Теректілік еріктілер жарап тұр
Қойнауы тарихқа толы Теректі ауданының волонтерлық іспен айналысып жүрген тағылымды жастары игілікті істермен айналысып, бірқатар іс-шараларды жүзеге асырған.
Теректі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық директоры Нұрсәуле Аткееваның айтуынша, ағымдағы жылы еріктілердің ұйымдастыруымен волонтерлық қозғалысты дамыту мақсатында төрт семинар-тренинг ұйымдастырылған. Жалпы аудан көлемінде 187 ерікті тіркелген. Олар аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі отбасыларды қолдау мақсатында екі рет қайырымдылық концерт өткізіп, облыс орталығындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылында және қарттар мен мүгедектерге арналған Орал әлеуметтік мекемесінде болған.
– Осы жылы 8 наурыз мерекесінде аудандағы жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі аналарға арнап «Анамен әлем әдемі» атты акция ұйымдастырдық. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы шеңберінде волонтерлар тоқсанға жуық тыл ардагерлеріне аудан әкімінің құттықтау хаттарын жеткізіп, арнайы медальдарын табыстады. 1 маусым – халықаралық балалар күні мейрамында ерікті жастар мүмкіндігі шектеулі жиырма бір жеткіншекті төл мерекелерімен құттықтады. Барлық шараларда санитарлық талаптар қатаң сақталды, – деді Н.Аткеева.
Волонтерлар карантин кезінде үш мыңға жуық бетперде дайындап, аудан халқына тегін таратқан. 183 аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың үйлеріне азық-түлік жеткізіп, 53 жалғызбасты қарияға мекенжайлық көмек көрсеткен. Жерлестерін үйден себепсіз шықпауға, ауру жұқтырудан сақтануға, пайдалы іспен айналысуға үндеу мақсатында бейнероликтер дайындаған. Волонтерлардың бастамасымен «Тарихқа толы Теректім» атты онлайн-жоба жүзеге асырылған. Теректіліктер жыл басынан бері үш рет сенбілік жұмыстарына шығып, табиғатты қорғауға атсалысқан.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы