Татарстан дәрігерлері келді

Жамбыл облысына Татарстан Республикасынан бір топ дәрігерлер келді. Шетелдік мамандар медициналық көмек көрсету, коронавирус инфекциясы мен пневмонияны емдеу бойынша тәжірибе алмасу мақсатында ат басын бұрған.

Татарстан дәрігерлері отырған ұшақ кеше кешке Тараздың Әулие-Ата халықаралық әуежайына келіп қонды. Делегацияны облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов және «Тараз» ӘКК»ҰК» АҚ басқарма төрағасы Олжас Каржауов күтіп алды.

Келген дәрігерлердің қатарында дәрігер-инфекционист, анестезиолог-реаниматолог, эпидемиолог және амбулаториялық-емханалық қызметтің мамандары бар.

Бүгінгі күні өңірде коронавирустық инфекциямен және пневмониямен сырқаттанушылық жағдайының тұрақтану үрдісі байқалғанына қарамастан, шетелдік әріптестердің тәжірибесі де өз нәтижесін береді деп күтілуде.

Марат Жұманқұловтың айтуынша, Татарстаннан келген мамандар коронавирус пен пневмония аймағындағы емдеу хаттамаларымен танысып, жергілікті дәрігерлерге консультациялық және әдістемелік көмек көрсетпек.

— Келгендердің барлығы жоғары санаттағы білікті мамандар. Олар облыстық денсаулық сақтау жүйесінің, коронавирус және пневмониямен ауыратын науқастарды емдеумен айналысатын ұйымдардың жұмысымен танысатын болады. Бұл ауруханалардан бөлек емханалық нысандарға, орталық аудандық ауруханаларға да жоспарланған. Ресей Федерациясында ковидті емдеудің жақсы тәжірибесі қалыптасты. Менің ойымша, ресейлік мамандардың келуі бізге кейбір мәселелерді қайта қарап, осы бағыттағы жұмыстарды жақсарта түсуге мүмкіндік береді, — деді М. Жұманқұлов.

— Бұл екі жақты сапар. Біз біреуге бірдеңе үйрету үшін емес, коронавирустық инфекциясын емдеудегі тәжірибелерімізді салыстыру, ауыр науқастарды күту моделі, медициналық көмек көрсету құрылымының қалай ұйымдастырылғанын көру, өз тәжірибеміздің тиімді тұстарымен бөлісу мақсатында келдік, — деді Татарстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық клиникалық онкологиялық диспансерінің анестезиолог-реаниматологы Александр Ванюшин.

Ал, Олжас Қаржауовтың айтуынша, Татарстан Республикасы басшылығымен дәрігерлер арасында ғана емес, сонымен қатар екі елдің бизнес өкілдері арасында да екіжақты ынтымақтастық туралы келісім орнатылған.

— Әзірге пандемияға байланысты бұл келісім толығымен жүзеге аспай отыр. Болашақта карантин аяқталып, әлемдегі жағдай тұрақтанған кезде біз Татарстанға тәжірибе алмасу мақсатында жамбылдық кәсіпкерлерді, оның ішінде фармацевтикалық компаниялардың өкілдерін, дәріханалар желісінің иелерін және тағы басқаларды жіберуге ниеттеніп отырмыз, — деп түсіндірді О.Қаржауов.

Айта кету керек, бұл шара облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен келісімі бойынша Ресей Федерациясындағы Қазақстан Елшілігінің және мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен ұйымдастырылған.

Түркиядан көмек келіп, мүмкіндіктер қарастылып жатыр

Елімізде қалыптасып отырған пандемия жағдайына байланысты Қордай ауданында бірқатар жұмыстар жүзеге асып отыр. Аудан әкімі Рүстем Дәулеттің қолдауымен аудандар арасында ең алғашқы болып қордайлықтар 19 ауылдық округтің тұрғындарына коронавирус індетінен сақтану туралы жадынаманы еріктілердің көмегімен таратқан болатын. Қазіргі таңда қордайлықтардың бұл сәтті бастамасы өзге аудандарда да жүзеге асырылуда. Рүстем Рысбайұлы ауылдарды өзі де жиі аралап, тұрғындармен жүздесіп: «Әр азамат өзін өзі сақтап бетперде киіп, таза жүріп,талапқа сай болуы тиіс. Көпшілік

жиналған жерге себепсіз бармауы қажет. Сонда біз бұл індетті жеңе аламыз»,- деп сақтандырып келеді.

Қазіргі таңда Қордай ауданында коронавирустың 116 симтомды түрі, 157 симтомсыз жағдайы тіркелген. 10 адам пневмониямен ауыратыны анықталып, есепке алынды.

Індеттің алдын алуға қатысты шаралар үздікіз жүргізілуде. Аудан әкімі бұл мәселелерді демеушілерді тарту арқылы шешуді көздеп отыр. Осы кезге дейін 9 дана өкпеге ауа беру концентраторы демеушілердің есебінен сатып алынып, аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ, қайырымды кәсіпкерлер үш дана ИВЛ аппаратын және 10 дана пульсопсиметр сатып алып беріп, сын сағатта науқастардан көмегін аямауда.

Ауданда 38 дәріхана жұмыс істеп тұр. Дәріханалар 25600 бетпердемен, 5910 дене қызуын түсіретін дәрілермен, 5910 антибиотиктермен, 5298 вирусқа қарсы дәрілермен қамтылған. Карантин жағдайына байланысты 11 мобильдік бригадалар 11 автокөлікпен қамтылып, жұмыстарын кедергісіз атқаруға мүмкіндік алды. Олар халық көп шоғырланған орындарда тәулігіне 3 рет рейд жүргізіп, карантин талаптары сақталуын үнемі қадағалауда. Ал тұрғындар арасында ақпараттық — түсіндіру жұмыстары БАҚ және әлеуметтік желілерде үздіксіз жүргізілуде.

Бүгінгі таңда Түркия елінен Қордай ауданына гуманитарлық көмек жеткізілген. Онда бір реттік қорғаныс киімдері мен жеке қорғаныш құралдары жинақталған 25 дана қорапта 450 жиынтық қажетті көмек бар. Гуманитарлық көмекті бауырлас елдің өкілдерінен аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангөзов пен аудандық аурухананың басшылығы қабылдап алды. Ал ауданға белгілі кәсіпкер Сәрсебек Салыбаев аудандық орталық аурухананың жүзден астам қызметкеріне түскі ас ұйымдастырып, індетпен үздіксіз күресіп жатқан жандардың алғысына бөленсе, Қордай ауылындағы «Рахман» мешітінің жамағаттары аудандық аурухананың асханасын 100 адамға арналған азық-түлікпен қамтуда. Кәсіпкерлер мұндай қайырымды шараны алдағы уақытта да жиі жалғастыруды көздеп отыр.

Қордай ауданы