ТІГІНШІЛІК – ҚОЛ МЕН ҚИЯЛДЫҢ ЕҢБЕГІ

Кәсіп ашқысы келетін, бірақ қолындағы қаржысы күрмеуге келмей жүрген және кәсібін кеңейткісі келетін кәсіпкерлерге «Бастау бизнес» жобасының шарапаты молынан тиюде.
Үлгілі ауылының тұрғыны Вазира Чункабаева — Шымкент қаласының тумасы. Мектепті бітірген соң, Шымкент әлеуметтік университетінің «Жалын» колледжінде «Бастауыш сыныптарының мұғалімі» мамандығын алып шығады. Алғашында туыстарының қолөнер бұйымдарын сататын дүкеніне көмекші болып, уақытша жұмысқа орналасады. Ұлттық қолөнерге деген қызығушылығы артқан ол әжесінің жанында жүріп, тойбастар заттарын жасауды үйрене бастайды. Алдымен ұзатылатын қыздарға арналған үкі қауырсынынан дайындалатын ақ үкіні, сәнді себеттерді жасауды меңгерсе, кейіннен ұлттық нақыштағы қалташалар мен қоржын тігуді қолға алады.
Жас кәсіпкер 2015 жылы ауданымызға қарасты Үлгілі ауылының азаматына тұрмысқа шығып, кәсібін жалғастыруды жөн көреді. Үйінің жанындағы бос тұрған 2 бөлмелі ескі үйді жөндеуден өткізіп, қолөнер цехына лайықтап жабдықтайды. Мұнда көрші тұратын, ауылдас қыз-келіншектерге өзінің білгенін үйретіп, жасаған бұйымдарды сауда-саттыққа шығара бастайды.
Уақыт өте келе тапсырыстар көбейе бастаған соң, кәсібін кеңейтуге ден қояды. Құрақ көрпе-көпшік, жастық, қыз жасауын тігуді қолға алу мақсатында «Бастау Бизнес» арқылы қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді. Қаражатқа бір оверлок машинасы мен бір тігін машинасын және бір бу үтігін сатып алады.
– Бұл кәсіппен айналысқаныма биыл 10 жыл болды. Әрине, бірінші кездері тапсырыс онша көп болмай, Тараз қаласындағы базарлар мен дүкендерді аралап, тауарымды ұсынатынмын. Бірақ, уақыт өте келе тұтынушылар сырттан келетін бұйымдарға қарағанда қолдан жасалған дүниенің едәуір сәнді, сапалы болатынына көз жеткізіп, тапсырыс көбейе түсті.
Шеберханамда 20-ға жуық ауылдас қыз-келіншектер тұрақты жұмыс істейтін. Пандемияға байланысты жұмысты өзімнің отбасыммен ғана атқарып жатырмыз. Асқан ыждаһаттылықпен, шеберлікпен жасалған бұйым әрдайым әсем көрінетіні белгілі ғой. Тапсырысты уақытылы орындау үшін бір күнді бұйымдардың тек бір түрін ғана жасағанға арнаймыз. Несиеге алған 2 түрлі тігін машинасының көмегімен құрақ көрпе-көпшік, тюрбан, тақия, халат және т.б. дүниелерді тігіп, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруға тырысамыз, — дейді жас кәсіпкер.
Бүгінгі таңда ісмер келіншектің қолынан шыққан дүниелер көздің жауын алады. Ерінбек еңбек етіп, қолөнерден ризығын тауып жүрген Вазира Ерболатқызы бұйымдарды тек жергілікті базарлар мен дүкендерге шығарып қана қоймай, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларына көтерме бағамен тұрақты түрде өткеруде. Бұдан бөлек, киімді қалпына келтіру орталығын да ашуды жоспарлап отыр. Оның айтуынша бір айда тек бір қызға арналған үкінің 20 – 30 мың данасы шығарылады екен.