Техникалық мамандықтарға 1382 грант бөлінген

2016-2017 ОҚУ ЖЫЛЫНА ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНЕ БӨЛІНГЕН ГРАНТТАРДЫҢ ЖАЛПЫ САНЫНЫҢ 53 %-ЫН ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚТАР ҚҰРАДЫ. 

Бұл туралы аталмыш білім ордасының баспасөз қызметі хабарлайды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 2016-2017 оқу жылына бөлінген мемлекеттік білім гранттарының басым бөлігі техникалық және технологиялық мамандықтарға бекітілген. Барлығы 1382  орын бөлінсе, ол жоғары оқу орнына бөлінген гранттардың жалпы санының (2595) 53 %-ын құрайды және ол техникалық мамандықтарға бөлінген мемлекеттік гранттардың өсу қарқынының жоғары екендігін көрсетеді.

Сондай-ақ, техникалық мамандықтардың ішінде 151 орын – «Көлік, көліктік   техника және технологиялар»,  149 — «Құрылыс»,    117 — «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар», 108 — «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру»  мамандықтарына бөлінген.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 2016-2017 оқу жылына үдемелі индустриалды инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын (ҮИИДМБ-2) жүзеге асыру аясында «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырылымдарын  өндіру», «Ғарыштық техника және технологиялар», «Бетон және темір бетон бұйымдары  мен құрастырылымдар өндірісіндегі қуат үнемдегіш және ресурс үнемдеуіш  технологиялар», «Ғарыштық роботехника мен мехатроника» сияқты 4  басым бағыттар бойынша мамандар даярлайды.

  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің білім беру қызметінің сапасы Білім беру сапасын қамтамасыз етуші Тәуелсіз қазақстандық  агенттіктің  (БСҚА) рейтингісімен кезекті рет дәлелденді. Сөйтіп,  университет өзінің 20 жылдығы барысында тағы да көшбасшы атанып, жетекші оқу орындарының қатарынан көрініп отыр.

«ЕлАна»