Тәуелсіздік күні қарсаңында Мақтарал ауданында 3 жаңа нысан пайдалануға берілді

Еліміздің Тәуелсіздігі күні қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында жаңадан салынған 3 нысан ел игілігіне берілді. Олардың қатарында Ж.Ералиев ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулатория, сондай-ақ Жаңа ауыл және А.Қалыбеков ауылдық округіндегі фельдшерлік акушерлік пунктері ашылды. Аудан басшысы «Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған заманауи нысандар алдағы уақытта тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетететін айтты.

«Халықтың денсаулығы — мемлекеттің басты байлығы. Өйткені, дені сау адам әрқашан еңбекке жарамды болып, мемлекеттің дамуына үлесқ қосады. Халқымыз «Дені саудың — жаны сау» деп орынды айтқан. Отанымыздың да келешегі, көркеюі азаматтарымыздың денсаулығының жақсы болуында» — деді Ғалымжан Исмаилов.

Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Арай елді мекенінде орналасқан дәрігерлік амбулаторияның құрылысына 234 миллион теңге жұмсалған. Ал Жаңа ауыл елді мекеніндегі фельдшерлік акушерлік пунктке 70 миллион теңге бағытталса, А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Абат елді мекеніндегі фельдшерлік акушерлік пунктке 65 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Айта кетерлігі, медициналық нысандарда фельдшердік және акушерлік кабинет, екпе және түберкулезді емдеу бөлмелері бар. Ем-домдық кабинеттер толықтай заманауи жаңа үлгідегі аппараттармен жабдықталған. Ондағы білікті мамандар ауыл тұрғындарының барлығына қажетті медициналық көмек көрсететін болады.

 

фотограф: Самат Мырзалиев

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі