Тіл алсаңдар, шырағым, өсек сөзді елеме.
Тіл алсаңдар, шырағым,
Өсек сөзді елеме.
Үйір болғын, шырағым,
Жақсы сөзге өнеге.
Тіршілікте сыйласқын
Дүние қайтып келе ме?
Дүниеге сенім жоқ,
Мінерсіз бір күн кемеге.
Айтар әркім білгенін
Сөз ғып оны немене.
Қағыспай халқым тек жүрсін
Онан пайда өне ме?
Өсек-аяң сөз болса,
Жуытпағын денеңе.
Әділдің озар адымы,
Адал жан шығар төбеге.
Тентек адам шыға алмас,
Төбе түгіл сөреге.
Біреуге адам ор қазса,
Өзі түсер өреге.
Не болса соны ілік қып,
Жүгінбеңдер төреге.
Әділетті төре жоқ,
Түсетін шөре-шөреге.
Ақынның елі сондай деп,
Үлгісі жақсы қандай деп,
Болыңдар елге өнеге.
Елім-жұртым сізге айтам,
Бірлікті бол, шырақтар.
Бірлікті жерде ризық көп,
Ол адам елге тұрақтар.
Ауызбірлік бар жерде
Жететұғын мұрат бар.
Ауызбірлік жоқ жерде
Қиянатты қият бар.
Ұяттың иман қабы дер,
Имандыда ұят бар.
Көпшілікке жаққан жан,
Басына жаққан шырақ бар.
Фани тұрмақ бақида
Мінетұғын пырақ бар.
Ешкімнің хақын жемеңдер.
Артында оның сұрақ бар.
Әділетсіз адамда
Ұяты жоқ қият бар.
Ісі адал адамға
Шығатұғын қырат бар.
Ісі арам адамдар
Қашақтап, қорқып, жырақтар.
Ақылы жоқ адамдар
Тентектің сөзін қуаттар.
Ақылы бар адамдар,
Бал бастаудан суаттар.
Тыңдаңыздар, ағайын,
Жекжат пенен жұраттар.
Түзелер заман кейінде
Бұл сөзімді бейімде.
Кейінгі қалған ұрпақтар,
Заманға жақсы тұрақтар!
✍️Қабан (Қабылиса) жырау