«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Атырауға келді
Атырау жеріне келіп жеткен «Тәуелсіз Қазақстан» пойызын атыраулықтар салтанатты түрде қарсы алды. Бұл пойыз Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып Астанадан шыққан болатын.
«Тәуелсіз Қазақстан» пойыз делегаттарын күтіп алушылар қатарында Атырау облысының әкімі Айгүл Теміртасқызы Әжіғалиева, облыстық және қалалық әкімдігінің өкілдері, ҚХА мүшелері, мемлекеттік мекемелердің, этномәдени бірлестіктердің, жоғарғы оқу орындарының өкілдері, жастар, қала тұрғындары мен қонақтары, журналистер болды.
Іс-шара барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары А.Т.Әжіғалиева қонақтарға «Атырау жеріне қош келдіңіздер», — деп ізгі тілегін білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы акциясының штаб жетекшісі Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарихшы Әміржан Әлпейісов қала тұрғындарын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдық айтулы мерекесімен шын жүректен құттықтып, арнаулы пойыз делегаттарымен таныстырды. Бұл пойызда түрлі құзырлы орган өкілдері, дәрігерлер мен заңгерлер бар екенін айта отырып, акцияның маңызын атап өтті.
23 қараша күні арнаулы акцияның қатысушылары түрлі ұйымдарда және мемлекеттік басқармаларда ұйымдастырылған қоғамдық қабылдауларға қатысты. Теміржол гоститалінде және №3 қалалық емханада астаналық дәрігерлер емделушілерді кезегімен қабылдап, кеңес беріп, арнайы ем алу үшін Астананың және Алматының ғылыми орталықтарына жолдама берді.
Сондай-ақ, поезд делегаттары Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Тұңғыш Президент күніне арналған «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНДАҒЫ ПРЕЗИДЕНТТІК ИНСТИТУТТЫҢ РӨЛІ МЕН МАҢЫЗЫ» атты облыстық ғылыми – тәжірибелік конференциясы өткізіп, онда тақырыптық баяндамалар жасалды.
Содан кейін Достық үйінде Қоғамдық келісім кеңесінің қоғамдық қабылдауында Медиация мәселелері бойынша қабылдау өткізіп, онда әулеметтік мәселелер бойынша сұрақтарға жауап берілді .
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы республикалық акциясының Атырауда жалғасқан іс-шараларында кеңес беру, ақпараттық түсіндіру, қоғамдық бұқаралық блогтар жоспарға сай жұмыстар атқарып, ауқымды жұртшылықты қамтыды. Медициналық мәселелер бойынша бірнеше емханада кеңес алуды қажет ететін пациенттерге дәрігерлік жәрдем, қабылдау жасалды. Нұр Отан партиясының қоғамдық қабылдауында, Атырау облысы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ғимаратында кездесулер өткізілді. Ауылшаруашылығы мәселелері бойынша, білім саласына қатысты, құқықтық кеңестер беріліп, оқу орындарында тақырыптық лекциялар оқылды. Сондай-ақ фильмдер көрсетілімі, суретшілер көрмесі, жастар акциялары көп адам жинап, мазмұндылығымен есте қалды, пікірлер туғызды.
Айтиева Нұрлы Тельманқызы, Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры:
— Атырауға келіп жеткен пойыздың жерлестеріме берер жаңалығы мен маңыздылығы зор болмақ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» деп аталатын биылғы жылға арналған Қазақстан халқына Жолдауында «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!» деген болатын. Осы сөздің көрінісіндей сан-салалы мамандар атыраулықтарға кеңес беріп, бағыт сілтеу үшін, сұрақтарына жауап айтуға, ой пікірлерімен бөлісуге дайын екендіктерін көрсетіп, істерімен жеткізді. Ел бірлігі, бауырмалдық пен достық көрінісі осы. Еліміздің төрт құбыласы түгелденіп осылайша бір арнада тоғысып, алдағы жарқын болашаққа бірлігі жараса адымдауда. Лайым да осы тұрақтылығымыз салтанат құрып, халқымыздың басына қонған бақ мәңгілік болсын!
Жақсы тілекке біз де қосыла отырып, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызына жолың болсын, сәт сапар! — дейміз.
Светлана Муньянова