Терроризм мен экстремизм және адасқан ағымдар заңмен «тұсауланбақ»

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі қаралып, барлық депутаттар оны бірауыздан мақұлдады. Аталған жұмыс Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жүктеліп отыр. Комитет төрағасы — депутат Мәулен Әшімбаев. Иә, ел-жұртты елеңдеткен заң жобасына бей-жай қарау мүмкін емес. Өйткені әлемді теңселткен терактілердің артында адасқан ағымдар тұр. Қолданысқа түсетін заң төрт құбыласы сай болуы шарт. Кем-кетігі толықтырылып, артық кеткен жері күзеліп, көптің көңілінен шықса, құба-құп. Осы ретте жалпы отырыс аяқтала сала, Парламент комитет төрағасы Мәулен Әшімбаевты сөзге тарттық.

— Мәулен Сағатханұлы, аталмыш заң жобасын сіз басқаратын комитет қолға алды. Сіздің пайымдауыңызша, заң жобасына қанша өзгеріс енуі мүмкін?

маулен— Бұл сұрағыңызға алдын ала жауап беру қиын. Ең бірінші аталған құжат бойынша экстремизм мен терроризм үшін жауапкершілікті күшейту мәселесіне басымдық беріледі. Бұл анық. Осыған байланысты 20-ға жуық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Соның ішінде Қылмыстық кодекс, Қылмыстық процессуалдық кодекс, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс, Экстремизм мен терроризммен күрес заңнамасы т.б. бар.

— Өзіңіз де білетін боларсыз, Ақтөбедегі, Алматыдағы, Балқаштағы жағдайдан кейін қоғамда террористерді өлім жазасына кесу туралы ұсыныстар айтыла бастады. Осы мәселе қарала ма? Қанша дегенмен көптің қалауы ғой.

— Дұрыс айтасыз. Заң халық үшін жазылады. Өткеннен сабақ алу — міндетіміз. Меніңше, бұл мәселе жұмыс тобында жан — жақты қаралуы тиіс. Дегенмен терроризмге тосқауыл қою үшін бұл заң жобасы сенімді ақтайды деген ойдамын. Сондай-ақ, аталмыш заң жобасында жауапкершілікті күшейту мәселелері басты назарда болмақ. Өзге де көптің ұсыныс-тілектері ескеріледі. 

— Өлім жазасы туралы сіздің жеке көзқарасыңызды білуге бола ма?

— Өлім жазасы айтуға оңай болғанымен, өте күрделі мәселе ғой. Мен нақты ештеңе айта алмаймын. Әртүрлі пікірлер болғандықтан, бірдеңе деп кесіп айту қиын. — Соңғы кездегі террористік актілерге қатысты ҰҚК салафиттер, радикалды топтар деп ашық айыптап жатыр. Осы заң жобасында радикалды топтарға тыйым салу жағы қарастырылған ба? — Жалпы, идеологияны күшпен, қарумен жауып тастау, жолын кесу — қиын шаруа. Сондықтан біздер осы заң аясында идеологияға қатысты жұмыстарды қарастыруымыз керек сияқты. Ескі заңда бұлар қарастырылмаған. Сонымен қатар алдын алу шараларын да күшейту заңда ескеріледі.

террор

— Заң жобасын қысқа мерзімде дайындау мүмкін бе? Мысалы, желтоқсан айына дейін?

— Қазіргі жағдайға байланысты, меніңше, заң жобасын қабылдау жұмысын ұзаққа созбау қажет. Жылдап қарауды уақыт көтермейді. Дегенмен, асығыс шешімдер де болмауы тиіс. Сондықтан ең алдымен құжатты жан-жақты талқылап алу бірінші кезекте тұр. Негізі, бұл заң жобасын ағымдағы жылдың аяғына дейін қабылдауға бар күшімізді саламыз. Шындығын айтайық, заң өте күрделі. Әр норманы жіліктеуге тура келеді.

— Жұмыс тобы қашан іске кіріседі?

— Қыркүйектің 8-і күні «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының таныстырылымы болады. Оған депутаттардан бөлек, елімізге белгілі саясаттанушылар, құқық қорғаушылар, дінтанушылар, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысады.

— Өзекті заң жобасын талқылауға қоғам белсенділері арасынан кімдер шақырылғанын айта кетіңізші.

— Қоғамға белгілі біраз азаматтар шақырылды. Мысалы, Айдос Сарым, Берік Әдіғалиұлы, діни басқарманың біраз басшылары да ескерілді. Осы салада жұмыс жасап жүрген Асқар Сабдин, дін маманы Қайрат Жолдыбай, құқық қорғау саласында жүрген мемлекеттік емес ұйымдардан да шақырту алғандар бар.

— Уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан — Нағашыбай Қабылбек