”TIFLO-АСХАНА” ЖОБАСЫ ӨТКІЗІЛДІ
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы көру қабілеті әлсіз жандарды асханада жүріп өздігінен тағам әзірлеуге бейімдеуге, түрлі көкөністер мен азық-түлік таңдауда кеңес беруге және оларды қоғамдық ортаға тарту мақсатында «Tiflo-асхана» жобасын өткізді.
Аталған жобаға «Қазақ соқырлар қоғамының» мүшесі Тұрмахан Алия Оңласынқызы мен қызы Тұрмахан Адия қатысып, ұлыстың ұлы күнінде дастарханның сәнін келтірер, 7 түрлі дән мен ақтан дайындалатын «Наурыз көже» әзірледі.
Тамақ әзірлеу барысында жоба қонақтары наурыз көженің пісіру жолдарын, оның жасалу әдісі мен ерекшеліктерін атап өтті. Сондай-ақ, ұлыстың ұлы күні «Наурыз» мерекесінде қазақтың ұлттық көжесін жыл сайын дайындап, отбасымен атап өтетінін айтты.
Іс-шара соңында жоба жетекшісі Сағымбаева Әлия Бақытқызы қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, оқырмандарға алдағы уақытта бұл жоба жалғасын табатынын жеткізді.
#жамбыл_мәдениет_ақпарат