«Теңге жөнінде Ақышевтан сұраңыздар!» — деді министр
Бұл сауалға жауап берген Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов: «Ресейге салынған санкциялардың бізге ықпалы қаншалықты екенін білу үшін макроэкономикалық талдау жұмыстарын жүргіздік. Инвестициялық, сауда және бағамдық ықпал секілді бірнеше әсер ету арналарын қарастырдық. Ең бастысы — түпкі ықпал бағамдық, яғни доллардың рубльге, кейін рубльдің теңгеге ықпалы. Барлық макроэкономикалық есептер де, салалық есептер де қолымызда бар. Тіпті қолымызда бұл жағдайдың жекелеген кәсіпорындарға қалай әсер ететіні туралы ақпарат та бар. Ұлттық валюта бағамына қатысты жағымсыз болжамдар айқын байқала бастаған жағдайда іске асыратын жауапты ведомстволармен бірлескен әрекеттер жоспарымыз бар. Жоспарлы іс-әрекеттердің ауқымы үлкен. Құпия бөліктері бар болған соң ол туралы айта алмаймын. Құжат бар. Ресейге қарсы санкциялардың жеке экономикамызға қатысы жоғын үнемі айтамыз. Иә, көрші елдің бізбен үлкен экономикалық байланысы бар болған соң экономикамызға ықпал етеді. Егер санкция бойынша қатаң сценарий болса, Ресей мемлекеттік банкіндегі активтер бұғатталады, ал мемлекеттік қарызға қатысты РФ алда санкциялар қабылдайды, сол кезде ғана Қазақстан салдарын бағам арқылы сезетін болады. Ал қазіргі әсері — бейтарап. Министр ретінде, ел азаматы, экономист ретінде айтарым, бұл санкцияларға Ресей Федерациясына қатысты санкциялар деп қарайық. Біз үнемі санкцияларды өзімізге тікелей әсер ететіндей көреміз. Олар бізге тек бағам арқылы ғана ықпал етеді. Өтінемін, бұл санцияларды бізге тікелей әсер етеді деп қабылдамаңыздар. Рас, ұлттық валютаның құнсыздануы жүріп жатыр. Оған не себеп болғанын ұлттық валютаның тұрақтылығына жауап беретін Ұлттық банктің басшысы Данияр Ақышевтан сұраңыздар. Ұлттық банкті «ұстап алу» қиын екенін түсінемін. Данияр Талғатұлы болмаса да, оның орынбасары бар ғой»,— деп басын арашалап бақты.
Өз тілшімізден