Тәуелсіздігімізді қастерлей білу – парызымыз, ағайын!
Ата-бабамыз аңсаған,
Оралды сол бір Азат күн,
Енді қайтып шалмасын,
Жүзімізді Азап — Мұң!
(Автор)
Баршаларыңызды Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесімен құттықтай отырып, ел тәуелсіздігімен бірге сонау 1991-жылы Ата-жұртыма оралған оралман ретінде, осы жылдар аралығында көзіммен көріп, жандүниеммен сезінген бірер жағдайларға байланысты шағын естелік әңгімемді оқырман сіздермен бөлісуді жөн көрдім. Әуелгі баршаларыңызға Тәуелсіздік мерекесіне орай, шынайы жүрегімнен шыққан ақ тілекті толғауымды тарту етейн! Мұны, барша оралмандардың тілегі деп қабыл алғайсыздар!
Осы деп біл кеп жатқан — оралманның тілегін!
Ата-жұртым басыңа,
Оралғанда Азат күн,
Сонда келіп қосылған,
Мен бірімін Қазақтың.
Жетемін деп шалғайдан,
Асулар асқан Қазақпын,
«Тәуелсіздік» тойыңа кеп,
Шашуын шашқан Қазақпын.
Намысым мен рухым,
Мұқалмаған Қазақпын,
Жігерім мен қайратым,
Жұқармаған Қазақпын.
Бар бойыма ізгілік,
Жинап келген Қазақпын,
Ана тілім мен дінімді,
Сыйлап келген Қазақпын.
Ата салты дәстүрін,
Сақтап келген Қазақпын,
АМАНАТ-ын бабамның,
Ақтап келген Қазақпын.
Құрбандарына «Желтоқсан»,
Басымды иген Қазақпын,
Құрбан болған боздаққа,
Жасымды иген Қазақпын.
Бұл мерейі, бақыты,
Тойлап жатқан Қазақтың,
Жемісі бұл қол жеткен,
Теңдік пенен Азаттың!
Басынан нелер өтпеді,
Рухы қайсар Қазақтың,
Мұндай күнге жетем деп,
Шекпеді кімдер Азап-Мұң.
Түрмеде өткен Арыстар,
Сұмдығын көріп азаптың,
Жазықсыз басы алынған,
Талай бір дана Қазақтың.
Қорғап байтақ даласын,
АМАНАТ етті бабамыз,
Оған да куә тарих пен,
Сырын бүккен даламыз.
Бақытына Қазақтың,
Алла берген данамыз,
Жүзеге соны асырды,
Нұрсұлтандай ағамыз.
Болмағанда Нұр ағам,
Мен де мұнда жүрмес ем,
Байтақ елге қосылып,
Баянды ғұмыр сүрмес ем.
Алшаң басып төсінде,
Сары арқаның жүрмес ем,
Несіне жырлап толғайын,
Қадіріңді білмесем.
Елімай-лап ел ауған,
Кешегі өткен заманның,
Ұрпағы біздер оралдық,
Сондағы кеткен бабаңның.
Айналайын Ата-жұрт,
Жатың емес балаңмын,
Гүлі болып көктерміз,
Кең жазира далаңның!
Ата-бабамыз аңсаған,
Оралды сол бір Азат күн,
Енді қайтып шалмасын,
Жүзімізді Азап — Мұң!
Қоныс болған қайырлы,
Ата-жұртым, тірегім,
Осы деп біл кеп жатқан,
Оралманның тілегін!
(Бұл шумақтар сонау 1991-жылдың күзінде Сары-арқаның төсінде мал бағып жүрген кезімде жазылғанды.)
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан естелік..
Иә, өзгелерді айтпағанда өз басым Ата-жұртыма оралғалы, күйбің тірлікпен жүріп ширек ғасырдың қалай сырғып өте шыққанын да аңғармай қалғандаймын. 25 жыл аз уақыт емес, әрине. Ата-жұртқа оралғанда бесікте келген ұлдарымыз әке, қыздарымыз ана болып үлгерді. Мен тәуелсіздігімізбен бірге жасастым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еліміз, халқымыздың басынан не кешсе, мен де солармен бірге болдым. Қиындығына ортақтасып, қуанышын бірге бөлістім. Шынын айтайын, сонау 90-жылдардың берекесіздігі, тапшылығы мен жоқшылығы кімнің де болса жүрегін сыздатып, ендігі күніміз не болмақ?!- деген күдікті сауалды әркімнің көкірегіне ұялатқан сондай бір аласапыран берекесіз жылдар еді..Сол жылдарғы шаршап — шалдыққан, күйзелген халықтың, «Тәуелсіз ел болғандағы көрешегіміз мынау болса, бүйткен Тәуелсіздігі құрысын!», «Қарға қаз боламын деп аяғын үсіткеннің кері болдық -ау!», «Бастауы мынау болса, ендігі күніміз не болмақ?!», -дегенді екінің бірі айтып, сол кездегі халықтың алдағы күндерге деген үміттерінен гөрі күдіктері басым болған жылдар еді… Осы күндері ойлап отырсам, сол кездегі халықтың ,мұндай ұлы жеңістің болашағына бойлап қарайтындай саяси сауаттарының жеткіліксіздігібасты себеп болса, екінші жағынан сол бір өтпелі кезеңнің қиындығына төтеп берерлік рухани күш жігерлерінің кемдігі себеп болғандығын аңғару қиын емес еді. Ол кезде бүгінгідей өркенге жетеміз деп ойлаған адам жоқтың қасы болар… Олай дейтінім, сол кездегілердің бастары қосыла қалса болды, көбісі бұрынғы одақты көксеп«Бекерге жылы орнымызды суыттық-ау», -десіп өкінгендей әңгіме шертісетін. Ал, Ата-жұртымыз десіп алыс шалғайдан жеткен біздер үшін, аман-есен ата-жұртымызға оралып, қандастарымызбен қауышқаннан артық бақыт жоғын сезінгендей күй кешіп, ел қатарлы еңбекке араласып кете бардық… Ол кезде біздерге бүгінгідей квота деп үйіп-төгіп ақша бермектүгілі кім болдың?, қандай мамандығың бар?, — деп бізбен санасып жатқан да ешкім болмағанды. Бар болғаны бір отбасына он тоқты, бір сиырдан көмек берілгенді. Бергенін қанағат тұтып, бағасың деп алдымызға санап салып берген отар қойдың соңынан шабан торымызды қамшылап кете барғандардың бірі өзім едім. Сол жылдары шиеттей сегіз баламен көшіп келген өз басым осы жылдар аралығында, басымнан аз қиыншылық кештім деп айта алмаймын.Қазір сол кездегі басымнан өткерген қиыншылықтарды есіме алып, көзіме елестетсем болды арқамды аяз қарығандай күй кешемін!… «Кісіні кейде таршылық сынайды — кейде баршылық сынайды», -деген рас. Сол бір сын сәттерден сүрінбей өтіп, бүгінге жеткенімізге тәуба деймін. Бойында қайраттылық, сабырлылық, төзімділік, қайсарлық бар әрбір пенде, қандай да болсын қиындықтарға төтеп бере отырып, ойлаған мақсатына жетері сөзсіз. Оған өз басым осы жылдардағы жүріп өткен қызығы мен қыжылы аралас, өмірімнің сүрлеу жолдары дәлел болар еді!…
Тәуелсіздігіміздің жемісі осы емес пе?!
1994-жылыдың жазында жолым түсіп Ақмола облысына келіп қайттым. Ол кезде Ақмола тым шағын ғана жұпыны қалашық еді.. Арада жылдар өтті. Еліміздің әр өңірлерінде бұрынғы жұмыссыздықтан тоқырап қалған тіршілік қайта жанданғандай, адамдардың да көңіл күйлері көтеріңкі қызу еңбектеніп жатты. Араға 18 жыл салып Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында әдейілеп Астанаға келдім. Шынымды айтсам сол Ақмоланың орнында осындай сәулетті ғажап қала тұрғызылады деп ойламаған едім. Бір жағынан таңдансам, екінші жағынан жүрегімді қуаныш биледі. Дәл сол сәттерде көңіл кұйімнің толқынысынан «Тәуелсіздігіміздің нағыз жемісі осы емес пе, халқым-ау?!», -деп айқайлағым келді. Келешекте еліміздің әлем таңғаларлықтай өркенді ел боларына көзім жеткендей кәміл сенім жүрегіме ұялады… Сол жолы жүрегімді билеген, мақтанышым мен қуанышымнан Астанамызға арнап осы өлең жолдарын жазып қайтқан едім…
Астанам менің — Астанам!
Жан дүнием тербеліп,
Сан бір бөліп ойымды,
Дариға көңіл жырлатты-ау,
Шабытым билеп бойымды.
Кешегі көрген Ақмолам,
Есімде қапты сағымдай,
Жер еді сонда осы өңір,
Құланның иен қағындай.
Орныңда тұрған Астанам,
Иранның алуа бағындай,
Сәулеті мен келбеті,
Жаралған нұлы сағымдай.
Жасыл желек жамылған,
Жауһардайын жас қалам,
Қазақ елі халқымның,
Көзайымы сен Астанам.
Таңғажайып күй кешер,
Тосыннан көрген басқа адам,
Күннен күнге көркейіп,
Құлпыра бергей, Астанам!.
Астанам менің Астанам,
Сәулетің бөлек басқадан,
Тимесін сұғы бөгденің,
Тек осыдан жасқанам!
Берекең мен бірлігіңе,
Тәнті болса басқа адам,
Сонда болмақ елімнің,
Тұғыры биік басқадан.
Сондық үшін жастарым,
Бірлікпен алға бас қадам,
Жыл санап емес күн санап,
Көркейе берсін, Астанам!
(Бұл шумақтар 2011-жылы Тәуелсіздік мерекесі күндері Астанада жүргенімде жазылған-ды.)
Біз Елбасымыздың бүгінге дейінгі жүргізіп келген саясатын қолдай отырып, кейбір көңілге күдік туғызатындай тұстарын (мысалы, ұзақ мерзімде жүзеге асатын мәселелерге) тым күдікпен қарайтынымыз бар. Сол кездегі Елбасының ел Астанасын Ақмолаға көшіру саясатын халық жаппай қолдаған еді деп айта алмаймын. «Елбасының айтып жүргені ертегі», немесе «Басқасын реттеп алып сол қалғандай…» , -деген сияқты тағысын-тағы талай әңгімелерді құлағым шалып жүрді.. Өзім де қолдаған едім деп айта алмаймын… Алайда, Елбасымыздың көрегенділігіне, тәуекелділігіне қаншама жылдардан соңғы нәтижесі айқындалған ұлы еңбегін көріп еріксіз қайран қаласың! Соның бір мысалы осы Астанамыз! Қазақ деген ұлы халық сан ғасырлық тарихында мұндай сәулетті қала салмақ түгілі, қиялында елестетіп те көрмеген болар. Елбасымыздың бұл еңбегі Қазақ елінің тарихынан ғана емес Әлем тарихынан ойып тұрып орын аларлық ұлы еңбек екендігі сөзсіз…
«Мен Қазағымның кең даласын мақтан тұтамын!»
Аллаға шүкір, Ата-жұртыма оралғалы көптеген облыстардың ұланғайыр өлкелерін аралап көріп дәмін таттым. Солай аралап жүргенімде, құлазып иен жатқан өлкелерді көріп, «Шіркін-ай.. қазағымның мынау ұлан байтақ кең даласы малға, жанға толып құлпырып гүлденсе ғой», -деп армандадым. Әрине, еліміз аман, отанымыз тыныш болса болашақта бәрі де болары сөзсіз.. «Өмірдегі ең маңызды нәрсе — уақыт», -деп Константин Щемелинин айтқандай, әрине оған да уақыт керек… Мен қарапайым малшының көң қорасында туылып, аттың жалы, түйенің қомында көшіп-қонған далалықтардың ұрпағымын ғой. Сондығынан болар, далалық өлке менің өсіп-өнген ыстық ұямдай сезіледі.. Міне, сол үшін де төмендегі өлең жолдарым тебіренген жүрегімнен шықса керек!..
Мен қазақтың ұлымын!
Мен қазақтың ұлымын, кигіз үйде туылған,
Туылғанда кіндігім, кендір жіппен буылған,
Тал бесікке таңылып, жабағы жүнге оралып,
Таудың таза суына, шыныққанша жуылған.
Мен қазақтың ұлымын!
Қойдырып айдар төбеме, асық атып алысқан,
Ат қып мініп сабауды, асыр салып жарысқан,
Қыр баласы болсам да, рухым биік әр қашан,
Тектілік бар бойымда, жаралған ар намыстан.
Мен қазақтың ұлымын!
Киіз үйін қоңырқай, сарайдан кем көрмейтін,
Шаңырақ, бесік, көрігін, киелі деп бермейтін,
Мен қазақтың баласы, сақтап келген соларын,
Мұрасы деп бабамның, ешқашан да өлмейтін.
Мен қазақтың ұлымын!
Қыр елінің қоңырқай, қоңыр қалта тірлігімен,
Киіз үйде өсіп-өніп, жастайынан шыңдалған,
Тәлкегі мен тағдырдың, қиындығын көп көріп,
Болып өскен қайратты, сүрінбестей сындардан.
Мен қазақтың ұлымын!
Тай бурылдай тұлпардың, құлағында ойнаған,
Қызқуар мен көкпардың, қызығына тоймаған,
Жатпасын деп иен боп, кең даламыз құлазып,
Өрісін малға толтырып, думандатып тойлаған.
Мен қазақтың ұлымын!
Мен қазақпын даламда, еркін тірлік кешетін,
Байтағында даламның, жүйткіп желдей есетін,
Көк бөрідей айбарлы, көк найзалы қазақтың,
Қаһарман қайсар ұрпағы, міне осылар десетін.
Мен қазақтың ұлымын!
(Қазағым мен қазақтың кең даласын мақтан тұтқан мақтанышымнан осы өлең жолдары дүниеге келгенді. 2015- жылы.)
Аллаға шүкір, Ата-жұртыма оралғалы Ата-жұрт баспаларынан 4 кітабым басылып шықты. Оған да тәуба, шүкірлік деймін. Ал мына өлеңдерді меніңТәуелсіздікке тартқан шығармашылық тартуым деп біліңіздер.. «Адамдық қалыпты биік ұстау — кімге де болса үлкен сын. Адамгершілік деген асыл қасиетті аласартып алмасақ екен. Өмір өзегі осы, азаматтық жолы да осы.», -деп кезінде Д. Қонаев атамыздың өсиеттеп кеткені бар. Еліміздің тәуелсіздігі нығайып гүлденіп көркеюіне, жастарымыздың болашағының жарқын болуына, еліміздің әрбір азаматы аянбай тер төге еңбектеніп үлестерін қосуға міндетті, әрі ол әркімнің азаматтық парызы болмақ! Тәуелсіздігіміздің қадірін біліп, қастерлейік ағайын! Баршаларыңызға баянды да бақытты ғұмыр тілеймін!
БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ
ҚР Журналистер одағының мүшесі