«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЖАҢА ІС-ШАРАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы Түркістан облысында жүйелі жалғасуда.
Биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс аумағында 7 300-ге жуық сенбілік ұйымдастырылып, 34 ауқымды іс-шараны қамтитын жоспар бекітілмек. Тазалық шарасы аясында қолға алынатын жұмыстар мен жоспарлар облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен өткен жиында сараланып, жұмысты жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастау мәселесін түбегейлі шешуді міндеттеді.
– Бұл – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған өте маңызды шара екенін білесіздер. Өткен жылы облыс көлемінде жақсы жұмыстар атқарылды. Дегенмен, жұмыстарды күшейте түсуіміз керек. Жалпылама тапсырмалар мен жұмыстар қажет емес. Нақты іске көшіңіздер. Сауда орындарын реттеу, тазалық жұмыстарына кәсіпкерлерді жұмылдыруға да басымдық берілсін, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Жиында Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков бағдарлама аясында атқарылатын жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл ауыл-аймақтарды абаттандыруға аса көңіл бөлінбек. Демеушілер есебінен ауыл көшелерін жөндеу, тратуарлар салу, ойын алаңшалары мен стадиондарды ретке келтіру, орындықтарды орнату, шатырларды жөндеу, көшелерді жарықтандыру сияқты игі істер ұйымдастырылмақ. Одан бөлек, тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары күшейтіле түседі. Аудан, қала әкімдіктерінің жұмыстары 10 көрсеткіш бойынша бағаланады. Жұмысты тиісті деңгейде орындамаған басшылардың жауапкершілігі қаралады.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауына алынған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі