«Таза Қазақстан»: экологиялық қозғалыс қарқын алуда

«Таза Қазақстан»: экологиялық қозғалыс қарқын алуда

Тараз қаласында экологиялық акция шеңберінде «Қаржыгерлер» аллеясы қоқыстардан тазартылды.

Экологиялық акцияға қатысушылар шашылып жатқан қалдықтар мен қоқыстарды жинап, арнайы орынға апарып төкті.

— «Тазалық – саулық негізі» деген нақыл сөз бекер айтылмаған. Қала тазалығын сақтау – барлық тұрғынның міндеті. Қоршаған ортаның жағдайына жауапкершілікпен қарау – экологиялық жағдайдың жақсаруы мен тұрақтылығына тікелей әсерін тигізеді, — деді сенбілікке қатысушы қала тұрғыны Марат Спатаев.

Акция аясында аталған бағыттағы тазалық жұмыстары облыстың барлық аудандарында өткізілді. Атап айтқанда, шара саябақтар мен скверлерде, демалушылар көп жиналатын орындарда жалғасты.

Жамбыл ауданында жастармен алдын алу профилактикалық шарасы өткізілсе, Жуалы ауданында «Таза Қазақстан – таза әлем» экологиялық жастар акциясы ұйымдастырылды.

Мойынқұм ауданында Жамбыл ауылдық округі тұрғындарымен, Талас ауданында Қаратау технология, білім және бизнес колледжінің студенттерімен кездесу өткізілді. Ал Т. Рысқұлов ауданында «Ардагерлер саябағын» тазалау жұмыстары жүргізілсе, Шу ауданында Шу қаласының көшелері қажетсіз жарнама құралдарынан тазартылды.

Бүгінгі күнге акция аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 829 шақырым канал мен арық жүйесі, 133,2 мың аула мен 4,8 мың шақырым көше жолдары тазартылды. 30 146 тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшеттер отырғызылды.

Бұл жұмыстарға жалпы 1078 бірлік техника тартылды.

 

Жамбыл облысы әкімдігі