“Тәуелсіздік шежіресі – ұлт рухының айнасы”
Алматы қаласы, Алатау ауданы №114 жалпы білім беретін мектебінде 2024 жылғы 13 желтоқсанында балалардың патриоттық сезімін оятып, Тәуелсіз Қазақстанның маңыздылығын түсіндіру және шығармашылық, танымдық қабілеттерін дамыту мақсат еткен аудандық іс-шара болып өтті.
Аудан көлемінде өткен аталған іс-шараға аудан мектептерінің өзін-өзі басқару ұйымының мүшелері мен аға тәлімгерлері қатысты.
Іс шара мектептің тарих пән мұғалімі Қыдырхан Санжардың күйімен бастау алды.
Өзін-өзі басқару ұйымының мүшелерімен жұмыс жүргізбес бұрын сергітіп алу мақсатында мектеп педагог-психологы Ұ.С. Тұрсынова «Лабиринт» тренингін өткізді. Тренингтен соң тарихи білімдерің мен тапқырлықтарымен сынаққа түскен оқушылар карточка таңдау арқылы топқа бөлінді.
Әр топ өздерінің білімдері мен тапқырлықтарын көрсетіп, тапсырмаларды орындады. Топтардың аттары да еліміздің әртүрлі аймақтарына байланысты қойылды: «Сарыарқа жастары» (Орталық Қазақстан), «Алтай ұландары» (Шығыс Қазақстан мен Алтай аймақтары) және «Каспий қырандары» (Батыс және Оңтүстік Қазақстан). Әр топтың белсенділігі мен шығармашылығы арнайы «Жүрекшелер» әдісі арқылы бағаланды.
«Тәуелсіздік – менің түсінігімде» атты алғашқы тапсырма оқушыларға өз ойларын қағаз бетіне түсіру арқылы «Тәуелсіздік» ұғымына ассоциациялар жасау мүмкіндігін берді. Оқушылар өздерінің еркіндігі, бейбіт өмір мен көк туымызға деген сүйіспеншіліктерін ватман бетіне бейнелеп, осылайша Тәуелсіздік туралы өз түсініктерін ортаға салды.
Топ басшылары екінші кезеңде ортаға шығып, тарихи кезеңдерді қамтитын ойын алаңындағы сұрақтарға жауап берді. Бұл тапсырма барысында оқушылар еліміздің тарихынан көптеген қызықты деректерді еске түсіріп, топпен бірге шешімдер қабылдады. Әр дұрыс жауап үшін топтарға баллдар берілді.
Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, қазақ халқының даналығы мен терең ойларын білдіретін мақал-мәтелдер сайысы да өткізіліп, оқушылар өздерінің мақал-мәтелдер арқылы ұлттық мәдениеттің тереңдігін тағы да бір көрсетті.
Қатысушылар соңғы тапсырма ретінде тарихтағы ұлы тұлғалардың бейнелерін танып, олардың Қазақстан тарихындағы орнын анықтап, өз ойларын білдірді. Бұл тапсырма жастарға тарихты тереңірек түсініп, ұлы тұлғалардың ерен еңбегін қадірлеуге үйретті.
Іс-шара соңында оқушылардың пікірлері тыңдалып, олар тәуелсіздік туралы жаңа мәліметтер алғандарын және болашақта елінің еркіндігі үшін еңбек етуге дайын екендіктерін білдірді. Барлық қатысушылар ортаға шығып, «Көк тудың желбірегені» әнін орындап, тәуелсіздіктің маңыздылығын тағы бір мәрте өз жүректерінде сезінді.
Бұл шара әр оқушының бойында ұлттық патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті оятып, Тәуелсіздік күнінің маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді. Тәуелсіздік – тек қана тарихи факт емес, ол әрбір азаматтың жүрегінде мәңгілікке сақталатын асыл құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
№114 ЖББМ директордың тәрбие ісі орынбасары О.С. Агатаева