«Теректідегі тебіреніс»
Батыс Қазақстан облысына қарасты Теректі аудандық балалар шығармашылық үйінің бұл жобасының кейіпкерлері – еліне, туған жеріне қызмет етіп жүрген іскер адамдар.
2019 жылдың қараша айынан бастау алған бұл жобаның ұйымдастырушысы әрі жүргізушісі – қосымша білім беру педагогы Үміткер Орынғалиев.
– Бастапқыда «Теректідегі тебіреніс» жобасының қонақтарымен аудандық балалар шығармашылық үйінің оқушылары бетпе-бет кездесіп, олардың еңбек жолдарымен танысып, өз сауалдарын жолдауға мүмкіндіктері болды. Кейіннен еліміздегі пандемияға байланысты жобамызды Теректі аудандық білім бөлімінің әлеуметтік желідегі парақшасында онлайн форматта жалғастырып келеміз, – деді Үміткер Жұмакелдіұлы.
Күні бүгінге дейін аталмыш жобаға ҚР Мәдениет саласының үздігі, актриса Эльмира Мақашева, айтыскер ақын Эльдар Ихсанов, «Теректі» шаруа қожалығының басшысы Сержан Идиятов, «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігі директорының бірінші орынбасары Рауан Сәбитов, ақын, сазгер Ерікқали Ахметов, Х.Бөкеева атындағы БҚО қазақ драма театрының директоры Салтанат Абулғазиева, әнші Марат Сарбөпеев, жас дизайнер Жәмилә Өтепқалиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса Әсел Мәмбетова, еліміздегі ең жас «Білім беру саласының үздігі», «Алматының жыл мұғалімі-2020» конкурсының жеңімпазы, педагог Дәурен Сағынғалиев, әскери самбодан Әлем чемпионы Темірлан Ихсанғалиев қонақ ретінде қатысып, сұхбат өрбіткен екен.
Жоба кейіпкерлерінің бірі жерлесіміз, жас ұстаз Дәурен Сағынғалиев сұхбаттан кейінгі әсерімен бөлісіп, әлеуметтік парақшасында: – Үміткер Жұмакелдіұлы менің бұған дейінгі жетістіктеріммен кеңінен таныс екен. Содан шығар, сауалдары жинақы, сұхбаты әсерлі болды. Мұғалімге тән мәдениеттілікпен барлық сұрағына шынайы жауап беруге тырыстым. Ең бастысы, ауылыма деген сағынышым мен сырымды, жаңалығым мен жырымды жеткіздім, – деп, жазба қалдырған.
«Теректі тебіренісі» жобасы аудан әкімдігінің, аудандық білім беру бөлімі мен балалар шығармашылық үйінің қолдауымен жүзеге асырылып келеді.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы