ТАЗА ТАМАҚ
Менің онүш, онтөрт жастардығы кезім. Апам тамақ жасағалы жатып:
— Балам, қандай тамақ ішесің — деп сұрады. Мен баяғы сол апаммен қалжыңдасып отыратын салтыма салып:
— Апа, сіз берсеңіз тас болса да жеймін — дедім. Ол кісі басын шайқап:
— Әй тентек балам-ай, қалжыңбастығыңды қашан қояр екенсің сен — деді де тамақ істей бастады. Қуырдақ істеді. Кәдімгі ұн қуырдақ. (Апамның істеген ұн қуырдағының дәмі қандай дейсің. Аузымнан дәмі кетпейді. Қайда жүрсем де тамақ ішетін бола қалсам анау, мынау демей-ақ «Ұн қуырдақ бар ма» — деймін. Сосын табақ толы ұн қуырдақты қалақпен араластырып қойып нанға қосып соққанда па шіркін тойып бермейсің ғой…)
…Содан апам бір табаққа толтырып қуырдағын салып маған бермекші болып таяи бергені сол еді, болымсыз бірдемеге сүрініп кетіп үйге жайылған сырмақтың үстіне қолындағы табағын түсіріп алды. Тамақ төгілді. Апам соған қатты өкініп:
— Ой амал жоқ-ай, қайран тамақты төгіп алғанымды қарашы. Жарайды балам қайта салып берейін, басқа балаларға қайта істеп берермін — деп қазанға қарай қайта жүрді. Бір үйде он баламыз, бір табақ артық тамақ шықпайды. Әрі оны төгіп тастау деген тіпті мүмкін емес. Бір табақ тамақ төгілгені үшін күндіз кешке дейін отырмай жыбырлап әртүрлі жұмысын атқарып қалжырап тұрған апам үшін қайта тамақ істеу деген ауыр жұмыс.
Осылай ойлаған мен орнымнан ұшып тұрып апамның қолындағы табақты алдым да жерге төгілген тамақты қайта салып жей бастап едім апам:
— Балам, ол тамақ арамданып қалды ғой, андағы сырмақты мен бағанадан бері ары бері аяғыммен басып жүрдім. Қой тастай сал — деді менің қолымдағы тамақты алғысы келіп. Ал мен оған қарағам жоқ:
— Апа сіздің қолыңызбен жасалып, сіздің қолыңыздан түсіп, сіздің аяғыңызбен басылған жерге төгілген тамақ қалай арам болсын. Мен үшін бұдан таза тамақ жоқ — деп асай бастадым.
Ал апам болса тағы да басын шайқап:
— Оо, жаратқан, осыларды пәле қаладан сақтай гөр… — деді күбірлеп.
(Апам жайла естеліктерден)
БАЙЫТ ҚАБАНҰЛЫ