Телефонға телмірген баланы ұлттық өнерге қызықтыру керек — шебер
– Ақтөбелік шебер Күләш Құлекенова 70 жастан асқан шағында жастарға қазақтың салт-дәстүрін үйретіп, ұмыт болған ұлттық өнерді қайта жаңғыртып жүр. Өзі қыз жасауын дайындайды, ондағы әр оюдың мән-маңызын түсіндіреді. Қазір балаларға ұлттық өнерді үйретіп, телефонға телмірген уақытын тиімді жұмсауға бағыттауымыз керек деп жиі айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Күләш Құлекенова бала кезден ұлттық салт-дәстүрді бойға сіңіріп өсті. Нағашы әжесі тері илеп, тон тікті. Тері игеу кезінде айран, табиғи бор пайдаланатынын жақсы біледі. Айран мен бор терінің майын алады. Майынан арылған тері жұмсақ болады. Ал анасы Мағрипа Матаева қыз жасауын дайындады. Кез келген киімді тігіп, шабадан жасады.
«Анамның шеберлігі анасынан дарыды. Шабаданды киізден төртбұрышты етіп тігеді. Кейін ою салады. Байлайтын бауын түрлі түсті жіптен есіп дайындайды. Бұл көрпе-төсек салуға арналған зат. Көшкенде ыңғайлы, көрпе жинаулы тұрса әдемі. Біз де анамыздың жанында жүріп үйрендік. Мата беріп, киім тіккізетін. Сөйтіп бұл істі 6 класта бастадым», — деді Күләш Құлекенова.
photo
Қазір шебер қыз жасауын қызымен бірге дайындайды. Көбі өзіне ұнағанын ғаламтордан тауып алып, әдемі нұсқасын шеберге көрсетеді. Мата сапасы мен ою-өрнектің қиындығы бағаға әсер етеді. Сонымен бірге тігіншінің қол шеберлігі де маңызды.
«Кеңес үкіметі кезінде тарих әрқилы жазылса да біз ұлттық қолөнерімізден қол үзбедік. Сөйтіп атадан балаға мирас болған өнер қазіргі күнге жетті. Соның бірі – құрақ құрау. Қиынды матаны құрастыру емес, терең мән-мағынасы бар дүние бұл. Қыз жасауын да анасы өз қолымен тіккен. Қазір сатып алу, тапсырыс беру сәнге айналса, бұрын ауылдағы келіншектер бір үйге жиналып, дайындаған. Жасыл түс көгеріп, жайқалудың белгісі. Ал қызыл түс махаббатты білдіреді. Сары түс байлық, ақ түс таза ниет пен биіктік нышаны. Көк түс болса ашық аспанды білдіреді. Қыздарға басың құралсан, ұрпағың жапырақтай жайылсын дегені ғой. Құрақтың өз мән-мағынасы бар. Мәселен «Шаршылар шеруін» құрағында түстер маңызды рөл атқарады. Отбасында жоғары үйлесімділік, келісім, сыйластық болсын дегенді білдіреді. Ал «Қызғалдақты» шай көрпеге салуға болады. Жастар жайқалған қызғалдақ іспетті. Тез солып қалғанмен, тұқымын жаяды. Шай көрпеге жас отбасы қатар отырады. Келіншегі шай құйса, өзі жанында болады», — деді шебер. Дегенмен өзгерген, жаңарған дүниелер де бар. Бұрын жас отбасына «бір жастықта қартайсын» деп ені ұзын жастық жасады. Қазір «қос жастықта қартайыңдар» деп жазады.
photo
«Қазір бәрі өзгеше. Екі адамға арналған жиһаздың өзі енді. Бұрын ондай үлкен болмаған. Шай көрпені қыз жасауында әкеледі. Оған ерлі-зайыпты отырады. Сонымен бірге бұрын текеметтің де пайдасы бар. Киіз шаң жинайды деп айтады. Үйдегі шаңды өзіне тартып алады. Демек пайдалы. Ал жазда жуып алуға болады. Қазір де адамдар ұлттық қолөнер бұйымдарына әуес бола бастады. Сапасына, әдемілігіне мән береді. Әрі қолөнер жүйке жүйесін тыныштандыруға арналған. Бос отырсаң жаман ой мазалайды. Ал тігін тіксең, бар ойың оны бітіруге арналады. Балалар ойнамайды, далаға шықпайды. Бәрі телефонға телміріп отырады. Бұл баланың ойын тежейді. Ал баланы қолөнерге үйретсең, дамуға беталады. Бір жолын үйретесің, жаңаша түрін өзі меңгеріп алады. Өз жиенім моншақтан бұйымдар жасайды. Ол алғашында кесте тоқыды, қызықпады. Сыммен тоқыды. Одан да жалықты. Ілмекті меңгерді. Қазір ойыншықтар тоқиды. Бала көргенін жасайды. Демек анасы оған үлгі бола білуі керек. Қызым мен күйеу балам ветеринария мамандығын бітірді. Құс фермасын ашты. Ал оқушы кезінде қызым «айналамда мата толып тұрса» деп армандады. Қазір өз ательесі бар. Негізі тігінші мамандығын меңгергісі келді. Бірақ ол уақытта бұл оқу емес еді. Менсінбедік қой. Қолыңнан келетін істі оқуды түсінбедік», — деді шебер.
photo
Күлаш Құлекенова домбыра тартады, көпшілік арасында ән де айтады. Ал үйде гүл өсіргенді жақсы көреді. Тіпті цитрустың дәнін топыраққа салып, өсіріп жүр. Компьютерді жақсы меңгерген. Өз ойын қағаз бетіне түсіріп, құрақтардың мән-мағынасын жазып жүр. Әлеуметтік желіні де мегеріп алған. Қажетті тапсырысты қабылдаудың бір жолы осы. Әрі «Дәстүрге жол» бірлестігіне мүше болды. Мұндағы ойы бойға жинаған дарынын ұрпаққа үйрету.
ҚазАқпарат