ТЕҢГЕ АУЫЛЫНДА ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ӘДІСІ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ
Теңге ауылын көгалдандыру мақсатында жасыл желекті суаруға ұзындығы 2000 метр болатын автоматты суару жүйесі қойылған. Бұл туралы Теңге ауылы әкімі аппаратының жетекші маманы Ақсұлтан Шектібаев мәлім етті. Оның айтуынша, 890 метрді құрайтын тамшылату жүйесі «Анаға тағзым» аллеясына жүргізілген. Халық тұтынатын ауыз суды үнемдеу мақсатында, «Анаға тағзым» аллеясындағы жасыл желектерін суаруға жер асты суын сорғы арқылы пайдаланып отыр.
«Теңге ауылында орналасқан 0,9 гектар жерді қамтитын жылыжай кешенінде 400 метр тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Мамандар жылыжайдағы өнімді жаңа тәсілмен суаруға көшкен. Осылайша, суды үнемдеп, құлпынай өсіріп жатыр. Жаз мезгілінде жеке тұрғын үй секторында тұратын тұрғындардың ауласындағы жасыл желектерге суды үнемдемей пайдалануы салдарынан ауыз судың жетіспеушілігі болады. Сондықтан жеке тұрғын үй секторында тұратын жаңаөзендіктерге тамшылатып суару жүйесіне көшуді ұсынамыз. Бұл өз кезегінде күнделікті тұтынатын ауыз суды үнемдеу арқылы, жаз айыларында кестеге тәуелділікті жояды, — деді Ақсұлтан Шектібаев.
Алдағы уақытта Теңге ауылының қалған бөлігіндегі көше бойындағы жасыл желектерді тамшылатып суару жүйесіне өткізу жоспарланып отыр.
ЖАҢАӨЗЕН ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ