Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!

Құрметті жамбылдықтар!
Баршаңызды Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биыл Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда 25 қазанды еліміздің басты мерекесі ретінде атап өту жөнінде бастама көтеріп, тиісті заңға қол қойды.
Осылайша, елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы қайта жаңғырып, 13 жылдан соң Ұлы мерекені қайта атап өтудеміз.
Қай халық үшін болса да азаттықтан асқан ұлы ұғым, тәуелсіздіктен биік тұғыр болмаса керек.
Республика күні – Ұлтымыздың еңсесін көтеріп, рухын асқақтатқан ең құнды мереке. Ұлт тарихындағы ұлы оқиғаларды ұмытуға болмайды.
Егемендікпен өткен шежірелі 31 жыл – Тәуелсіз Қазақстанның жаңа келбетін ашты. Конституциямыз қабылданып, мемлекеттік Туымыз бен Елтаңбамыз бекітілді. Әуезді әнұранымыз әлемде шырқала бастады. Шекарамыз шегенделіп, Қарулы Күштерінің қорғаныс қабілеті нығаюда.
Тәуелсіз Қазақстан бүгінде – ел дамуының жаңа кезеңіне нық қадам басқан, болашағына үлкен сенім артқан мемлекетке айналды.
Осы жылдары еліміздің бір бөлігі ретінде қасиетті Әулиеата өңірі, Жамбыл облысы да толағай табыстарға қол жеткізуде. Көптеген әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер салынып, инфрақұрылым мәселесі шешілуде.
Баршаңызды елдіктің еңселі мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні Сіздерге игілік пен береке, бақ-дәулет, ырыс-ынтымақ тілеймін!
Ел іргесі бүтін, халқымыз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі