Теңгенің құнсыздануының 3 себебі 

Соңғы кездері әлемдегі дамушы елдердің қаржы нарығында өз-өзіне деген сенімсіздік байқалды. Бір елдердің валютасы күрт құнсыздануды қаламаса, енді біреулері тез нығаюға ниет білдірмеді. Әйтсе де, көптеген дамушы елдердің нарығы құлдырап кеткені анық. Мамандар бұған бірқатар факторлардың ықпал еткендігін алға тартады. Енді сол факторларға тоқталсақ.

Біріншіден, бағамға әлемдік мұнай нарығындағы бағаға түзету енгізілгені ықпал етті: аз ғана уақыт ішінде Brent маркалы мұнай бағасы  0,8 пайызға арзандап кетті. Екіншіден, оған Ақүй қожайыны Д.Трамптың Ресейге қарсы санкцияларды қатаңдатуы қысым жасады.

Үшіншіден, бұған әлемнің әр түкпірінде орналасқан АҚШ пен Қытай елдері арасындағы, сондай-ақ теориялық тұрғыдан арты қырғын соғысқа алып келуі мүмкін даулы территорияға қатысты Қытай мен Үндістан елдері арасындағы қарым-қатынастың шиеленісіп кетуі де түрткі салмай қалмады. Дегенмен, Үндістан мен Қытай елдерінің ұлттық валюталары бағамының даму бағытына көз салсақ, аталған елдер арасындағы болуы мүмкін оқиғалардың дамуы артта қалған сынды. Мамандар пікіріне ден қойсақ, аталған аз ғана уақыт ішінде долларға шаққанда бар болғаны 0,44 пайызға нығайғанына қарамастан, салыстырмалы түрде өсімнің көшбасшысы үнділердің рупиясы болған сияқты. Бразилия риалы мен Гүржістанның лариі долларға шаққанда 0,5 пайызға өссе, қазақстандық теңге долларға шаққанда 1,99 пайызға арзандап, бағамының төмендеуінен көш басына шықты. Ресей рублі де долларға шаққанда айтарлықтай құнсызданды (0,88 пайызға). Қытай юані бейтарап аймақта сатылды. Егер демалыс маусымының ашылуына, корпорациялардың шетелдік акционерлерге табыс пайдасы түсімінің үлесін (дивиденттер) төлеуді бастауына және тұрғындардың санкцияға қатысты Ресейдегі экономикалық жағдайдың нашарлауынан қауіптенуіне байланысты тамыз айында валютаға деген сұраныстың артқанын есепке алмасақ, Қазақстанда теңге бағамының белгілі бір фундаментальдық себепсіз күрт құлдырауы тоқталмай отыр.  Дегенмен, Қазақстанның валюта нарығына бәрінен де бұрын Азиядағы геосаяси жағдай кері ықпал еткені кәміл. Соның ішінде Қытай мен Үндістан арасындағы шиеленісті жағдайдың ушығуы да бар.

АҚШ президентінің орыс еліне қарсы санкцияларды қатаңдату туралы заңға қол қоюы Ресей валюта нарығына қатты соққы болып тиді. Дегенмен, санкцияда бәрі бағамен есептелгендіктен, рубльдің құлдырауына тамыз айының тұрғындар үшін дәстүр бойынша демалыс айы және шетелдік акционерлерге ірі корпорациялардың дивиденттер төлеу кезеңі ең өзекті болып табылады. Өйткені бұл долларға деген сұранысты туындатады.

Қаржыгерлер мен білікті мамандар теңгенің бағамы Ақ үй іс-әрекетіне тікелей тәуелді деген пікірде. Сондай білікті мамандардың бірі Инвестициялық Saxo Bank банкінің басты валюталық стратегі Джон Харди: «Доллар бағамы рубльге, әсіресе теңгеге  қатысты сәл-пәл өсті, бірақ оның мұнай бағасына еш қатысы жоқ. Бұл АҚШ тарапынан жасалған жаңа санкцияларға нарықтардағы тәуекелдердің артық бағаланғандығынан болған сынды. Қазақстан валютасы әдетте рубльдің соңынан жүріп отырады, дегенмен, осы жолы доллардың нығаюы рубльден гөрі теңгеге көбірек ықпалы тиді: өйткені санкциялар нарыққа Ресей құбырлары арқылы тасымалданатын Қазақстан мұнайын шығару тәуекелін қиындаттты, АҚШ-тың жаңа санкциясында осы жағы да ескерілген. Ресейге қарсы президент Ақ үй қожайыны Дональд Трамп қол қойған жаңа санкциялар  солтүстіктегі көршіміздің энергетика саласындағы мүддесіне қарсы бағытталған, мәселен, Северный Поток-2 т.б. бағдарламалар. «Бұл Қазақстанға қалай әсер етеді?» — деген сауалға келсек, оның қазақ елін айналып өтпесі анық. Себебі, егер АҚШ әкімшілігі құбыр жасайтын құрылыс және қызмет көрсету компанияларына қысымын күшейтсе, бұл Қазақстан мұнайын экспорттауға өз ықпалын тигізбей қоймайды.

Қазақстан валютасы үшін «Тоннельдің арғы жағынан сәуле көріне ме? Теңгенің құнсыздануын тоқтату болмаса тежеу үшін қандай факторлар өзгеруі керек?» — деген заңды сұрақтың жауабына келсек, әлбетте, бұл жерде Қазақстанның мұнай экспортына ерекше тәуелді екені, сол себепті Ресейге қатысты кез келген геосаяси стресстерде өте дәрменсіздігі бірінші орынға шығады. Сондықтан қазіргі күні қалыптасып отырған жағдай әлемдік нарықтағы мұнай бағасымен қоса өзекті саналатын шикізат тауарларына деген баға өссе ғана өзгеруі мүмкін. Сондай-ақ, экономикада да іргетастық өзгерістер болғаны абзал. Қысқасы, теңгені нығайту үшін экономикалық даму мен өсім ауадай қажет. Рас, қазіргі жағдайға толыққанды болжам жасау мүмкін емес. Дегенмен, облигациялар рейтингі бойынша агенттіктің берген түсініктемесі үміттендіретінін атап өткен жөн. Мәселен, жақында Moody’s Қазақстанның болашағын тұрақты деп бағалап, аталған елдің күшті резервтерімен қоса мұнай бағасы барреліне  40-60 доллар дәлізінде қалып тұрған қазіргі қысылтаяң кезде мемлекеттің банктерге қолдау көрсетуін ерекше атап өтті. Санкциялар күтпеген нәтижелерге ұрындыруы мүмкін фактор болғандықтан, оның кез келген ел экономикасын тығырыққа тіреуі ғажап емес.  Біраз сарапшылар рубльдің долларға шаққандағы айырбас бағамы күзге қарай күрт құлдырап кетуі мүмкін екендігін жиі айтып жүр. Дегенмен, мұндай коллапс нарықта ауқымды сенімсіздік жағдайы орын алса ғана іске асуы мүмкін. Менің ойымша, егер әлемдік мұнай нарығындағы қара алтын бағасы осыдан біраз уақыт бұрынғыдай ең төменгі бағасына қайтып оралса және салынған санкциялар толығымен іске асырылса, USD/RUB дуэті барреліне 62-65, тіпті одан да жоғары доллармен сатылуы мүмкін. Сол себепті Қазақстан өзінің төл валютасының айырбас бағамын айтарлықтай төмендетуі үшін, мұнайын әлемдік нарыққа шығару мүмкіндігіне ие болуы керек. Егер мұнай әлемдік нарыққа шыға алмаса, теңгенің құлдырауы әрі қарай жалғаса береді. Керісінше, қазіргі экспортқа қатысты жағдайдың айқынсыздығы жойылса, онда теңге бағамы тұрақтанып, жыл соңына дейін ол АҚШ долларына шаққанда 350 теңге деңгейінде тұрақтауы мүмкін», — дейді. Сірә, қаржыгерлер білікті маман сөзіне құлақ асар деп ойлаймыз.

Ермек Сахариев