ТӘТТІ ТҮБІР ЕГУГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ЖОҚ. НЕГЕ?
Биыл облыс диқандары ауа райының қолайлы болуына байланысты көктемгі дала жұмыстарына ерте кірісті. Облыс орталығына жақын орналасқан Жамбыл ауданында да даладағы дүбір бүгінде қыза түскен. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 59822 гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 408 гектарға артық. Аудандық жер балансында ауыл шаруашылығы мақсатында – 59672, оның ішінде агроқұрылымдардың пайдалануында – 56510, жеке қосалқы шаруашылықтарда 3462 гектар жер бар. Биыл 34 756 гектар алқапқа жаздық дақылдар орналастыру жоспарланып, 28960 гектар сүдігер көтерілген.
12 наурызға дейін жоспардағы 5796 гектар алқаптың 3130 гектары айдалып, жоспар 54 пайызға орындалған. 10255 гектарға себу алдындағы өңдеу жүргізілген.13700 гектарға жоспарланған жаздық арпаның 5595 гектары себілген. 4690 гектар алқапқа себілуі тиіс көпжылдық шөптің – 2090, 595 гектар алқапқа отырғызылуы тиіс картоптың – 25, 8835 гектар көкөністің 1620 гектары отырғызылған. Көктемгі дала жұмыстарына жұмылдырылатын ауыл шаруашылығы техникалары 100 пайыз дайындалып, дала төсіндегі дүбірге тартылуда.
– Биылға жаздық арпа, жаздық бидай, мақсары, дәндік жүгері, қант қызылшасы, жоңышқа, картоп секілді жаздық дақылдардың егіс көлемі 22 705 гектарды құрап отыр. Оған қажетті тұқым көлемі 4 812 тонна, бүгінгі күнге қолда бары 3766 тонна, бұл – 78,3 пайыз.
Биыл аудан бойынша 13700 гектар жаздық арпа себуді жоспарлап отырмыз. Шаруашылықтарда осыкөлемге 2192 тонна тұқым дайындалған. Себу мерзімінің жақындап қалғанына қарамастан дайындалған тұқымды зертханалық сараптамаға өткізу өз деңгейінде жүргізілмей отыр. Бүгінге қажетті көлемнің 1438 тоннасы сараптамаға өткізіліп, 65,6 пайызды құрады.
Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 780 тонна кепілдендірілген дизель жанармайы бөлініп, таратушы операторлары болып аудандағы «Таң» және «Sam OIL» ЖШС белгіленіп, аудан әкімімен меморандумға қол қойылды.
Көктемгі дала жұмыстарына 455 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Бүгінге «Таң» ЖШС арқылы 11,73 тоннасы шаруашылықтарға таратылды. Жанар-жағармай стансаларында дизельдің бағасы 227 теңге болса, кепілді жеңілдетілген баға – 174 теңге.
2022 жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан барлығы 2413,6 тонна, оның ішінде аммиакты селитраға – 1902,5, аммофос – 383,1, нитроаммофос – 125,9, сульфат аммоний – 1,3, сульфо аммофос 0,7 тонна минералды тыңайтқышқа тапсырыс берілді, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Лаурат Аманов.
Кезінде қант қызылшасын өсірумен де аты шыққан ауданда «тәтті түбірді» егуге шаруалардың белсенділігі төмендеп кеткен. Былтыр су тапшылығы салдарынан бірқатар шаруашылықтарда өнім төмен болды. Биыл 700 гектарға ғана орналастыру жоспарланыпты. Соның салдарынан кейбір шаруашылықтар қант қызылшасының көлемін азайтуды көздесе, кейбір шаруашылықтар мүлдем екпейтін болған.
«Су тапшы» деп ата кәсіптен шаруалардың біржола күдер үзіп кеткісі жоқ. Әзірге 6 шаруашылық 252 гектар алқапқа қант қызылшасын егуге ниет білдіріпті. Оның үстіне қазіргідей қант бағасы шарықтап кеткенде облыста өндірілетін өнім шаруалардың өздеріне де, жамбылдықтарға да тиімді.
Өзен-көлдің суынан үміт күту «аспандағы айға қол созудай» болып бара жатқанын шаруалар түсінеді. Тауға қардың аз түсуінен су қоймаларынан алатын суға да сенім жоқ. Сондықтан да су үнемдеу технологиясын көптеп енгізу күн тәртібіне өткір қойылуда. Бұл жағынан келгенде ауданда атқарылып жатқан біршама тірлікке көз жеткіздік. Былтыр аудан бойынша тамшылатып, жаңбырлатып суғарылған алқаптар көлемі 5602 гектарды құраса, биыл мұны қосымша 1700 гектарға ұлғайтып, 7302 гектарға жеткізу жоспарланған. Егістік жерлерге ұңғыма қазып, іске қосуға келсек, биыл шаруашылық құрылымдарының иелері егін шаруашылығы мақсатында қолдануға 30 ұңғыма қазуды көздеп отырса керек. Егістік маңындағы суармалы жердің көлемі 842,6 гектарды құрайды.
Айша бибі ауылдық округіндегі «Азамат» шаруа қожалығында – 1, Ерназар ауылдық округінде «Кеңестөбе» шаруа қожалығында – 2, Ақбастау ауылдық округінде «Шәйкүл-Әже» шаруа қожалығында 1 су ұңғымасы қазылып, пайдалануға дайын.
Аса ауылдық округіне қарасты Қуат каналының 10,0, Ақбастау ауылдық округіне қарасты Медрасіл, Таңатар, Құлжабай каналдарының 3,1, Ерназар ауылдық округіне қарасты Базарбай және Шиелі каналдарының жалпы ұзындығы 8,5, Қызылқайнар ауылдық округіне қарасты Ақжар каналының 1,2, барлығы 22,8 километр болатын 7 канал «Асар» жобасымен тазаланған. Ал «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Аса» өндірістік бөлімшесі тарапынан бүгінгі күнге жалпы ұзындығы 44 километр 15 каналды қамыс, ағаш бұтақтарынан және қоқыстардан тазалаған.