ТАУ БАУРАЙЫНДАҒЫ АЩЫСАЙ АУЫЛЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласы, Ащысай ауылына барды. Жергілікті тұрғындармен, қоғам белсенділдерімен кездесіп, ауылды дамыту мәселесін талқылады.
Бүгінде ауылда 1 мектепке дейінгі мекеме, 2 мектеп, 1 Мәдениет үйі, 1 кітапхана, 2 спорт алаңшасы, 1 почта байланыс бөлімшесі бар.
Облыс әкімі Мәдениет үйінде болып, жай-күйімен танысты. Жергілікті тұрғындардың ұсыныстарын тыңдады. Тұрғындар ауылға газ тарту, жол салу, туризмді дамыту мәселелерін көтерді. Мәдениет үйін жөндеуден өткізу жөнінде өтініш айтылды. Сонымен бірге балалар лагерін ашу, демалыс орындарын көбейту, инфрақұрылымды жақсарту туралы ойлар қозғалды.
Одан кейін «Ащысай» дәрігерлік амбулаториясы мен «Сәуле» балабақшасына барды. Ауылдағы әлеуметтік нысандардың жай-күйі сараланды.
Дархан Сатыбалды «Ащысай» түсті металл комбинатының Ащысай руднигіне қарасты металлургиялық цехының қалдықтар қоймасы мен ауыл шетіндегі өндірістік шахтаға да барып, қазіргі жағдайымен танысты. Өндіріс орындарын ашу бағытындағы ойлар айтылып, ұсыныстар тыңдалды.
– Ащысай ауылын дамыту мәселесін жан-жақты қарастырамыз. Егер жұмыс орындары болмаса, тұрғындар көшін шектей алмаймыз. Сондықтан бірінші кезекте жұмыс орындарын, кәсіпорындар ашу мәселесін шешуге күш саламыз. Жергілікті тұрғындар, кәсіпкерлердің бастамаларын қолдаймыз. Тау-кен орындарын барлап, зерделеу жүргізу керек. Жауапты басқармалар өздеріңізде бар мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар арқылы қолдау көрсетіңіздер. Екіншіден, туризмді дамытуға инвестиция тарту жолын қарастырайық. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Кентау қаласының әкімі мен басқарма басшыларына Ащысай ауылын дамыту бойынша жоспар әзірлеуді тапсырамын. Осы аймақтан түлеп ұшқан азаматтар да туған жерді түлетуге үлес қосады деп ойлаймын, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға уақыт берді.
Кезінде өндірісімен танылған Ащысай ауылында қазір 2 мыңға жуық тұрғын бар. Ауылда жалпы 15,12 шақырым жол болса, оның 11,7 шақырымына асфальт төселген. Тұрғын үйлер саны 336 болса, мемлекеттік мекеме ғимараттары – 13. Ал жеке кәсіпкерлер ғимараттарының саны – 5. Ауыл электрмен, ауыз сумен қамтылған. Ащысай тау-кен өндірісі мүмкіндігін зерттеу, қазбаларды кәдеге жарату бойынша жауапты министрлікке ұсыныс хат жолданған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі