Театр тарланы – Асанәлі Әшімов

Театр тарланы Асанәлі Әшімов ең мәртебелі марапаты мен даңқының бәріне 43 жасына дейін қол жеткізіп үлгерген. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын 32 жасында, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын 35 жасында, КСРО Мемлекеттік сыйлығын 37 жасында, Қазақстанның халық әртісі атағын 39 жасында, ал 1980 жылы 43 жасында КСРО халық әртісі атағын иеленген.

Талантты актерді күлге көміп тастасаң да, күндей күркіреген жан даусы шырқырап көкке шығар еді. Ал мұрнының астынан міңгірлеп сөйлейтін талантсыз актерге Гамлеттің монологын берсең де, сыбырлаған үні саған жеткенше жарты жолда жұтылып, жоқ болып тынар еді. Актердің бақыты – үнінде. Сахнада жүріп жатқан спектакльді көзіңді байлап қойып көрсең де, алуан образдағы актерлердің арасынан әр сөзі айқын, қарлығыңқы, тарғылданып, баяу шықса да екпінді, ашық бояуы бар қайталанбас дара дауыстың иесін жазбай танисың – Асанәлі Әшімов.

Ұлт руханиятының төлқұжаты іспетті бүгінгі санаулы саңлақтарды термелегенде еріксіз есіңе ең бірінші түсетін танымал есім де – Асанәлі Әшімов. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты деп шұбыртпасаң да, есім-сойының өзі бар атақтың орнына жүруге жарамды сом марапат. Кешегі асылдардың бүгінге жеткен жарқылы. Әйгілі Феллини сексенінші жылдардың өзінде-ақ «менің көрермендерім өлген» дейді екен. Сүйек сырқыраса да, бұл – шындық. Алайда, кешегі корифейлердің көзін көрген соңғы тұяқ болса да, сол саңлақтар мектебінің сүрлеуін жалғастырып, бүгінгі қазақ театр-кино өнерінің көшін бастап келе жатқан Асанәлі Әшімовтің тұлғалық тұрпатына «ескі көшті бастай алмай, жаңа көшке ілесе алмай» дейтін сөз әсте де тиесілі емес.

Біз театр тарланын 80 жасымен құттықтай отырып, осы мақаланы оқырман назарына ұсынамыз. 

1389354311

М.Әуезов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі А.Әшімовтің сахнаға шығып, рөл ойнауы әріптестері үшін үлкен мереке екенін көзіміз көрді. Сахна майталманының мектебі бөлек. Сол себепті болар, бұл кісілердің өнерге деген көзқарасы мен қарым-қатынасы да бөлек. Бүгінде «жұлдыз» деп аталатын кейбір жас актерлер той жүргізіп тұрған жерінен тамадалығын тастай салып, театрға тапырақтай басып жетіп, ентігін баса алмаған күйі спектакльге қойып кетіп, өңешін жырта айғайды салып ойнап жататыны бар.

Атыраудағы тойдан Алматыдағы спектакліне әрең үлгеріп келетіндерді де көрдік. Ал ана айтыста қазылар алқасының төрағасы, мына театр фес­тивалінің марғасқа мейманы, ана мерейтойдың құрметті қонағы, мына телеарнаның сұхбат берушісі болып, секунд-минутына дейін есептеулі жүретін Асанәлі ағаның спектакль болатын күнгі жауапкершілігі таңдан­дырмай қоймайды. Сахнаға шығатын күні түрінің өзі адам танымастай өзгереді. Репетицияға бәрінен бұрын келеді. Кейіпкерінің кейпіне енеді. 

Басқасын айтпағанда, киімінің өзіне ерекше махаббатпен, мейіріммен қарайтынын қайтерсіз. Кешкі спектакль басталмай тұрып, жарты сағат бұрын сахна киімін кигеннен кейін Асанәлі ағаның тізесін бүгіп отырғанын немесе иіліп-бүгілгенін ешкім ешқа­шан көрмеген. Қоладан құйылған мүсіндей сіресіп-қатқан кеспірінде «шалбарымның қыры сынады» немесе «жеңіме қыртыс түседі» деген киімге деген айрықша құрметі тұрады.

Тіпті, отыру қажет болған күннің өзінде абайлап қана орындықтың ең шетіне іліне тізе бүккеннің ырымын жасаған болады. Кейде әлдене сұрамақ болып арсалаңдап жетіп барып «Асанәлі аға» десең, ол саған бүкіл тұлғасымен бұрылады. «Мойныма қыржыма түседі» дегені. Бұл, киімге емес, ең алдымен, өзіне, өзі жан-тәнімен жақсы көрген кейіпкеріне, күллі өнерге деген құрмет. Ал әлгіндей жер апшысын қуырардай асығып-аптығып, алқын-жұлқын спектакльге келу дегенді сахна сайыпқыраны өмірге екі рет келсе де, қауашағына салып қанша рет шайқаса да түсіне алмай өтетін шығар.

Жалпы, Асанәлі ағамыз «қызыл жолбарыс», «жебеуші пір» туралы әңгімесін тілшілерге жиі айтады. Ол пірі өзінің үлкен атасы екен. Әппақ киініп жүретін әулие адам болыпты. Жұрт ол кісіні көзінің тірісінде «Ысқақ пірәдар» атандырған. «Пірәдар» деген атты да халықтың өзі берген. «Қиын кездің бәрінде пірәдарым жанымнан табылады. Көп ажалдан аман алып қалды», дейді өзі. Әкесі Әшім Ысқақов соғысқа 25-26 жас шамасында аттаныпты. Болашақ сахна сырттаны сонда бар болғаны төрт жаста ғана екен. Естуінше, ашаң, бойшаң жігіт болыпты.

Әкесі туралы ешнәрсе білмейтіндіктен, ауылдағы көзін көрген қатарлас-құрдастары арқылы сұрағанда, ол кісі өте қалжыңбас, ақ­көңіл адам болған екен. Қанша тырысса да, әкесін мүлде елестете алмайды. Тек бір сәт, иә, бір сәті көз алдында мәңгілік қалып қойған: әкесі өзінен де асып туатын баласының болашақтағы орнын белгілегендей Асанәліні аспандатып, басынан асырып көтеріп тұрғаны есінде. Аптап ыстық болды ма екен, әлде жұмыс істеп келді ме, әйтеуір бусанып, терлеп тұрып көтергені буалдыр сағым сияқты себезгіленіп көз алдына келетіні бар. Әкесін есіне алғанда, осы тершең түрі жанарының алдында тұра қалады. 

Анасының айтуынша, алғашында майданнан хат келіп тұрған. Бірақ бірде-бір суреті сақталмаған. Тіпті, артынан «өлді» деген көңіл суытар қара қағаз да келмеген. Әшім майданға кетіп бара жатып, ұлын қолына көтеріп тұрып: «ұрпақсыз қалдым-ау» деп жылапты. «Ей, Әшім, оның не? Мына ұлың үмбетің емес пе?» депті жұрт. Әкесінің жылайтын себебі, Асанәлі ағаның сол иығынан төмен қарай төгіліп түскен үлкен жара болыпты.

Қазіргі тілмен айтқанда, «тері рагы». Жылтырап, аузы­нан сары су ағады да тұрады екен. Қазақ бұл жараны «жыланкөз» дейді. Әкесі колхоздың жұмысын істеп жүріп күніне бір жылан өлтіріп әкеліп, уын жағады екен. Сарысуы тоқтап, тақтайдай болып жазылып келе жатады да, ай жаңаланғанда аузы қайта ашылып кететін көрінеді. Қайталана берген сайын үмітін үзген әкесі ақыры ұлын бұл дүниелік емес деп ойлаған. Бірақ «қырық жыл қырғын болса да, ажалдыға ғана өлім бар», ғажайыптың күшімен жаман жарадан да жазылған.  Көзін ашып көргені тек анасы болған соң, өзіне анасынан аумай қалған сияқты көрінгенімен, ол кісі: «әкеңе тартқансың» деп отыратын көрінеді. Анасы жалаңаяқ жар, қызыл аяқ қар кешіп, жалғыз жүріп жеткізіпті.

Қос бірдей мөлдіреген қарындасы болыпты, екеуі де қызылшадан бір күнде қайтқан. Негізі, үшеуі қатар жатып ауырған көрінеді. «Әкесінің жалғыз тұяғы ғой, осы аман қалсын», деді ме екен, анасы үйдегі бар тамақты ұлының аузына тосқан. Бірі – жетіде, бірі – бесте, екі қарындасына бөліп бергенінде олар да аман қалар ма еді, кім білсін? Жоқ болғаны ғой, үшеуіне бірдей жетпеген соң шарасыз шешесі осылай жасауға мәжбүр болғаны да…

30bb97ef29b4f2ccec96e4e621813c6c_resize_w_782_h_439

Анасының үмітін бір перзенттей ақтады. Сонау студент кезінен аламан бәйгеге қатар түсіп, құйысқан түйістіріп қатар шауып келе жатқан сахналас серіктесі, жақын жолдасы Сәбит Оразбаев Асанәлінің анасын жас күнінен Алматыға әкеліп, қас-қабағына қарап, бақиға аттанғанша жас балаша мәпелеп баққанын айтады. «Анасының қолынан талай дәм таттым. Банкеттерден кейін басымыз ауырлап, мең-зең болып тұрғанда сорпа-суымызды әзірлеп беріп, бәйек болатын. Екеуміздің анамыз, біз ойнайтын спектакльдерге қаздай тізіліп келіп, кірпік қақпай отырып тамашалап, бізге жасаған көптің қошеметі мен құрметін көріп «жасағанның бұл көрсеткеніне де шүкір» деп көздеріне жас алып жылайтын» деп еске алады.

Пәленбай атақтың түгенбай иесі болу түк емес, алайда образды білім-білікпен байланыстыра ашу, ойынды іштегі өз қазынасымен қоса қайнатып, байырқаландырып беру – шебердің ісі. Өз ісін мінсіз атқарып үйренген кәсіби маман өзгеден де осыны талап етеді. Бірде М.Әуезов атындағы драма театрының «Қылмыс пен жаза» спектаклінің репетициясын тапжылмай отырып төрт сағат тамашалаудың мүмкіндігі туды. Криминалды драма жанрындағы бұл қойылым Асанәлі Әшімовтің режиссер ретіндегі алғашқы жұмысы емес.

Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж.Шанин атындағы Қазақ драма театрында «Сұлтан болсам егер мен», Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ му­зыка­лық драма театрында «Дон Жуан – Думан», Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Бөлтірік бөрік астында», әкемтеатрда «Сұлтан болсам егер мен», «Амангелді», «Ревизор», «Фархад-Шырын», «Мен ішпеген у бар ма?» секілді жеті бірдей спектаклі сәтті сахналанып, репертуар­дан ұзақ жылдар орын алды. Тіпті, Асекең қойған «Ревизорда» әйгілі Серағаң – Серке Қожамқұлов та ойнап кетіпті. Жарықтықтың соңғы рөлі – Земляниканы сол спектакльде ойнаған.

img_0311-300x160

Өз сөзімен айтқанда, мұның бәрі «актер­ская режиссураның» жемісі. Жа­стардың басын қосып, білгенін үйретіп, көрсетіп, спектакль жасаудың несі жаман? Ал жастар болса, онсыз да зіл батпан мысы басып тұратын А.Әшімовке үрке қарап, «тәйт» десе тайып жығылатындай, сахнаға имене басып шығып, өзін зорға икемге келтіретіндей. Мінезіндегі осы сұстылықты өзі де сезетін болуы керек, әр актердің қимылын қалт жібермей қадағалап отырған режиссер дауыс көтермей, мүмкіндігінше жұмсақ дауыспен ескертпе жасайды. Жастардан жігер күтетіні, үйретіп тұрғанда үйіріле кеткенін қалайтыны байқалады.

«Менің қауіп қылатыным, бүгінгі жастардың деңгейі бірдей. Осы уақытқа дейін қалың топтан ең болмаса біреуі суырылып шығуы керек еді. Бәйгеде де солай ғой: бірнеше шақырымға кеткен тұлпарлардың тұяғының дүбірінен көтерілген қою шаңның ішінен бір сәйгүлік қайтсе де жеке-дара оқ бойы озып шығады. Сол сияқты біздің театрдың да жастарының қарымын «жоқ» деген бір ауыз сөзбен былғағанымыз жараспас – араларында бірен-саран талантты жастар бар, бірақ тұмсығы көрінер-көрінбес қана.

«Бұдан да жақсы болса екен» деген жанашырлығымнан шығар, жастарға талапты жоғары қоятынымды жасырмаймын. Бір қорқатыным, жастарға бәрі түсінікті. Бірақ ешнәрсе түсініксіз. Түсінбегенін айтып, қолынан келмей жатқанын айтып, біреуі келіп білмегенін сұрамайды немесе өзі «мынаны былай жасағым келеді» деп жаңалық әкелгісі келмейді. Бұл не деген немқұрайлылық? Кейде тіпті күйіп кеткен соң «мынаны былай жаса», «былай бұрыл» деп, қыл аяғы қалай жүріп-тұруды үйретесің.

Шіркін, «олай жүргім келмейді, менің былай жүргім келеді» деп қарсы ой айтып, дәлелдесе ғой, риза болар едім. Жоқ, олай емес, не айтсаң, соған көнеді. Актердің өз образын қорғап, ақтап алатын азаматтық позициясы болуы керек. Ол болмаса, осылай қалыптасып, көптің бірі болып, қою шаңның ішінде ілби басып кете барады», дейді. 

Асанәлі аға жастау күнінде «Қан мен тердің» репетициясы кезінде режиссердің айтқанына көнгісі келмей, ызаланғаны сондай Әзірбайжан Мәмбетовтің өзін балағаттап жіберіпті. Тіл тигізгені үшін екі-үш күн сөйлеспей жүріп, үшінші күні дәлізде көріп қалған жерінен Ә.Мәмбетов «өй, идиот» деп күліп жіберіпті. Жас актердің спектакльге енгізгісі келген жа­ңалығын құптағаны, үлкен басын иіп қарсы қадам жасағаны – қабылдағаны. Өйткені, бұл жерде жеке бастың шаруасы емес, көрермен алдындағы жауапкершілік, сахна үрдісі деген үлкен мәселе тұр. 

Бір ғана М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрынан жеті бірдей КСРО халық артисі шықты: Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова, Шолпан Жандарбекова және Асанәлі Әшімов. Бұл феноменнің сыры туралы талай ғажайып еңбек жазылды, талай жазбаларда тиянақты түсіндірілді, алдағы уақытта да айтыла берер. Әкемтеатрдың «алтын дәуірін» жасап, Кеңес Одағының ең алдыңғы қатарлы төрт театрының тобына қосып, өзі де табаны күректей отыз жылдан артық жұмыс істеп, қазақ режиссурасының патриархы атанған Әзірбайжан Мәмбетовтің еңбегі екенін ешқайсысы ілкі сәт есінен шығарған емес.

Үлкен абырой. Үлкен мәртебе. Ә.Мәмбетов басқарған кезде әкемтеатр Мәскеуге жеті рет гастрольге шықса, Франция, Германия, Иран секілді елдердің сахналарын көру бақыты да сол кезеңмен тұспа-тұс келеді. «Түрі де, тілі де басқа, түк түсінбей, көзі жыпылықтап отыратын адамдардың алдында қазақша спектакль ойнау дегенің бір қызық, – дейді Асанәлі аға. – Тіліңді атымен түсінбейтіндердің алдында арқаны кеңге салып қойып, аяқты алшаң басып ойнағанымыз сонша, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясы заматта комедияға айналып сала берді. Шет елде театр шағын болады, соған сәйкес сахна да кішкентай, көрермен де сахнаға тым таяу отырады.

Спектакльде ойнап жүрген батырлар сахнаның тарлығынан амалсыз бірінші қатарда отырған көрерменнің үстінен найза ойнатамыз. Ол байғұстар екі көзі алақтап, қорқып «ноу, ноу» деп бастарын қос қолдап ұстап, бүрісіп жата қалады. Сахна сыртында ойынымызға қарап тұрған біздің актерлер мұны көріп қыран-топан күлкіге батады. Күлкіге елігіп, еркінсіп алған біз кейіп­кер сөзін ысырып қойып, мәтінде жоқ, қайдағы бір сөздерді айтамыз. Қозымыз Қозы емес, бұралқы сөз іздеген қуақы біреу, Қодар да одан қалыспайтын қылжақбас. Сахнада таяу жерде буфеті тұрады.

Ол да біз көрмеген таңсық дүние. Жантық – Әнуар Молдабеков екеуміздің сахнада тұрып қымыз ішіп тұрып сөйлесетін диалогіміз бар. Сөйтсе, сахна сыртында тұрған қулар тостағанға қымыздың орнына сыра құйып беріп жібереді. Не керек, француздарға еркелегеніміз сонша, Әнуар екеуміз сыралатып тұрып сөйлесеміз ғой, шіркін. Актерге бұл да керек. Бұл да актер өмірінің бір қыры», дейді сахна суреткері өткенін сағынышпен еске алып. 

Жалпы, Асанәлі Әшімов ең мәртебелі марапаты мен даңқының бәріне 43 жасына дейін қол жеткізіп үлгерген. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын 32 жасында, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын 35 жасында, КСРО Мемлекеттік сыйлығын 37 жасында, Қазақстанның халық әртісі атағын 39 жасында, ал 1980 жылы 43 жасында КСРО халық әртісі атағын иеленген. Бір актер армандайтындай басты рөлдің бәрінде ойнап, бас айналдыратын атақтың бәріне қамал бұзар қырықтың айналасында қол жеткізгені бүгінгі «ақсақализм» өлшемімен алып қарағанда, адам сенгісіз жетістік.

«Адамды бұзатын құрмет пен қошемет, сосын арақ» дейтіні бар еді Бауыржан Момышұлының. «Әртіс бола тұра, жігіттің жігіті ғана өте алған қатал сынақтан қалай аман қалып жүрсіз?» дейміз. «Рас, екеуінен де аман қалдым, – дегені бар тұнжырап. – Театрда тізе қосып қатар шапқан, сахнада алмас қылыштай жарқылдап бірге ойнаған жолдастарымның, інілерімнің көбі ішімдіктің салдарынан о дүниелік болды. Әйтпесе, олар да ұзақ жасайтын еді. Менің жебеуші пірім бар деп айттым ғой. Аруағыңнан айналайын, Ысқақ пірәдар атам жаман ұрпағын көп ажалдан жасқады ғой.

Бірнеше мәрте өлім аузынан қалғаным да, қошемет-қолпаштан аман қалғаным да, жалпы, менің өнерге келуіме де алдымен Алланың қалауымен болса, сосын әулие пірәдарымның шапағаты деп білемін. «Әулиеге алғысымды қалай айтамын? Жақсылығын қалай өтеймін?» деп жүруші едім. Ойлана келіп, бар қаржы-қаражатымды жиып-теріп, абырой-беделімді салып, туған ауылымнан, атамның жатқан жерінен 100 метр аулағырақ жерге «Ысқақ пірәдар мешіті» деген үлкен мешіт салдыр­дым. Салтанат-сәулеті көңілімнен шық­ты. Күндіз-түні төбесінде шырақ жанып тұрады. Атама алғысымды солай білдірдім. Қолымнан басқа не келеді?» 

Абайша айтқанда, әртіс «көптің аузын күзетсе, күн көре алмас еді», жайдақтап айтқанда, тасқын сөз, нөпір сыннан қорықса, өнердің өті түгілі, шетінде де жүре алмас еді. Оның үстіне о бастан өнер адамының тағдыры өзгеше өріледі. Арыған сайы­н тың жортатын арғымақтың баласы секілді, өнерде ілесе жүретін қаңқу сөзді елең қылмай өршелене шауып, сын естіген сайын ширап, шар болаттай шиыршық атып биікке көтерілу және сол биік пен сол бақты ұстап тұру екінің бірінің пешенесіне жазыла бермейді. Тұлпар театрдың тарланы өзі құралпас, деңгейлес зиялылар ортасында өзінің кәсіби, махаббат, отбасылық сырын еш жасырмастан жайып салатын, қорықпастан ақтаратын бірден-бір адам.

Бәріне ашық адам. Салдарының қалай боларын біліп тұрып сырын айтса, сенгені болар. Әр көрерменін жалғыз көріп, жақын тарта, еркелегені шығар. Өйткені, театр дегеннің өзі – сырласатын, барлық өмірлік сұрағыңа жауап табатын, қуанатын, қайғыратын, жүйкеңді босататын орын. Ұлттық драматургия мен әлемдік классиканың ең ұлы жауһарларында суреттелген қаһармандардың бәрін сомдаған Асанәлі Әшімовтің осылардың бәрінен де биік тұратын тағы бір образы бар. Ол қуанышты да, қайғыны да, биік мансапты да, ұлылықты да жеңген Жеңімпаз Адам образы. Тік тұрып қол соғуға тұратын образ. Браво, Маэстро!

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған