ТАЗАЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ-БАСТЫ НАЗАРДА
Қала әкімінің кеңесшісі Нұржан Нұралиевтің баяндамасына сүйенсек, қазіргі таңда «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі тарапынан кәсіпкерлік нысандармен жұмыс жүргізіліп, 1386 келісімшарт жасалған екен. Олардың 1137-сі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан кәсіпкерлік нысандар. Ал жеке ғимаратта орналасқан 172-нің өз қоқыс алаңшасы болса, 77-сі көпқабатты тұрғын үйлерге арналған қоқыс алаңдарына тастайды.
Күнделікті тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруға 17 арнайы қоқыс шығаратын техника, 3 погрузчик және 10 самосвал Камаз жұмылдырылған.
Осы жылдың қазан айында көше бойына құрылыс материалдарын тастаған, қоршаған ортаны ластаған 211 заңбұзушылық анықталып, оның 179-ына ескерту берілсе, 32-сіне айыппұл салынған. Жалпы айыппұл сомасы 712 012 теңгені құраған.
Міне, осындай атқарылған жұмыстарға қаныққан қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил «тазалық тазалаған емес, таза ұстаған жерде орнайтынын» жиналғандардың есіне салды. Сондай-ақ тәртіп сақшыларын тазалықты бірлесе қамтамасыз етуге және айыппұл салу жұмыстарына күш жұмылдыруға шақырды.
Аппараттық кеңес барысында қазына қаржысының игерілуі, жол, тұрғын үй құрылысы сынды өзге мәселелерге қатысты да жауаптыларға нақты тапсырмалар берілді.