Тіл – халықтың тұғыры

Күретамыр

Биылдан бастап Қазақстан халқының тілдері күні 5 қыркүйекте аталып өтіледі. Осы атаулы күнге байланысты Павлодар облысында «Тілдер онкүндігі» жарияланып, әртүрлі мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырылды. Жалпы, еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілінің беделін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту бағытында тағы қандай шаралар атқарылуда? Бұл туралы облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сәуле Османовадан сұраған едік.

— Сәуле Қабдулжаппарқызы, биыл тілдер мерекесінің уақытына байланысты өзгерістер орын алды. Оқырманға осының мәнісін түсіндіріп өтсеңіз…

— Иә, былтырғы жылға дейін Қазақстан халқының тілдері күні – қыркүйек айының үшінші жексенбісі болатын. Өткен жылдың соңында ҚР Премьер-Министрінің Қаулысымен 5 қыркүйек  Қазақстан халқының тілдері күні болып бекітілді. Бұл – көрнекті Қоғам қайраткері, ақын, ағартушы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Мұны ұлт ұстазына деген ерекше құрмет деуге болады. Екіншіден өткен жылы А.Байтұрсынұлының туғанына 145 жыл толған болатын.

— Енді Қазақстан халқының тілдері күні қарсаңында ақынның шығармашылығы мен өмір тарихын насихаттауға бағытталған шаралар, «Ахмет Байтұрсынұлы оқулары» сынды байқаулар ұйымдастырылатын шығар?

— Дұрыс айтасыз. Еліміздің тілдер күнін Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде атап өтуіміздің өзіндік үлкен мәні бар. Себебі, ұлт көсемі кезінде қазақ әліпбиін құрастырып, қазақ тіл білімінің қалыптасып, дамуына үлкен еңбек сіңірді. Басқа облыстарда ақынның еңбегін насихаттауға арналған шаралар өткізілуде. Біз келесі жылдан бастап, осы тілдер мерекесі қарсаңында А.Байтұрсынұлының шығармашылығына, өмір тарихына байланысты түрлі байқаулар ұйымдастырамыз. Ал, биылғы мерекеге орай облыс көлемінде 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында «Тілдер онкүндігін» жарияладық. Осы он күннің ішінде қала аудандарда 150-ге жақын іс-шара, атап айтқанда түрлі деңгейде «дөңгелек үстелдер, фестивальдер, байқаулар өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер мен қызмет көрсету орындарында қазақ тілінде үздік қызмет көрсетуші байқауы болды. Жақында аталған  акцияның қорытындысы ретінде «Тіл – достық құралы» атты мерекелік концерт ұйымдастырып, жыл басынан бері атқарған жұмыстарымызды бір түйіндеп алдық. Шараға өңірімізде тұратын барлық этнос өкілдері қатысып, өздерінің тілдік ерекшеліктерін, ұлттық салт-дәстүрлері мен  мәдениеттерін көрсетті.

— Осыдан бірнеше жыл бұрын «Тіл керуені» деп аталатын ерекше жоба қолға алынған болатын. Осы шара болашақта жалғасын таба ма?

— Иә бұл жоба облыс әкімінің ұсынысы бойынша 2016 жылы басталып, әлі жалғасып келеді. Мұны облыстық «Ана тілі» орталығымен бірлесіп ұйымдастырудамыз. Жобаның ерекшелігі – қазақтың тілін ғана емес, ұлтымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін де насихаттау. Бұл жобаға өзге ұлт өкілдері және мектеп оқушылары көптеп қатысты. Оларға салт-санамыздан хабары бар, оң қолынан өнер тамған ата-әжелер қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеуді және ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауды үйретті. Бұдан бөлек, ұмытылып бара жатқан кейбір салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуда. Аудандар мен ауылдарды аралап, тарихи және қасиетті орындарды көрсеттік. «Тіл керуеніне» жылына 200 адамды қамтудамыз.

 — Биыл қандай жаңа жобалар қолға алынды?

— Биыл екі жаңа жобаны қолға алдық. Оның бірі – «Күн сәулесі» деп аталады. Бұл зағип және нашар көретін азаматтарға арналған. Яғни, жанарынан айырылған жандарға арнап, брайл жазуымен кітап шығардық. Мұндай кітап елімізде бұрын ағылшын және орыс тілдерінде басылған екен. Ал, қазақ тілінде алғаш болып біз шығардық. Бірінші шығарылымы бойынша оқырманға 30 дана кітап жол тартты. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады. Екіншісі – «Тілдік келісім». Бұған осы қыркүйек айының басында кірістік. Яғни, Павлодар және Кенжекөл балалар үйлерінде тәрбиеленетін жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға арнайы тіл үйрену кітаптары, ертегі жинақтары және буклеттер таратылды.

— Тағы бір сауал – жарнама, көрнекі құралдарға қатысты. Былтырдан бері «жыр» болып келе жатқан «Орталық әмбебап дүкені» атауының қазақша аудармасын қашан жазатын болды?

-Қала ішіндегі жарнамалар мен маңдайша жазуларына байланысты қателер бұрын көптеп кездесетін еді. Қазір көрнекі ақпараттардың 70 пайыздан астамы заңға сай жазылған. Осы жерде айта кететін тағы бір мәселе бар. ҚР Мәдениет және спорт минисрлігіне қарасты Тіл комитетінің шешімімен көшедегі жарнамалар мен маңдайша жазуларын қадағалауды біздің құзіретімізден алып, қалалық және аудандық бөлімдерге берген. Бұдан былай қате жазулармен солар айналысатын болады.  Облыс орталығындағы «Орталық әмбебап дүкенінің» атауы әлі біздің назарымызда. Жақында директорымен хабарластым. Ол латын әліпбиінің соңғы нұсқасы бекітіліп, маңдайша жазуларын ауыстыруға рұқсат берген кезде латын әріптерімен жазамын деген уәдесін беріп отыр. Жалпы, облыс орталығында маңдайша жазуларын латын әріптеріне ауыстырып жатқан жеке кәсіпорындар баршылық. Бірақ, біз оларға қазіргі таңда оған әлі ерте екенін айтып, егер кейін қандай да бір өзгеріс болып жатса қайта жаңартуға тура келетіндігін ескертеміз. Міне, сондықтан асығыстық танытпағанымыз абзал.

-Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.