Тәуелсіз  еліміздің  рухани  өркендеуіне  өз  үлесімді  қоса  алдым ба?!

Жоғарғы білімсіз-ақ қоғамдық жұмыстармен айналыстым

От басылық жағдайымен  орта мектепті осыдан жарты ғасыр бұрын 1966 жылы аяқтағаныммен  жоғарғы  оқу  орнында білім алуға мүмкіндігім болмады. Дейтұрғанмен,  арнаулы мамандығым жоқ деп отырып қалған жоқпын, шама-шарқым келгенше ауылшаруашылығы саласында жұмыс істеп елімізге өз үлесімді қоса алған шығармын. Әрине, замандастарым мен қатар- құрбыларымның көбі «піс алма піс, аузыма келіп түс» деп, шалқасынан шалқайып жатып алған жоқ, олар да еңбектеніп жанұялары мен қоғамға тиісінше пайдасын тигізіп келеді. Бүгінде жетпістің «желкесіне» жақындаған шақта жүріп өткен  бұралаңы көп өмір соқпақтарымды саралап, бағамдаумен боламын. Анамыз  Жамал Төлепбекқызы ауыр науқастан тым ерте қайтыс болып үлкені мен үбірлі-шүбірлі 7 ұл-қыз жартылай жетімдіктің зардабын тартып өскендіктен жоғарғы оқу орнын ойлауға шамам жетпеді. Нағашы апамыз Қайша мен екінші жаһандық соғыс ардагері болған әкем Жүмәділ Отарбайұлының тәрбиесінде ержеттік. Соңғы кезеңдерде небір тауқыметтерді басынан өткізген халқымызға, яғни  Тәуелсіз мемлекетімізге нендей  пайда тигіздім деген ой мені жатсам да, тұрсам да мазалауда. Осы жағын тарқатып айтсам, айыбы болмас…

%d0%bc%d0%be%d0%b9%d1%8b%d0%bd%d2%9b%d2%b1%d0%bc

Қоғамдық  істермен Мойынқұм  ауданының  Бірлік ауылында автокөлік жүргізушісі жұмысында  жүргенде-ақ  айналыса бастағанмын. Атап айтсам, 1988 жылдың күзінде Мойынқұм аудандық КПК хатшысы мен Көктерек кеңшары деректірінің арасындағы сыбайлас жемқорлық әрекетті әшкерелеп, екеуінің де партия қатарынан  шығарылып, қызметтерінен шеттетілулеріне тікелей ықпал еттім. 1989 жылдың  қыркүйегінде «Қазақ тілі» қоғамы құрылғанда Көктерек кеңшарындағы бастауыш ұйымды басқарып бірталай іс-шаралар атқаруға мұрындық болдым. Ең негізгісі, Жамбыл облысы көлемінде  алғашқы болып 1990 жылдың қыркүйегінде 6 мыңға жуық халық тұратын Бірлік ауылында «Ақсақалдар кеңесін» құрдым.  Жарты ай өтер-өтпестен 3 қазанда жергілікті ұлт өкілдері мен күрді ағайындардың арасында  айтарлықтай жанжал туындап, аудан, облыс басшылары және сақадай-сай қаруланған ОМОН жасақшылары мен құқық қорғау орындарының өкілдері екі-үш күн бойы тарқата  алмаған наразы көпшілікті  Кеңес мүшелері:- Т. Іңкәрбеков, Т. Сүйкімбеков, С.Қожаназаров  пен осы жолдардың авторы іспеттес ауыл ағалары ақылмен әрі сабырмен ың-шыңсыз  екі халық  өкілдерін татуластырып, оларды тарқатуға айтарлықтай  еңбектенді. Ата бабаларымыздың осындай ізгі қасиеттерін мойындай білген облыс басшылары Кеңес төрағасы Тасболат Іңкәрбековты марапаттап, өзге  аудандарда да «Ақсақалдар кеңесі» ұйымдарын  құрғыза бастады.

1994 жылы көктем айында Алматыдағы «Мұрагер» ғылыми –мәдени альманағының жауапты хатшысы Бақытжан Жиенғалиев:-  Мәкен, Мойынқұм ауданында «Ақсақалдар кеңесі» құрылып, айтарлықтай шаралар атқарылғанынан хабардармыз, осы жайлы іс-тәжрибелеріңді толықтай жазып, кешіктірмей тезірек жеткізсең. Өйіткені, Республика көлемінде 2-3 ауылда ғана Ақсақалдар ұйымы  құрылған екен. Жоғарыда республикалық деңгейде осы іспеттес қоғамдық ұйым құрылмақшы, сол үшін атқарылған  тәжрибелер ауадай қажет болып тұр, деген еді. Бақытжан ағаның тілегін дер кезінде орындап, жазғандарым (құзіретті орындардың назарына ілінген де шығар) көп кешікпей «Мұрагер» ғылыми-мәдени альманағында  20 мың данамен жарық көрді. 1995 жылы сол кездегі астанамыз Алматыда Халықтар Ассамблеясы отау құрып, шаңырақ көтергені ел-жұртқа белгілі. Бүкілхалықтық ұлағатты шараға «теңіздің тамшысындай » болса да өз үлесімді қоса алғанымды зор мәртебе санаймын.

«Сын орынды айтылмай, мін түзелмес…» демекші, тұңғыш Президентіміздің кей  ағатты істерін ашық айтып, жазып жүргеніммен, Нұрсұлтан Әбішұлының 1990 жылдардың басында астананы Ақмолаға көшіру жөніндегі бастамасын алғашқылардың  бірі болып қолдағаным да жалған емес. Геосаяси маңызы өте зор шараға әубаста ару қала Алматыдағы жылы орнынан айырылғысы келмеген шенеуніктердің де қарасы көбейіп, жандарын сала қарсыласқандары жетіп артылатын. Осыған орай, 1994 жылы 30 тамызда  «Жас Алашта» «Сарыуайымшыл Солженицынның сандырағы жүзеге аспасын десек…» атпен Елбасының бастамасын қолдаған мақалам жарық көрген еді.

Қайрат Рысқұлбековты жастайынан білетінмін…

Тағдырдың маған сыйлаған ерекше тартуы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің жарық жұлдызы Қ.Рысқұлбековтың ата-анасымен жақын қызметтес болып, Қайратты жастайынан жете танып- білуім еді.  1980 жылдары Көктерек кеңшарында сүт таситын автокөлікті жүргізетінмін. Қайраттың ата-анасы товарлы- сүт фермасында бақташы-сауыншылық жұмыста еді. Шу ауданындағы мектеп-интернатта оқыған Қайрат ауылға келгенде, оқуға қайтарда көбіне менің көлігіммен қатынайтын.Тентектеу балаларға қосылмай, көбіне ата-анасына көмектесіп мал бағысып, сиыр сауысып тіптен ыдыстарын жуысатын.

 Сондықтан  қыршын боздақтың алғашқы қорғаушы-ұстазы Сейіткерім Қожаназаровпен 1990 жылдан бастап бірлесе оны жалған жалалардан ақтап, жастарымызды ұлтжанды- адамгершілікке тәрбиелеу үшін %d1%80%d1%8b%d1%81%d2%9b%d2%b1%d0%bb%d0%b1%d0%b5%d0%ba%d0%be%d0%b2Қ.Рысқұлбеков атындағы қор құрып, ауқымды шаралар атқаруға тікелей атсалыстым. Ең алдыменен  Бірлік ауылындағы «Киров» атындағы орта мектепке Қайраттың есімін бергізуге күш жұмсадық. Алдына белгітас орнатқыздық. Бірліктің орталығына Алматыдан ескерткіш жасаттырып әкеліп қойғыздық. Алматыдағы Обручев көшесі, Астанадағы жаңа- Абылай хан мен Ш. Құдайбердіұлы көшелерімен қиылысатын көше мен  Бірлік ауылындағы Гагарин көшесінің  Қ. Рысқұлбековтың есімімен аталуына ықпал еттік. Айрықша атап өтерлік жайт, 1988 жылы Семей түрмесінде құпия жағдайда қайтыс болғандықтан, біршама әуре-сарсаңға түсіп 1993 жылы шілденің соңында жергілікті Рахат Алтайұлы сынды ұлтжанды азаматпен ол жатқан түрменің 21- камерасына кіріп мәйітін алғаш көрген дәрігер сарапшы Болат Шалағановпен пікірлесе келе Қайраттың өміріне қастандық жасалғанын анықтадым. Нәтижесінде 1996 жылы 9 желтоқсанда  Қ.Рысқұлбековке  «Халық қаһарманы атағы» берілді. Сондай-ақ, ұлтжанды да өнегелі қасиеттерімен ерекшеленген Ресейдің Омбы қаласындағы қазақтың «Мөлдір» мәдени орталығының төрайымы Алтынай Жүнісоваға және т.б. Қайрат атында сыйлық тапсырдық. Осы игі шаралар туралы баспасөз беттерінде кеңінен жарияланды. Кейінгі кезеңдерде Қайрат және Желтоқсан көтерілісін зерттеумен айналысып «Ер намысы- ел намысы», «Қайрат және Желтоқсан көтерілісі», «Қайрат танытқан қайраткерлер», «Қайрат. Желтоқсан. Тәуелсіздік.» кітаптарын жарыққа шығардым. Сонымен бірге 2000 жылдан  тұрақты түрде Шу қалалық таэквондо «WTF» федерациясының президенті Марат Тілеуқұловпен бірлесіп шығыс жекпе-жегінен жастар мен жасөспірімдер арасында  Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы  республикалық турнирдің ойдағыдай өткізілуіне белсене атсалысып келемін. 

Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың өзі- Халық қаһарманы болатындай Қ. Рысқұлбеков қандай ерлікке барды, деп, әлі күнге дейін күмәнді күдікпен қарауда. 2013 жылдың 16 желтоқсанында Алматы «Отау» ТВ телеарнасынан кешкі 20.00 мен 22.45 уақыт аралығындағы «Бабалар аманаты» бағдарламасын көріп таң қалдым. 3 сағатқа жуық берілген хабарда Қайраттың Желтоқсан көтерілісі күндеріндегі іс-әрекеттері толыққанды емес шикілеу- дүмбілез күйде айтылғандай ұшқары әсер қалдырды. Тіптен, осы хабарды ұйымдастырып басы-қасында жүрген інісі Талғат Ноғайбайұлының тете бауырының ауыз толтырып айтарлықтай ерліктерін небәрі 20 жасында көрсеткенін айғақтайтын  деректерді білмегеніне таң қалдым. Ал, «Егемен Қазақстанның»  25 желтоқсандағы санының 11- бетіндегі «Намыс дауылы» айдарымен берілген сұхбатында желтоқсаншы Құрманғазы Айтмырзаұлы Қайрат Рысқұлбеков туралы: «Ол көпшілікті ұйымдастыруға қатыспаған. Алаңға шыққан 40 мың адамның бірі ғана. Бірақ батырлығы бар, рухани дүниесі мықты жігіт» деп, пікір білдірген. Осыларға байланысты, Талғат Рысқұлбеков пен Құрманғазы Айтмырзаұлы інішектердің назарына мына нақтылы деректерді ұсынуды жөн көріп отырмын, егер-яки қаперлеріне қабыл алса.

Әу баста ана қауымын пір тұта, қаракөз қыздарымызды қорғаймын деп алаңға шыққан Қайраттың бір zheltoqsan1_4бойжеткен қарындасты (шіркін,сол қыз аман болып,хабарласса ғой! ) ұмытпасам Алмабеков деген милиция шашынан сүйреп бара жатқан жерден құтқарып алғандығы жайлы «Бабалар аманаты»  телебағдарламасында айтылғандығын жоққа шығара алмаймын. Сонда да сол хабарды ұйымдастырушылардың айтуынша Қайрат қолына таяқ ұстап жүргендіктен құқық қорғаушылардың назарына түскен деп келтіреді. Меніңше сол күндері жалғыз Қайрат емес, өзі-өзін қорғау  мақсатында қолдарына таяқ ұстағандардың жетерліктей болғанын сол киелі көтеріліске қатысқандар растайды. Екінші жағынан қарағанда Қайрат көше бұзықтарының бірі сияқты екендігіндей әсер қалдырады. 

Менің мұрағатымда көптен  бері сақтаулы нақты деректер бар. Дәлірек айтсам, 1991 жылы 12 желтоқсандағы «Атамекен» газетінің 1- бетінде «Тірі куәлер не дейді» айдарымен жарыққа шыққан сол кездегі  студент Ғ. Насыровтың:- «Марқұм Қайрат алаңда жиналғандарға:- Жігіттер, үш күнге шыдайық. Үш күннен соң біздің дауысымыз Біріккен Ұлттар Ұйымына жетеді», деген жан дауысы әлі күнге құлағымнан кетпейді деген естелігі бекерден-бекер айтылмаған. Қайраттың сол үндеуден кейін ғана «тыңшылыардың» назарына іліккендігі анық. Бұл әркімнің қолынан келе бермейтін ерліктің үздік үлгісі емес-пе ?!

cptctkvnbv8

Ал, өз өмірі қыл үстінде тұрған қандай адам өзге біреу үшін оны ара түсіп қорғай алады. Осы өнегелі де өрелі ерлік те Қайраттың тарапынан орын алған болатын. 2000 жылы  Қайраттың туған күні 13 наурыз қарсаңында  Алматыдағы ұлттық сәулет-құрылыс Академиясында алқалы басқосу жиыны өтті. Қайраттың қорғаушы- ұстазы Сейіткерім Қожаназарұлы  екеуіміз арнайы қатынасқанбыз. Желтоқсаншы –ана Жансая Сәбитова мен 8 жылға сотталып, түрменің ащы дәмін татқан, аталмыш оқу орнының бұрынғы доценті Әркен Уақов сыйлы қонақ ретінде шақырылыпты. Көпшілік алдында Әркен аға ақ жүректен ақтарыла :«Желтоқсан көтерілісінен кейін қаныпезер тергеушілер мені Қайрат Рысқұлбековпен беттестіріп, мына адамды танисың ба, осы кісі емес-пе, сендерді алаңға шығыңдар,деп үгіттеген дегенде, Қайрат қаймықпастан: «Бұл ағайды танымаймын.Алаңға өзіміз шықтық» деп мені ашық қорғады. Егер де ол басқалай айтқанда, Қайрат емес, менің ату жазасына кесілетінім айдан анық еді», деп тебірене көзіне жас алған болатын…  Өзінің қыршын ғұмырын тәрік ете аяулы ұстазын қорғау- ерліктің нағыз ересен үлгісі емес-пе? Қайраттың осы өнегелі ерліктері туралы 2001 жылы «Өркениет» баспасынан жарық көрген «Қайрат және Желтоқсан көтерілісі» мен 2009 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан» апталығындағы «Желтоқсан көтерілісінің көсемдері кімдер?» атпен жарияланған мақаламда, 2011 жылы «Үш қияң» баспасынан жарық көрген «Қайрат.Желтоқсан.Тәуелсіздік.» кітабімде, 2014 жылы 14 ақпанда «Қазақтар XX1» апталығы мен облыстық, аудандық газеттерде жарияланды.

Желтоқсан көтерілісі өзгелерді де ұйқыдан оятты…   

Мойынқұм аудандық мұғалімдердің 1987 жылғы тамыз мәслихатында  шәкірті Қайратқа танылған ату %d0%b6%d0%b5%d0%bb%d1%82%d0%be%d2%9b%d1%81%d0%b0%d0%bd_%d0%ba%d3%a9%d1%82%d0%b5%d1%80%d1%96%d0%bb%d1%96%d1%81%d1%96жазасын жеңілдету жайлы үндеу көтерген Сейіткерім Қожаназарұлын мінберден сөйлетпей ұстаздар қауымын жанталаса қарсы қойған лауазымды мырза таныстарының көмегімен бүгінде өзін сол кездердегі желтоқсаншыларды қолдаған қайраткер ретінде көрсеткісі келуде. Әлі де қоғамдық жұмыста аттан түспеген Жамбыл облыстық КПК нің үгіт-насихат бөлімін басқарған танымал тұлғаның түк болмағандай жайбарақат жүргеніне таңым бар.Сондай-ақ, сол бір желтоқсанның ызғарлы күндері тасада бұғып жүргендер де мен ол кездерде, өйіткенмін,бүйіткенмін деп,көрінгісі келетінін қайтерсің…

Біз 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін Балтық жағалауы мен Кауказ елдерінде халықтық толқулардың орын алғаны белгілі. Бірақ, тым шалғайда екендігінен ол жақтағы көтерілістердің қалай басталғандығынан бейхабармыз.  Жақында 20 қазанда «Жас Алаштың» N 84 санында «Оның аты-жөні Жексенбай Ошанов» атты мақалам жарық көрген еді. Соған байланысты Жексенбайға жолыққанымда:

— Желтоқсан көтерілісіне байланысты ұйымдастырушылардың бірі деп, әрі Оңтүстік қазақстандық Ермұхамбет Қуандықовты жерлестері сатып кеткендіктен сотта оған ара түскендігімнен тергеушілердің мазалаулы қыспағынан әрең босағанмын. 1987 жылдың көктем айлары болатын. Бір күні жатақханадағы есігімді сырттан тықылдатқан соң ашсам, 3-4 жігіт рұхсат сұрай кірді. Бойшаң спортшылар пішіндес, денелі жігіттер. Бірақ, сөйлескенде орысшаны бұрмалай өте сақтықпен тілдесті. Менімен жете танысқысы келіп, уақытты белгілеп, белгілі мейрамхананың  біріне шақырды. Айтқан кезінде келсем, әлгі жігіттер бұрынырақ келіп, күтіп отыр. Орнығып жайғасқан соң танысып білісе келе , таң қалдым. Сөйтсем, олар сонау қиырдағы Балтық жағалауындағы Литва елінен келген екен ғой. Қонақтардың іс-сапарының мақсаты Желтоқсан көтерілісін жан-жақты зерттеп-білу. Өйіткені литвалықтар да тәуелсіздік жолындағы көтеріліске дайындалу үстінде екен. Сол себептен (тек  Ж.Ошановқа ғана жолықпағаны анық.М.У. ) біздің іс-тәжрибеміз оларға ауадай қажет. Тіптен әңгіме үстінде: — қиындық көріп, оқудан шығарылып, қудалауға ұшырасаңдар біздің елге келіңдер, сендерді батырларымыздай қарсы аламыз, деп ашығын айтты… Жастық жалынмен барғым-ақ келіп еді, ата-анам мен туған-туыс, қатар-құрбыларымды қимадым, деп, ол бар шынын ақтарып салған-ды.

Шындығында  Ж. Ошановтың айтқандары шындыққа жанасып, литвалықтар бастаған Балтық жағалауының  елдері  халықтық толқулармен одақтас республикалар ішінен алғашқылар қатарында тәуелсіздікке қол жеткізген жоқ-па?!

  %d0%b6%d0%b5%d0%bb%d1%82%d0%be1

Ал, мына жайды ешкім ескере бермейді. 1989  жылдың маусымында  М.Горбачевтың Қытай Халық Республикасына барған іс-сапарына қарсы  Бежиннің Тянь-Энь-Минь алаңы наразылықпен шыққан жүздеген мың студент жастарының ереуіліне ұласып, Михаилдың нөкерлерімен мінберден тікелей Мәскеуге қайтып кеткенін  Орталық теледидардан көрсетілгені әлі күнге есімде. Бұл қанды көтеріліс әлі күнге дейін құпия күйде қалуда.     

Эпилог орнына

Өзіміз туып-өскен киелі Шу өңірінің тарихта алар орыны ерекше. 2300 жылдан астам бұрын  Шу батырының  әйгілі Зұлқарнайынды айласымен тоқтатып, Шу қаласын салдырғаны белгілі. Сондай-ақ, алғашқы Қазақ  хандығының туының  да  Шу бойында көтерілгені әмбеге аян. Осындай тарихи оқиғаларды негізге алып, көптен бері ауданымызда Керей- Жәнібек хандарға ескерткіш орнату жайлы БАҚ құралдарында көтеріп келгенбіз. Өткен жылдан Шу ауданының әкімі Рүстем Дәулетке ауызша да жазбаша тілектермен шығып, Төле би ауылының орталығына  Керей- Жәнібек хандар мен Алтын адамға және Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арналған көлемді Тәуелсіздік Монументінің орнатылуына ықпал еткеніме тәубе деймін. Салтанатты ашылу рәсімінің қуанышты сәті де жақындаған сияқты. Жастарымызды ұлтжанды- адамгершілікке тәрбиелеудегі баға жетпес айрықша құнды дүниенің бой  көтеруіне қолдау  көрсеткен Рүстем Рысбайұлы інімізге дән ризашылығымды білдіремін.

Мәкен Уақтегі

Қайрат және Желтоқсан көтерілісін зерттеуші,

Әлем халықтары Жазушылары одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.