Тіл-көзден сақтанудың жолдары

Технологияның қарыштап дамуымен бірге санамызға батыстық идеологияның сіңіскені соншалық бүгінде қоғамда, біздің әрбір әрекетімізде тым ашықтықтың белең алғаны байқалады. Қолымыздағы кәдуілгі қалта телефонымен әр адымымызды сарт етіп суретке түсіруді әдетке айналдырған біз елге «есеп бергендей» оны желіге жүктейміз де, көптің назарына ұсынамыз. Ең қастерлі ұғым – жанұя ішіндегі кейбір жайттар да кейде желіде жарқ етіп, бұл қылығымыз өзгені өз үйімізге пердесі жоқ терезесінен телмірткендей әсер қалдырады. Қоғамнан ажырап, заманнан жырақ қалуды үгіттеп жатқаным жоқ, әйтсе де, баламыздың «тәтті» фотосуреттерін тамашалап, әрбір жетістіктігіміз бен мансаптық марапатымызға куә виртуалды көрерменнің бірінің қуаныш, енді бірінің қызғаныш сезімінің басым болуы бек мүмкін. Ал мұның салдары адамға тіл-көздің өтуіне тікелей себеп болып, кейде тіпті шын тілектес жанның таңданысының өзі адамды кеселге душар етуі ықтимал. Себебі, исламда тіл-көздің бар екендігі анық ақиқат. Құранда да бұған бұлтартпас айғақ бар, мәселен:

‏وَقَالَ يَا بَنِيَّ لا تَدْخُلُوا مِنْ بَابٍ وَاحِدٍ وَادْخُلُوا مِنْ أَبْوَابٍ مُتَفَرِّقَةٍ وَمَا أُغْنِي عَنْكُمْ مِنَ اللَّهِ مِنْ شَيْءٍ إِنِ الْحُكْمُ إِلا لِلَّهِ عَلَيْهِ تَوَكَّلْتُ وَعَلَيْهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُتَوَكِّلُون

(Жақып а.с. ұлдарына) «Ей, ұлдарым! Қалаға бір қақпадан кірмей бөлек-бөлек қақпалардан кіріңдер. Алайда сендерге Алланың қалауынан басқа еш көмек бере алмаймын. Үкім Аллаға тән. Оған тәуекел еттім. Сондай-ақ,тәуекел етушілер Оған тәуекел етсін», — деді. Олар әкелерінің әмірі бойынша кірді. Ол олар үшін Алланың тағдырына ештеңе істей алмайтын. Бірақ Жақып (а.с.) көңіліндегі бір қажетін атқарған еді. Өйткені ол Біз үйреткен білім иесі еді. Алайда, оны адамдардың көбі білмейді[1]».

Аталмыш аят жайында атақты тәпсірші ғалым Ибн Кәсир өз кітабында былай деген: «Мұнда Жақып (а.с.) пайғамбардың, арасында Бинямин бар, өзінің ұлдарын Мысырға жібергенде оларға шаһардың бір қақпасынан топ болып емес, бірнеше қақпаларынан жеке-жеке кірулеріне бұйырғандығы  туралы хабарлап тұр. Жақып пайғамбар (а.с.) мұны сымбатты ұлдары аса көркем әрі сән-салтанатты кейіпте топталып жүрсе, жұрттың оларға таңдана қарағандықтан, көзі тиіп кетер деген қауіппен айтқан. Дәл осы пікірді ибн Аббас, Мұхаммед ибн Кағб, Мужаһид, Даххак, Қатада, т.б ғұламалар да айтқан[2]».

Тіл-көздің ақиқаттылығына тағы бір дәлел келтірсек:

وَإِنْ يَكَادُ الَّذِينَ كَفَرُوا لَيُزْلِقُونَكَ بِأَبْصَارِهِمْ لَمَّا سَمِعُوا الذِّكْرَ وَيَقُولُونَ إِنَّهُ لَمَجْنُونٌ

«Расында, қарсы келгендер, Құранды тыңдаған сәтте, олар көздерімен ішіп-жеп, сені жыға жаздайды. Және: “Ол анық жынды” дейді[3]».

Ибн Кәсир бұл аятты: «Ибн Аббас, Мужахид сияқты алдыңғы толқын ғұламалары: «көздерімен сені ішіп-жеп»дегеннің мағынасы «сені жек көріп, қызғаныштан көздерін тигізуге тырысады, олардан сені Алла құтқарады», — деп тәпсірлейді.

Сондай-ақ, тіл-көзге қатысты айтылған біршама хадистер де бар. Мысалы: Ибн Аббастан риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын):

«Көз тию – хақ, тағдырды озып кететін бір нәрсе болса, ол көз тию болар еді…[4]», — деген.

Жәбирден риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Көз адамды қабірге, түйені қазанға кіргізеді[5]», — деген.

Асыл дініміз тіл-көздің ақиқаттылығын ғана айқындап қоймай, оның алдын-алу жолдарын, тіл-көз өткен жағдайда жасалатын амалдарды да толық баяндайды.

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде көз тиюден сақтайтын Құран аяттарының барын ескертіп, оны амалға асыруды өсиет еткен: «Фатиха» және Аятул Курси әрбір үйде оқылса, сол үйдегілерге адам және жындардың көзі тимейді[6]».

Жоғарыда келтірілген хадистерден аңғаратынымыздай, бізді көзден қорғайтын әуелі Алла және Құран аяттары екені хақ.

Ал адамға көз тиген жағдайда қайтпекпіз? Яғни, одан айығудың амалы қандай дейтін болсақ, исламда бұған да жауап бар. Оның кейбіреулері іс-қимылмен жасалса, енді бір амалы  –дұғалармен және Құран аяттарымен дем салу. Төменде соның бірқатарына тоқталып өттік.

1. Қолды ауырған жерге қойып, «Ықылас», «Фалақ», «Нас» сүрелерін оқып дем салу. Осы үш сүре түскеннен кейін Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) таңертең және кешкі мезгілде осы сүрелерді үш мәртеден оқып,алақанына «шуф» деп үрлеп, денесін қолдарының жеткен жеріне дейін сүртетін болған.

2. «Қалам»сүресінің 51-аятын оқып дем салу.

3. Ибн Аббас (р.а.) риуаят қылған хадисте Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын)  немерелері Хасан мен Хусейнге осы дұғаны оқығаны жайында айтылған.

اُعِيذُ كُماَ بِكَلِماَتِ اللهِ التّاَمَّةِ مِنْ كُلِّ شَيْطاَنٍ وَ هاَمَّةِ وَ مِنْ كُلِّ عَيْنٍ لاَمَّةِ

«Уғизу кумә би кәлиматилләһит тәәмәһ мин кулли шайтанин уә һәммәһ уә мин кулли айнин ләәмәһ[7]».

4. Бұдан да басқа хадистерде келген дұғалар көп. Солардың ішінде тіпті салт-санамызға сіңіп кеткендері де бар. Қазақ әу бастан бір жақсыны көрсе, «бәрекелді» деп дұға тілейтін болған. Ал бұл жайында хадисте былай келген:

إِذاَ رَأَى اَحَدُكُمْ مِنْ أخِيهِ ماَ يُعْجِبُهُ فَلْيَدْعُ لَهُ بِالْبَرَكَةِ

 

«Сендерден кімде-кім өз бауырынан (бауырының бойынан) таңғалдыратын нәрсе көрсе, оған береке тілесін».[8]

Хадис ғұламалары мына дұғаларды  Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) айтқанын жеткізеді.

اَللَّهُمّ باَرِكْ فِيهِ وَ لاَ تَضَرُّهُ

«Аллаһуммә бәрик фиһи уә лә тәдурруһ».

Мағынасы: «Аллахым оған береке бер, зарар тигізбе».

Сондай-ақ, кішкентай бүлдіршіндерді көріп, тәтті қылығынан не сүйкімді жүзінен сүйсінгенде де, мына дұғаны айтып жүрген жөн:

ماَ شاَء اللّه لآ حَوْلَ وَ لآ قُوَّةَ اِلاَّ بِاللّ

«Мәә шәә Аллаһ ләә хәулә уә ләә қууәтә иллә биЛләәһ».

 

5. Пайғамбарымыздың бұйрығымен шомылу арқылы емдеу.

Адамға кімнің көзі өткендігі анықталса, сол кісі дереу  шомылып, сонан соң сол шомылған суын көз өткен адамға құю керек. Алла қаласа, жазылып кетеді.

Сәһл ибн Хунайфтың (р.а) ұлы Әбу Үмәмә риуаят еткен хадисте былай делінген: «Бірде Сәһл ибн Хунайф Мәдинаның сыртындағы Харрар деген аңғарда шомылмақ боп үстіндегі шапанын шешеді. Сәһл аққұба өңді, көркем кісі болатын. Оның аппақ денесін көрген қасындағы жолдасы Амир ибн Рабиға таңданып: «Мен бұрын-соңды мынадай бойжеткеннің терісіндей аппақ теріні көрген емеспін», — дейді. Осыдан кейін Сәһл аурады. Ауруы уақыт өткен сайын үдей түседі. Бұл хабар Алла Елшісіне (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) жетеді де, ол (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларынан: «Оған кімнің көзі тигенін білесіңдер ме?» — деп сұрайды. Олар: «Ия, ол – Амир ибн Рабиға», — деп жауап береді. Сонда Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын)  оны шақырып алып, ашуланған кейіпте: «Өздеріңнің бауырларыңды өлтіресіндер ме? Сен оған береке тілемедің бе? Енді ол үшін жуын», — дейді. Амир бетін, екі қолын, шынтақтарын, екі тізесін аяқтарын, іш киімінің ішін бір ыдыста жуып, ол суды Сәһлдің үстіне құйғанда Сәһл сол сағатта жазылып кетеді».[9]

Алла Тағала бізді сұқ көзден сақтап, осы айтылғандарға амал етуші құлдарынан етсін. Әмин.

Мұрат Досаналиев,

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы


[1]«Жүсіп» сүресі, 67-68-аяттар

[2] Ибн Кәсир, 2/480

[3] «Қалам» сүресі, 51-аят

[4] Мүслім

[5] Әбу Нұғайм

[6]Муслим

[7]Имам Бұхари

[8]Ибн Мәжә

[9]Ахмад, Нәсәий, Ибн Мәжә