Таза суға зәру 48 пайыз елдімекеннің проблемасы қашан шешіледі?

Бүгіндері ауызсу мәселесі ғаламдық проблемаға айналды. Бұл — үлкен қауіптің басы. Ғалымдардың жанайқайына құлақ түрсек, ауызсу тапшылығы ХХІ ғасырдың он жаһандық қатерінің қатарына жатады екен. Біздің еліміз дамыған 30 елдің қатарына қосылуды көксеген 2025 жылға қарай бұл мәселе алдыңғы қатардан орын алуы мүмкін деп болжануда. Ресми деректерге сүйенсек, жер шарындағы су қорының 2,5 пайызы ғана тұщы су. Осының салдарынан дүниежүзiндегi 1 миллиард адам iшуге жарамды суға зәру. Жыл сайын 3 миллиардтан астам адам сапасыз судың кесiрiнен пайда болатын дерттерден зардап шегедi.

БҰҰ Бас Ассамблеясының мәліметіне сенсек, Қазақстан Орталық Азиядағы тұщы су тұтыну көрсеткіші ең төменгі ел болып шықты. Ресми есепке қарағанда, Қазақстандағы ауылдардың үштен бірінен астамы тұщы суға мұқтаж. 18 қазан күні көптің көңілін күпті еткен ауызсу мәселесі Үкімет отырысында қаралды. Үкімет отырысы барысында ҚР Премьерминистрі Бақытжан Сағынтаев министрлерге Қазақстандағы су құбыры бағдарламасын талдап, оның қалай жүзеге асып жатқанын Елбасының өзі қадағалап отырғанын ескертті.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы су шығару мәселелеріне де кеңінен тоқталды. «Әлемдегі экономикалық ахуалға байланысты су құбыры бағдарламасын қаржыландыруды қысқартуға тура келді. Ауызсуды қаржыландыру photo_57797көлемі де едәуір азайды. Соңғы 3-4 жылда ауылдық жерлерді ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі 51%, қалада 87%-ға дейін орындалды. Бұл — жақсы көрсеткіш. Бірақ біз қол қусырып қарап отырмауымыз керек», — деді ол. Сондай-ақ, Үкімет басшысы су құбырын қамтамасыз етуге мемлекеттен және жергілікті бюджеттен де қаржыландыру жүрсе, екі жақтап қолға алған жұмыс жақсы нәтиже беретінін қадап айтты. Әсіресе осы жиында Тараздағы су шығару құбырының жұмысына қатысты алаңдайтынын білдіріп: «Таразда су шығару құны бар-жоғы 8 теңге. Сол 8 теңгеге не істеуге болады? Қандай жөндеу? Ол тек жалақыға ғана жететін шығар. Басқа қалаларда 96 теңге тұрады. Айырмашылықты көріп тұрсыздар ма? Дегенмен, 8 теңге мен 96 теңгенің айырмашылығының мәнін анықтау керек. Мүмкін, 8 теңге жететін шығар? Үлкен тариф береміз, ал шығынымыз қандай дегенді қарастыру керек», — деді.

Үкімет отырысында Қазақстанда су арналарын жекеменшік инвесторларға беру мәселесі қарастырылып жатқаны белгілі болды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті. Сөйтсек, мұндай ұсыныс су бұру жүйелерінің бюджетке салатын салмағын азайту мақсатында жасалып отыр екен.

«Бүгінде елді мекендерді сумен қамту жолында бірқатар проблемалар бар. Біріншіден, облыстық 05_12-almati-1орталық пен ірі қалаларды сумен қамтамасыз ету. «Ақ бұлақ» бағдарламасын іске асыру шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру желілері зерттелді, 53 қала бойынша инвестициялық негіздеменің бағдарламасы әзірленді. Нәтижесінде, сектордың жалпы инвестициялық қажеттілігі 1,97 трлн. теңгені құрайтыны белгілі болды, бұл республикалық бюджетке көп салмақ салады. Су арналарының нормативтік ысырабы 17-23% құрайды. Тарифтердің өсуін ескере отырып, қалалық елді мекендердегі су арналарын қаржыландыру бойынша бюджетке түсетін жүктемені төмендету орынды деп санаймын», — деп, өз ұсынысының себеп-салдарын айтып өтті министр.

Министрдің айтуынша, бұдан басқа, ірі қалаларда қалалық коммуналдық су арналарының тиімсіз менеджментіне байланысты су ресурстарының ысырабы көп, тарифтер мен қаражатты жинау деңгейі төмен. Осы орайда, Қ. Бишімбаев ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау проблемасын шешу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қатынасын енгізуді ұсынды. Отырыс барысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек іздеу-барлау жұмыстарынан кейін 1877 ауылда жерасты су қоры қамтамасыз етіліп, 105 су шығатын орын қайта бағаланғанын айтып, көңілді көтеріп тастады. 2002-2010 жылдарға арналған «Ауызсу» бағдарламасы аясында 576 ауылда іздеу-барлау жұмысы жүргізілгені мәлім етілді.

Ал 2012-2015 жылдары 1301 ауылда барлау жүргізіліпті. Нәтижесі жаман емес. Алғаш рет тәулігіне 0,6 млн. м3 мөлшерімен мемлекет балансына қойылатын қор анықталған. Сонымен қатар, пайдалану мерзімінің аяқталуына байланысты 105 су шығатын орында тәулігіне 2,7 млн. м3 қор қайта бекітіліпті. Бөлінген 25,1 млрд. теңге толық игерілген. Ауызсу іздеу жұмысы мұнымен тоқтамайды. Осы жылдың аяғына дейін 480 ауыл мен 35 кен орнының жұмысын аяқтау жоспарланып отыр екен. Бұл жоспарлар жүзеге асуы үшін 6,8 млрд. теңге бөлініпті. Кейбір облыс әкімдігі жұмысты жергілікті бюджет есебінен жүргізіп жатқаны да айтылды. ОҚО осы жылы 16 ауылда жұмыстарды бастау үшін 76 млн. теңге жұмсаған.

Үкімет отырысында сөз алған Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев кеңінен көсілді. «Ақ n1sxdgбұлақ» жобасы жүзеге асырылған 2011-2015 жылдар аралығында орталық су жүйесімен қамту қалаларда 5 %-ға, ауылдарда 9%-ға дейін өсті. Орталық су бұру жүйесі қалаларда — 8%, ауылдарда 2,2% ұлғайды. Су құбырларының тозуы 6,1 %-ға төмендеді. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 396,7 млрд. теңге бөлінді. Ауылдар мен қалаларда су бұру жүйесі саласында 1393 жоба жүзеге асырылды. «Нұрлы жол» және өңірлерді дамыту бағдарламалары арқылы 75 жобаны жүзеге асыру үшін 62,1 млрд. теңге бөлінді. Халықаралық қаржы және өзге де ресурстарды тарту тетіктері енгізілді. Бүгінгі таңда xалықаралық қаржы ұйымдарынан 17,9 млрд. теңге тартылды», — деді ол.

ТҮЙІН: «Ақ бұлақ» бағдарламасы дер кезінде жасалғанымен, оның да кемшіліктері аз болмағанға ұқсайды. Өйткені Үкімет отырысында Премьер-министр: «Жобаны жасаған кезде жіберген бірқатар олқылықтарымыз да болды. Соның бәрін дұрыстап қарасақ, қомақты қаржы шығады», — деуі бекер емес шығар. Үкімет басшысына тағы бір риза болған жеріміз — шындықтың жүзіне тура қарауға әуестігі. Кей басшылар секілді «бізде бәрі керемет» деп айтуға асықпайтыны. Оған мына айтқанын қосыңыз. «Біз екі жақтап қаржы бөліп отырсақ, сумен қамтамасыз етілмей отырған 48 пайыз елді мекеннің бәрін жылдам уақытта сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады».  Ал біздің асфальтта өскен кей министрлеріміз ауылдық жерлердің бәрі бірдей таза су ішіп отырғандай көсілетіні бар. Оларға, бәлкім, бұл сөз ескерту болар.  Осы жиында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев өзі бас болып, халық ауызсуды ең бірінші кезекте әкімдерден сұрайтындығын, сондықтан  бұл мәселеге Үкіметтен ғана емес, жергілікті жерден де қаржы бөлінуі тиістігін баса атады. 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК