«Тектұрмас» әлі талайды таңғалдырады
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей ұйытқы болуымен бүгінде Тараз қаласы адам танымастай өзгергені даусыз. Тотыдай таранған көне шаһардың шырайын келтіріп тұрған саябақтар, жағажай, түрлі сәулет үлгісіндегі экспонаттар бәрі-бәрі ерен еңбек пен тынымсыз тірліктің жемісі.
Жамбыл облысының 80 жылдық мерей тойына орай «Шахристан» этно-мәдени кешенінің елге есігін айқара ашатынын бұған дейін айтсақ, енді мінеде «Тектұрмас» кесенесі маңында да ауқымды жұмыстар жандануда.
Жалпы «Тектұрмас» жобасы екі кезең бойынша жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде Әулиеата ескерткішін орнату жұмыстарын аяқтап, қала күніне орай ескерткіштің ашылуы жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда ескерткіштің тұғыртасы қалануда. Тұғыртастың биіктігі 8, ескерткіштің биіктігі 13 метр. Ескерткіш биік қырдың басында орналасқан. Қырдың етегінде кіре берісінде арка, арнайы көру алаңы, ескерткішке көтерілетін баспалдақтар орналасқан, жанында Талас өзені ағып жатыр. Өзеннің үстіндегі көпірдің екі жағында биіктігі 4 метр болатын екі арыстанның скульптурасы, баспалдақтар бойымен қарлұқ қағанаты кезінен араб экспансиясы келгенге дейінгі қалаларды бейнеленетін инсталяциялар орнатылады.
Екінші кезеңде ескерткіштің сол жақ бөлігіндегі алаңда Атлах шайқасы мен Аңырақай шайқасын бейнелейтін қабырға қойылады. Одан кейін «Шахристан» этно-мәдени кешенімен байланыстыратын аспалы жол салынатын болады.
Ескерткіш «Көне Тараз» қоры мен демеушілер қаражатына салынуда. Қазір құрлыс басында 80 жұмысшы, 8 техника жұмыс істеуде.
Әрине бұл «Тектұрмас» кесенесі маңындағы құрылысты жамбылдық жұртшылық асыға күткені анық. Себебі аталған жоба жайлы былтырғы жылдан бері айтылып, әбден зердеден өтіп, пысықталған болатын. Және кесене маңындағы экспонаттар талайдың таңданысын тудырады деп күтулген. Тіпті, бір ғана аспалы көпірдің құрылыс жүргізілетіндігі талайдың қызығушылығы мен таңданысын тудырған еді. Енді міне құрылыстың алғы шарт жұмыстары басталуда. Және қарқыны көз қуантып отыр. Демек бұл жобаның да жамбылдықтардың көзайымына айналатын күн алыс емес деген сөз.
Дедек Төлен