Темір өткізіп жан баққан жігіт

Қолсағат саудасының көрігін қыздырып отыр.   Компьютер жөндеп, темір өткізумен табыс тапқан жас жігіт қолсағат сату кәсібіне қалай келді? Ол неше жасында 1 млн теңгеге қол жеткізді? Кәсіпкер биыл қанша ақша табуды жоспарлап отыр? Осы тектес сұрақтарды алға тартқан аbctv.kz-ке «Отан» компаниясының негізін қалаушылардың бірі, кәсіпкер Арман Тосқанбаев жауап берді.

«Жоқшылық мені алға жетеледі» – Қарағанды облысында  қарапайым адамдардың отбасында дүниеге келдім.  Ата-анамның қаржылық мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, жоқшылық дегеннің не екенін бір кісідей сезініп өстім. Кішкентай кезімізде анаммен бірге саябаққа барғанда қатты қуанатынбыз. Атракциондарға отыруға, ойыншық сатып алуға ақшамыз жетпейтін. Біз саябақта серуендеуді   қанағат тұтатынбыз. Сол кезде өз-өзіме жақсы өмір сүруге, еңбек етіп, жақсы табыс табуға серт бергенмін. Сол сертті күні бүгінге дейін темірқазық тұтып келемін. Шынымды айтсам, жоқшылық мені алға жетеледі. Үлде мен бүлдеге оранып өскенде қазіргі жағдайға жетпес пе едім, кім білсін?!

«Бір компьютерді 2 қойға айырбастайтынбыз» – 15 жасымнан бастап  компьютер жөндеумен айналыстым. Атқарған жұмысыма 200-500 теңге алудан арланған жоқпын. Себебі ол кезде бұл еңбекақы әжептеуір ақша саналатын. Жоғарғы сыныпта оқып жүрген кезде компьютер сататын орталық аштым. Істен шыққан компьютерлерді арзан бағаға сатып алып, оны жөндеп, үстінен ақша қосып, сатып жүрдім. Уақыт өте келе айына 150 мың теңге табыс табатын деңгейге жеттім. Кәсібімнің аясын кеңейту үшін компьютерді әкеммен бірге ауыл аралап сата бастадым. Өзіңіз білесіз, ауылда ақша жоқ, есесіне қой бар. Ол кезде екі қойдың бағасы қазіргі бір қойдың құны құрайтын. Бұдан да бас тартпадық. Компьютерлерді қойға айырбастап, қойды қалаға әкеліп сатып, кәсібімізді жалғастыра бердік.

Нәтижесінде 17 жасымда 1 млн ақшаға қол жеткіздім.   Жасыратыны жоқ, бір уақытта темір өткізіп те, жан бақтық. Осының барлығы маған өмірлік сабақ әрі тәжірибе болды.   «Оқуды тастап кеттім» – Жоғары оқу орнына тест тапсырғанда жолым болмады. Мемлекеттік грант иегері атануға 1 балл жетпей қалды. Бір жылдан соң Ресейдің жоғары оқу орнына түстім. Ол жақта 2 жыл білім алып, оқуды тастап кеттім. «Бизнесім банкротқа ұшыраса да…» – Айналысып жүрген кәсібім тығырыққа тірелгенде, жаңа кәсіп қажет болды. Банкрот болдым деп сарыуайымға салынуға болмайтынын бірден түсіндім.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығында Айбек Дүйсенов есімді серіктесіммен «Отан патриоты»  деген брендпен мемлекеттік рәміздер бейнеленген қолсағат шығаруды бастап кеттім. Бір жылда 100 сағат шығарып, соның барлығын бір айда сатып үлгердік. Қолсағаттардың бөлшектері Еуропадан тасымалданып, Қарағанды да құрастырылды. Кейін барлық жұмыс мұхиттың аржағында атқарылатын болды.

Біз 6 түрлі сағат шығарамыз. «Президент» қолсағаттары алтынмен жалатылған. Ол Маямиде жасалады. Алдағы уақытта Ресей мен Түркия нарығын жаулаймыз. Ол үшін сағатқа аталған елдердің мемлекеттік рәміздерін саламыз. Қазір  «Кербез», «Мәдени мұра» деген брендпен қытайда жасалған біздің сағаттардың көшірмесі шығып жатыр. Олар 10-12 мыңның айналасында саудаланады. Ал біздің өнім 130-325 мың теңге аралығында сатылады. Қымбат дерсіз. Бірден айтайын, сапалы дүние арзан болмайды. Біздің өнімге Қытайдағы, Ресейдегі тіпті АҚШ-тағы қандастарымыздан тапсырыс түседі. Осыған қарағанда сапасы сын көтеретін болып тұр ғой. «Идеядан  бизнеске дейін» − Италияның Турин қаласында осындай тақырыппен жарық көрген кітабымның тұсауы кесілді. Бұл туындыда үлкен қаржысыз да бизнес бастауға болатыны баяндалады. «1 млн доллар табыс табуды жоспарлап отырмыз»

Осыдан 2 жыл бұрын тынымсыз еңбектің арқасында 500 мың доллар табыс таптық. Биыл осы көрсеткішті екі еселендіріп, 1 млн долларға жеткізуді мақсат тұтып отырмыз.

Айман Мұқышева
Подробнее: http://abctv.kz/kz/news/temir-otkizip-zhan-bakkan-zhigit