Н.Ахметзакиров: «Елімізге мықты құқық қорғау органдары мен жоғары деңгейдегі кәсіби мамандар қажет»

Құқық қорғау органдары академиясында Президенттік резервте тұрған қызметкерлер үшін кезекті кәсіби қайта даярлау курстары басталды.

img_4733

Іс-шараға Президент Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімі меңгерушісінің орынбасары Қанат Сейдғапбаров қатысты.

Бағдарлама аясында тыңдаушылар мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттарын, басшылық қызметтегі аналитикалық жұмыстың негіздерін, жаппай наразылық және террористік акциялар кезінде келіссөздер жүргізу тактикасының ерекшеліктерін, басқарудың заманауи технологияларын оқып үйренетін болады.

Президенттік резервті оқыту процесі өтіп жатқан Ұлттық қорғаныс университетінің басшысы Асхат Рыспаев Ынтымақтастық туралы меморандум аясында білім беру мекемелерінің арасында қалыптасқан өзара тиімді қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті. Бұл мамандарды даярлау тәжірибесімен алмасуға, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, ортақ ақпараттық-коммуникациялық ортаны дамытуға мүмкіндік береді. Осы жұмыс аясында бұл курстардан университеттің төрт қызметкері өтіп жатқанын атап өту керек.

         Академия басшысы Наиль Ахметзакиров жаңа тыңдаушыларға өз лебізін білдіре отырып: «Елімізге мықты құқық қорғау органдары мен жоғары деңгейдегі кәсіби мамандар қажет. Қарапайым адамдардың тағдыры, тұрғындардың құқық қорғау жүйесіне, жалпы билік органдарына деген сенім деңгейі сіздердің жұмыстарыңыздың тиімділігіне байланысты. Сондықтан әрқайсыңыз жақсы ұйымдастырушы болуларыңыз қажет, қойылған мақсатқа қол жеткізе білу, прогрессивті ойлау және түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білулеріңіз керек. Біздің міндетіміз – сіздерге кәсіби және тұлғалық дамуда көмек көрсету, заманауи басшыға қажетті маңызды және пайдалы білім мен дағдыларды бойларыңызға дарыту», — деп атап өтті. 

Бас прокуратураның жанындағы

Құқық қорғау органдары академиясының

баспасөз қызметі