ТӘУЕЛСІЗДІК – ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМ!

Тәуелсіздік! Не деген қасиетті ұғым еді! Мына жалпақ жер бетінде саны бізден көп, бірақ табан тірер тұғыры – мемлекеті жоқ, жалпыға ортақ саф ауасы болғанымен, құмарланып иіскер топырағы жоқ, тебірене толғар ән-жыры болғанмен, асқақта шырқар әнұраны жоқ, қыран қанат – арманы болғанмен, көк аспанда желбіреген көк байрағы жоқ, ну ормандай ұрпағы болғанымен, болашаққа деген сенімі  жоқ ұлттар барын бір сәтте естен шығармайықшы, ағайын? Біз осы тәуелсіздікті қалай түсініп жүрміз? Оның қадірі мен қасиетін ұғына алдық па? Егер шын мәнінде ұғына алсақ, қазақтың қасиетті тілі неге әлі еңсесін тіктей алмай жүр? Оған кім кінәлі?

Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап,  ұрпағына аманат еткен жеріміз ұлан-ғайыр! Ол шеті мен бұл шетіне ұшқан құстың қанаты талады.  Алланың қалауымен түрлі соқтықпалы-соқпақты жолды жүріп өтіп, қазақ деген халық XXI ғасырға аяқ басты. Көрмеген құқайы, жемеген таяғы жоқ. Кешегі кеңестік кезеңнің өзінде ешкім бізді маңдайдан сипаған емес. Керісінше табанға таптап, келемежге айналдырды. Қазақты екінші сортты адам санады. Бұдан асқан қорлық, бұдан асқан азап бар ма жер бетінде?!

Осындай қиын-қыстау заманда Алла тағала азаттықты аңсаған бабалар дұғасын қабыл етіп, тілінен айырылған, дінінен қайырылған, салт-дәстүрін мансұқтаған, қазақы тамырынан алшақтаған ұлтымызға тәуелсіздіктің ақ таңын нәсіп етті. Алайда алдымызда кедір-бұдыр, шаңдағы шыққан, бағыт-бағдары белгісіз, сағымдай мұнарланған жол жатты. Әйтседе бұл жолдың қауіп-катері де басым еді. Жол торыған қарақшы, баукеспе ұры, екіжүзді сатқын да кездесуі мүмкін-тін. Алдап апарып орға жығатындардың да қарасы көп болатын.

 Тәуелсіздікті алу оңай болғанымен, оны алға бастап алып жүру деген – қиынның қиыны екенін қазақ халқы сонда білді. Осындай кезеңде, елдің бағына туған, кеңестік дәуірдің ыстық-суығынан сатылап өсіп жетілген, маңдайы жарқыраған – Нұрсұлтандай азаматқа ел сенім артты. Өйткені 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінде, жастардың аузында Қазақстан Үкіметін «Қаңғып келген шүрегей» емес, осы жердің топырағына аунап ер жеткен Назарбаев лайық деген ұранға бергісіз сөз айтылғанын тарих айқындады.  Бұл көптің қалауы еді…

Ана тіліне жетік, ата-баба дәстүріне бекем, дініне адал, ұлтына мейірбан Нұрсұлтан Әбішұлы  25 жылда ел сенімін ақтады. 100 – ден аса ұлтты ынтымақпен басқарып,  ың-шыңсыз «Тар жол, тайғақ кешуден» алып шықты. Қантөгіссіз өткен 25 жыл ширек ғасырдың емес, тұтас дәуірдің жүгін арқалап тұр.  Ел аман, жұрт тыныш болса, алдымызда әлі талай асу бар, ағайын. Осы күнге дейін жеткен жетістіктер — толағай. Барды бар, жоқты жоқ дейік. Барға тәубә, жоққа шүкір етейік.  Жоғарыда елсіз, жерсіз жүргендер туралы айтуым бекер емес. Олар – бізге қызыға да, қызғана қарап жүр.  Олар – бізде осындай күнге қашан жетер екенбіз деп аңсайды. Олар – Тәуелсіз елдің топырағында өлсем деп армандайды.

«Біреуге бақ, біреуге тақ қайғы» деген осы! Олай болса біз, елдің татулығын, ынтымағын жыр етейік!  Елбасының сара саясатының қолдаушысы болайық. Өз тілімізде сөйлеп, өз дінімізді мақтан етейік! Міне, сонда ғана, тәуелсіздіктің жанашыры, оның қорғаны болуға лайықпыз. Әйтпесе, құр кеуде кергеннен, омырауды тоқпақтағаннан ұтарымыз аз. Тәуелсіздік – талай ердің аңсаған жақұты.

Тәуелсіздік – ата-баба армандаған бақыт — таңы! Ендеше басымызға қонған бақты қадірлейік! Тәуелсіздік құтты болсын, ағайын! Әр күніміз арайлы, жүзіміз шырайлы болсын! Әумин! 

 

«ЕлАна» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты