Тергеу камерасында

Тергеу камерасында жатқанымда қасыма біреуді әкеп қосты. Өскеменнің омарташы орысы екен. Ол да ұзақ жатыпты. Жөн сұрастық.
Сонда Сәкенді есіне алды…
Менен бұрын сол кісімен бір камера да болыпты.
Ол:«Мен біттім, төзбедім қорлыққа!» — деп айғайлап сөйлеп, төсекке етпетінен жата кетіп, солқылдап жылапты.
Талай қыспаққа салғанда қайыспаған Сәкеннің морт сынуына сенбеген омарташы себебін сұрайды. Сонда Сәкен: «Бәріне шыдар ем ғой. Жас ұрпақты бізге қарсы қойғанына қалай шыдармын. Орындыққа отырғызып қойды да, қазақтың екі жас баласын қойды да, екеуіне де екі құлағымды создырып:» «Ой әкеңнің ауызын….. Сейфуллин, ой шешеңді….. Сейфуллин! Сен халық жауысың! »,- дегізгенде шыдамадым. Қорлық ғой. Олардың көзіне жексұрын болып көрінгенше өлгенім жақсы. Қағазына қол қойдым»- депті

Мұхамеджан Қаратаев