Тазалық жұмысы қатаң бақылауда болуы керек

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте несие арқылы салынған көпқабатты үйлердің қаражатын келісім-шарт міндеттемесіне сәйкес бюджетке кері қайтару мәселесі қаралып, талқыға түсті. Сондай-ақ «Қала күні» мерекесіне дайындық жұмыстары барысы да күн тәртібіне көтерілді.
🔹Жиында ең әуелі қала әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбеков сөз алып, 2021 жылы «Коммуналдық тұрғын үй қорының тұрғын үйін жобалау және салу, реконструкциялау» бағдарламасы бойынша №15 ықшамауданда көппәтерлі тұрғын үй құрылысын салуға облыстық бюджеттен кредит есебінен 13 223,2 млн теңге бөлінгенін баян етті. 2021 жылғы 13 сәуірдегі №1,2 келісім-шарт негізінде кредит қарыз алушыға 2 жылға 4,25% жылдық сыйақы ставкасымен берілген. Несиені өтеу кестесіне сәйкес, 2023 жылдың шілде айында 6 215,1 млн теңге және қараша айында 7 008,0 млн теңге қайтарылуы тиіс болған. Алайда талдау барысында 2023 жылдың 1 қыркүйегіне «Азаматтарға пәтерлер сатудан түсетін түсімдер» сыныптама коды бойынша жылдық жоспар 12 851,6 млн теңгені құраса, жинақталған қаражат 2 038,5 млн теңге немесе 15,9 пайызды құраған.
Бүгінгі таңда №15 ықшамауданда құрылысы жүріп жатқан, пайдалануға тапсырылған көппәтерлі тұрғын үйлердің инженерлік-коммуникация мен абаттандыру жұмысының аяқталмауы пәтер сатылымына кері әсерін тигізуде. Сондай-ақ несиені толық және уақытылы қайтармау қаупі де туындаған.
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков бұл мәселенің маңыздылығын айтып, сала мамандарына нақты тапсырма жүктеді.
🔹Келесі кезекте сөз алған қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлназ Сматилдаева «Қала күні» мерекесіне орай 55 шара өткізу жоспарланып, оның бүгінде 28-і ұйымдастырылғанын айтты. Сондай-ақ күнделікті аумақтық округтерде «Туған жерім – Таразым» атты мерекелік іс-шаралар легі жалғасуда.
Аппараттық кеңесте округтердегі тазалық мәселесі де жіті қаралды. Шаһар басшысы әр округ бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде округ инспекторларының жұмысы бағаланатындығын қатаң ескертті.
🔹Жиында нысандардың жылыту маусымына дайындығы, мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту және жол құрылысы да қаралып, жауаптыларға нақты тапсырма берілді.