Теміртаудағы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылды
Теміртаудағы металлургиялық комбинатта екі жұмысшының мерт болуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сот-медициналық сараптама тағайындалған. Бүгін таңертең QARMET кенішінде екі жұмысшы биіктен құлап, көз жұмды. Марқұмдардың бірі — 2005, ал екіншісі 1986 жылғы азамат. Зауыттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар мердігер компанияда жұмыс істеген. Оқыс оқиғаның анық-қанығын анықтау үшін облыстық еңбек инспециясы арнайы комиссия құрды. Ал полиция қылмыстық кодекстің 156-бабы «Еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылу» дерегі бойынша іс қозғалғанын жеткізді. Әсем Қасымова, мемлекеттік еңбек инспекторы: — ҚР еңбек заңнамасы шеңберінде еңбек инспекциясы басқармасы Қазмеханомонтаж ЖШС қызметкерлерімен болған жазатайым оқиғаға арнайы тергеу жүргізу үшін комиссия құрылды. Оның нәтижелері бойынша мән-жайлары мен себептері анықталатын болады.
24.kz