Терезені жуып-тазалап отырмаса қауіпті. Неге?
Терезені жуып-тазалап отыру қажет. Жуылмаған терезенің өн бойына денсаулыққа қауіпті патогенді зиянкестер жиналып қалуы мүмкін.
Осылай дейді ағылшын ғалымдары, Бирмингем университетінің зерттеушілері. Зерттеу жұмысының нәтижесі Environmental Science: Atmospheres журналында жарияланған.
Олардың айтуынша, терезені жумағанның не дұрыс жумағанның кесірінен сырты майланып, атмосферадағы кір-қожалақ заттардың бәрін жинап алады. Мұндай кірдің ішіне патогенді зиянкестер тұрып қалады да, кейін сүрткен, жуған кезде «босап шығып», адамға жұғуы мүмкін.
Үйде тамақ пісіргеннің содан бөлінген майдың бәрі осы терезеге келіп қақ болып жабысып қалатын көрінеді. Мұны ғалымдар аса сезімтал, заманауи техникалардың көмегімен қарап анықтаған. Ең қызығы да сол – май қақ беріш боп қатып қалады да, бойына атмосферадағы кір мен шаңды, лас қалдықтарды жинай беретін көрінеді. Оған барып патогенді (вирус, бактерия, микроб, саңырауқұлақ) зиянкестер де барып тұрып қалады екен.
«Қақ жинала береді, жинала береді. Қақ не ауа өткізбейді, не дұрыс жуылмайды. Ал жуған кезде, кір-ласпен бірге патогенді зиянкестер де босап шығып, адамға қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан қақ жиналмас үшін терезені үнемі жуып-шайып отыру қажет», — деп түсіндіреді зерттеу авторлары.
Қ. Слямбек
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/layfstayl/zhadnama/74035/