілген 7 мыңнан аса тұрғынның жартысы — балалар.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев журналистерге  берген сұқбатында Жайық өзенінің деңгейі биыл шамадан тыс 10 метрге дейін көтерілуі күтілетінін айтты. Осыған байланысты өзен жағасындағы бөгеттерді биіктету, су тасқыны қаупі бар аумақтарда қорғанысты күшейту жұмыстары жүргізілуде.
Бұл іс-шараларға ерікті түрде тұрғындар да тартылуда. Кеше облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңір жұртшылығына үндеу жариялап, су тасқынының екінші кезеңі басталғанын хабарлап: — Облысымызға жақын Ресейдің Саратов және Орынбор облыстарындағы су қоймаларынан көп мөлшерде су жіберілуде. Бұл 30 жыл бұрын болған жағдайдан да күрделі, — деген болатын. Сондай-ақ жерлестерімізді сын сағатта сабыр сақтап, тек ресми мәліметтерге ғана сенулерін өтінді.
Ескерту: суреттер «Жайық пресс» сайтынан алынды.

Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы