Тезек Төренің жер шекарасын анықтаудағы бір тәсілі…
…Бұрынғы кезде «жер дауы мен жесір дауы» біткен бе, жерге таласқан елдер кейде барымталасып, сойылдасып, оның арты үлкен араздыққа әкеліп отырған. Сондай кезде өзі әділетті, ел бірлігін сақтауды бәрінен де алдыға қойған Тезек Төре мынандай амалды қолданыпты.
Жауласқан елдерден екі жас баланы жүйрік атпен шығартып, ел отырған орындарынан бір-біріне қарама-қарсы шапқызады екен. Содан кездескен жерінде екеуін тоқтатқызып, аттарынан түсіріп, елдердің үлкендерінің көзінше «екеуің құшақтасыңдар, міне енді бауыр болдыңдар» дейтін көрінеді. Сосын елге «…бала деген періште. Осылардың істегенін істеңдер, бауырласыңдар! Ал енді таласқан жерлеріңнің межесі бұдан былай міне дәл осы жер болады. Осыдан әрі бір-біріңмен жанжалдасып, жаулассаңдар, құқайларыңды менен көресіңдер» деп бірақ ауыз сөзбен елді татуласырады екен, жарықтық.
Ханның осындай әділетті сөзіне барлық ел құлай кетіп, бір-бірімен құдаласып, бауырласып, дау-дамай тез арада ұмытылатын болыпты.
Арғымақ айғыр хикаясы…
… Тезек Төреге замандас, өзі сараң, елге жайсыз бір бай кісі болыпты. Бірде төренің жігіттері сол кісінің жылқысының ішінен ерекше айғырды байқап, сырын білетіндіктен оған бір жағы мысқылдап, бір жағы сынап: «…Байеке, анау айғырыңыз Сізге емес төреге лайық, келісті мал екен. Тарту етіп берсеңізші»,- депті. Оларға бай:
— Атай көрмеңдер, бұл айғыр малымның киесі. Осы малдың жартысын алсаңдар да, бұған көз салмаңдар,- деп шыр-пыр болыпты.
Бұл сөз төренің құлағына шалынғанда, жігіттеріне:
— Әй қулар-ай, ол неменің сараңдығын біліп, әдейі айтқансыңдар ғой, ол сөзді. Нелерің бар еді? Обалы енді жануарға тиді ғой! Өйтіп айтқан соң, бізге лайық мал оған жараспас, бекер айттыңдар-ау, ол жануар енді таң аспас!- деп кейіген екен.
Айтқанындай айғыр ертеңіне үйелеп тұрмай қалыпты…
Ұршық туралы…
Бірде Тезек Төре ұршық иіріп отырған жеңгесіне қарап: «…әй жеңгей, бұл дүние дегенің шыр айналған ұршықтай ғой. Бірде тоқтамай зырылдап айналады, бірде тоқтап қалады. Жібі де кейде үзілмесе, кейде үзіліп қалады. Қолыңыздағы неткен ғажайып дүние десеңізші…»,- деген екен…
Тезек төренің соңғы күндері (Жексенбинов С. Талдықорған)
…Аталарымыздан естуші едік. Біздің аталарымыз Жалайырдың «Мырзалары». Тезек Төре белгілеп берген мына «Шағанның» күнгей бетін мекендеген. Еліміз төре аулымен әрқашанда сыйласып, алыс-берісте жүріпті. Әкемнің атасы Елібай төренің замандасы, өзі өте үлкен емші, елге сыйлы болған кісі.
Бірде елге Тезек Төре қал үстінде деген суыт хабар келіп, сол атамыз елдің жақсыларымен бірге қалын сұрамақ болып барыпты. Барса айтқандай төре төсектен тұрмай жатыр екен. Барлық Жетісудың игі-жақсылары осында көрінеді.
Атамыз емші кісі, алып барған түрлі дәрілік шөптен жасаған дәрі-дәрмектерін беріп, аурудың қол аяғын сылап-сипап біраз ем-дом жасағаннан кейін төре бас көтеріп, құс төсекте шырайланып, жастыққа сүйеніп отырып, елмен амандасыпты. Содан атамызға қарап:
— Әй Елібай, сіздің жасаған дауаңыздан кейін біраз жақсы болып қалдым. Сіз тегін адам емессіз, осы мен енді қанша жасаймын,- деп сұрапты. Атамыз:
— Алдияр, несін жасырайын, бұл дүние бәрімізден де өтеді емес пе? Сіздің 7 күндік өміріңіз қалыпты, қамдана бергеніңіз дұрыс,- депті. Сонда Тезек жігітіне қарап:
— Мына жаман Жалайыр не дейді, әкелші бері қылышымды, өзімнен және ажалынан 3 күн бұрын тоңқалаң асырайын,- депті.
Сасқалақтап қалған үйдегілер «хан ием, бұл кісі 7 күн деп қателесіп қалды ғой, әлі талай жасарсыз. Жеті деген қазақта киелі сан емес пе, соны айтпақ болған шығар» деп жуып-шаймақ болыпты. Сол кезде төре атамызға қарап:
— Ал Елібай, енді не дейсіз? Айтыңыз, қанша күндік өмірім қалды?- дегенде ол кісі:
— Тақсыр, Сіз бүткіл елдің тұтқасысыз. Сізге өтірік айтқан болмайды,- дегенінде оған Тезек Төре жадырай қарап:
— Қайтер екен деп едім, оны мен өзім де сезіп жатырмын,- деп айналасындағыларға «Мен кеткенмен бірліктерің кетпесін. Мен өлсем, біздің қазақтан мен сияқты, әлдеқайда менен асатын ұл тумайды дейсіңдер ме? Мойымаңдар, тек ауызбіршілікті болыңдар. Ешқашан қарақан бастарыңды ойламай, елдің қамын ойлаңдар…» деп өсиет айта отырып, қоштасқан деседі…
Әзкен Алтай фб параұшасынан