ТАСПЕН АТҚАНДЫ – АСПЕН АТ

Данышпан бабаларымыз «Таспен атқанды – аспен ат» деген мәні аса терең нақыл сөз қалдырыпты. Бұл ғажап өсиеттің тағы бір нұсқасы былай айтылады: «Жамандыққа жамандық – ез адамның ісі, Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі!»

Осы ғаламат мақалды алғаш естігенде керемет сүйсінгенім, осындай аталы сөз айтқан ата-бабаларыма іштей бас игенім, таңырқап-тамсанғаным есімде. «Бұны айтқан адам – не деген данышпан, не деген асқақ адам! Адамшылықтың бұдан артық үлгісі болмас!» деп толғанғанмын! Осындай ұстанымы бар Ұлтым үшін мақтаныш сезімі кеудемді кернеген!

Кейін Қасиетті Құраннан мына аятты көргенде, ата-бабамның анық данышпан екенін, оның бір себебін түсініп, тағы шаттандым: «Жақсылық пен жамандық – тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық жаса) Сол уақытта араларыңда дұшпандық болған адам – өте жақын достай болып кетеді. Бұл қасиет – сабыр еткендерге ғана нәсіп болады. Сондай-ақ, бұл сипатқа зор несібелілер ғана ие бола алады!» («Фуссиләт» сүресі, 34-35-аяттар.)

Аяттан алар тағлымымыз сол: Жамандыққа жақсылық жасау үшін адам бойында әуелі «сабыр» деген қасиет әбден орнығуы керек. Өйткені, бірден ашу мен әрекетке бой ұрған адам, болған жайды сарабдал ақылға салмаған адам ашуға бой ұрып, Ақыреттің қамын емес, нәпсінің қалауын іске асырады. Ал ақыреттік сауап пен Жаратушы Иесінің разылығын ойлаған жанның екі дүниедегі несібесі зор болатыны – сөзсіз. Расында, иман келтірген адам үшін Раббысының разылығынан артық еш нәрсе жоқ. Сол себепті сабыр – сауаптың негізі, кешіру – кешірілудің себепшісі, мейірімді болу – мейірімге бөленудің шарты екенін түсінген әрбір мұсылман мінезінің көркем, әрекет-амалының дұрыс болуына мән береді.

Қасиетті Құран аяттарына сүйенсек, адамның жалпы үш түрлі рухани даму сатысынан өтетінін байыптаймыз. Алғашқы сатыдағы пенде: «Сен маған, мен саған» немесе «жанға жан, қанға қан» деген қағидамен өмір сүреді. Екінші сатыға көтерілген пенде кектен гөрі кешірімді, жазадан гөрі жанашырлықты алдыңғы орынға шығарады. Ал, рухани дамудың үшінші сатысына көтеріле алған адам жамандыққа жақсылық жасай алатын қабілетке ие болады екен. Бұл жайлы былай делінеді: «Бір жамандықтың жазасы – өзіндей ғана жамандық. Сонда кім кешірім етіп жарасса, онда оның сыйлығы – Аллаға тән. Күдіксіз, Ол залымдарды жақсы көрмейді… Әрине, кім сабыр етіп, кешірімді болса – дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы!» («Шура» сүресі, 40,43-аяттар.)

Құдіретті де Мейірімді Иеміз осылайша Құран Кәрімнің бірнеше аяттарында әділетті жазадан кеңпейіл кешірімнің артық екенін; сабыр етіп, кешірімді болудың ең маңызды іс екенін ескертіп отырады. (Рас, кейде кешірімнің әлсіздікпен, кексіздіктің тексіздікпен, кеңдіктің намыссыздықпен ұласып кететіні кездері болады. Бұны ажырату үшін сарабдал ақыл, сезімтал жүрек, таза ниет қажет…) Әрине, мұндай кешірімнің ар жағында адам баласына деген, одан арысы барлық тіршілік иелеріне деген жанашырлық пен мейірімнің жатқандығында еш талас жоқ. Шындығында, бүкіл әлемді Өзінің Құдіреті мен Мейірімін таныту үшін және Өзіне ғана шүкірлік-құлшылық жасаулары үшін жаратқан Ұлы Жаратушының пенделерінен талап етер басты міндеті – мейірім мен жанашырлық. Сол себепті де Әлемдерге рахмет-мейірім ретінде жіберілген сүйікті Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) да бізге мейірім мен кешірімді басты өмірлік ұстаным қылуымызды өсиет еткен: «Дүние мен Ақырет тұрғындарының ең жақсы қасиеті неде екенінен хабар берейін бе? Сенімен қатынасын үзгендерге дұрыс қатынас жасау, саған бермегенге беру және саған әділетсіздік істегендерді кешіру» (Хаким жеткізген).

Мысал ретінде ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) Мекке қаласын ашқан кездегі өзіне зұлымдық жасаған барша адамдарды еш жазасыз үйлеріне қайтарған оқиғасын алсақ: бұл кешірім – арадағы пенделік қарым-қатынасты түзеген жалаң кешірім емес, адамның адасудан арылып, қараңғылықтан жарыққа шығуына сеп болған керемет кешірім еді! Мұндай кешірімге ие болғандар иман шуағына бөленіп, Ислам нұрына қауышқан болатын. Олар өмірге жаңа келгендей, жан-дүниелері тұтас түлеп, қайта туылғандай өзгерісті бастарынан кешкен еді! Сондықтан да бұл кешірім – жамандыққа жасалған жақсылық еді! Ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) кешірімі арқылы өзіне өлім тілегендерге өмір сыйлаған болатын: жалған дүниедегі уақытша өмірлеріне мән-мағына мен абырой сыйлады әрі Ақыреттегі мәңгілік өмірге деген үміт пен ұмтылыс сыйлады! Жақсылықтың да жақсылығы бар. Алайда, өзің сияқты жұмыр басты пенденің имансыздық құрдымынан құтылғанын, немқұрайдылық дертінен айыққанын көруден артық қандай бақыт бар?! Соған себепші болудан артық қандай жақсылық болуы мүмкін?!..

Адамшылықтың асқақ үлгісі болған ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) келесі бір өсиетінде былай делінеді: «Жақсылыққа жақсылық жасау – жетістік емес, нағыз жетістік – жамандыққа жақсылық жасау!» (Тирмизи жеткізген)

Жамандыққа жақсылықпен жауап беру үшін әуелі қара бастың қамынан, нәпсінің шырмауынан көтеріле алған кең көзқарас – жалпы өмірдің мәні мен мағынасын түсінген имани таным керек. Сол таныммен суғарылған мейірлі жүрек, ізгі тілек қажет. Бұл жайлы ой толғаған атақты сахаба, Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) күйеу баласы Хазіреті Әли (Ол кісіге Алла разы болсын!): «Жүрегін кек жаулаған адам пайдалы істер істей алмайды. Өйткені, жүрек екі қарама-қайшы әрекетті бір жерге жинақтайтындай кең емес», — деп ескертеді. Яғни иман мен ізгі амалдың шуағы арқылы, кешірім арқылы жүректі тазарта білгенде ғана, жамандыққа жақсылықпен жауап бере алады екенбіз.

Ақиқатында, жамандыққа жақсылық жасау – жалған өмірдегі пенделік-нәпсілік қанағаттан гөрі Ақыреттегі зор сауапты, адамдардың мақтауынан гөрі Алла Тағаланың разылығын артық көрген жанның қолынан келер шаруа! Өйткені, абыройыңа нұқсан, өміріңе зиян тигізіп жатқан пендені кешірудің өзіне кең кеуде, мейірлі жүрек, сәулелі сана керек. Ал, енді саған жамандық жасаған адамға жақсылықпен жауап беру үшін, шын мәнінде мызғымас иман, ғаламат жігер керек: бір сәттік ләззат пен бір күндік пайда үшін бәріне дайын өзімшіл, менмен нәпсі мен әзәзіл шайтанның азғыруына қарсы тұра алатындай қайсарлық пен табандылық қажет! Яғни, әуелі өзіңді өзің жеңуің керек. Сын өмірдегі күрестің үлкені де осы!

Иә, бүкіл жаратылысты Ұлы Жаратушының мүлкі деп білген, өзіне тілеген жақсылығын бауырына да тілеген, сол себепті әр пенденің Ақыретін, қайта тірілетін күнгі жағдайын ойлаған адам – кешіре де алады, жамандыққа жақсылықпен жауап та бере алады. Аталарымыз айтпақшы, «Су бермегенге сүт беру» үшін, «Таспен атқанда аспен ату» үшін ар-иман басқару керек адамды!…

Алла Тағала баршамызға жамандыққа жақсылықпен жауап беретін Ерлердің қатарынан болуымызды нәсіп етсін!

 

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ