Тіл мүкістігін қолдан жасамайық
Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргідей заманда көп тұста адам өзі ашқан жаңалығының құрбаны болып жататыны жалған емес. Әсіресе, қалта телефоны мен ғаламторға мықтап байланған ұрпақ қайсыбір орайда дамудан кенжелеп қалған жайы бар. Атап айтқанда, соңғы онжылдықта балалардың тілінің кеш шығуы, көпшілікпен араласудан қорқасоқтауы, тіпті өмірдің мәнін экранның ар жағынан іздеп, күн-түн демей шұқшиып, ақыр соңында түрлі кеселдерге ұшырап жатуының барлығы бүгінгі қоғамның айықпас дерті болып тұр. Жүйкесі жұқарып, ғаламтор беттеріндегі өтірік-шыны аралас қызылды-жасылды сауық-сайранға толы жұлдыздардың өмірін көріп, қам көңіл күйге түсетіндер мәселесі өз алдына бір төбе.
Балалардың тілі мезгілінен кеш шығуымен қатар, әлдебір дыбыстарды толық дыбыстай алмай пұшайман болатындары да соңғы жылдары көптеп кездесетін ащы шындыққа айналып отыр. «Цифрлық аутизм дендеп барады» деп мамандар дабыл қақса да, телефоннан бас тартып, ғаламторды шарлауды сиреткен жан көрінбеді. Дүниенің қорлығы тіл ұшындағы ойын айта алмай, өзгелердің алдында жалтақтап отыру екені даусыз. Сондай балақайлардың бірі он жасар Жігер еді. Ол «р» дыбысын дұрыс айта алмай, өз ортасынан оқшаулана бастаған күйін бүкпесіз баян қылды. Ата-анасы оны «р» дыбысын толық айтып кетер деген үмітпен жылдар бойы күткен. Ақыры төзімдері таусылып, логопед маманға жолыққан. Нәтижесінде Жігердің тілінің асты қысқа екені анықталып, хирург маманның көмегіне жүгінген. Алайда тілдің астын қиюмен шаруа шешілмеді. Аптасына үш рет логопед дәрігерге жаттығу жасау үшін барып тұрды. Дегенмен жасы үлкен, тәжірибесі мол көрінген маман баламен достық қарым-қатынас орнатпақ түгілі, оған ақырып-жекіріп апшыны қуырған. Әрі жаттығу жасау уақыты бар болғаны 15 минут қана. Осы себептерден ата-анасы Жігерге ғаламтордан басқа маман іздей бастайды. Көп іздемей-ақ «Nurlykyz Nurlybekkyzy логопедиялық түзету орталығы» мекемесін ғаламтордан табады. Кеңес алу күнін де белгілейді. Логопед-маман Равшанова Меруерт Өмірғазықызы оларды тура белгіленген уақытта қабылдайды. Бір сағатқа созылған кеңес беру кезінде баланың «р»-дан өзге де дыбыстарды айтуын мейлінше тексеріп, оған тіл дыбыстарын дұрыстап айту жаттығулары тағайындалды. Меруерт Өмірғазықызы маман ретінде баланың ешбір қатесіз сөйлеу мүмкіндігіне қол жеткізуі ең көп дегенде бір жарым-екі ай уақытқа созылатынын хабарлады. Бұрынғы дәрігерден ондай болжамды уақытты естіп көрмеген ата-ананың қуанышында шек болмай, Жігер балақайды Меруерт логопед қажет деп тапқан массажға да, күнделікті жаттығу сабақтарына да кешіктірмей әкеліп жүрді. Бір апта өтер-өтпесте Жігер сабаққа өзі құлшынып тұратын болды, себебі Меруерт білікті әрі бала жанын шебер білетін майталман маман екенін айғақтап, балақаймен достық көпірін орнатып үлгерді. Жігердің «толыққанды сөйлесем» деген зор арманы мен маманның ыстық ықыласынан бастау алған емдік шаралары көп ұзамай жемісін берді. Бір ай бір апта өткенде Жігер «р» дыбысын толық айту бақытына ие болды. Ұзақтығы бір сағатқа созылатын жаттығу сабақтарында жүргізілген тілдік ойындар, суреттермен сөйлемдер құрау, баламен пікірлесу, оның арман-мұраттарынан хабардар болу сынды ерекше емдеу тәсілдері Жігерге айрықша қуаныш сыйлады. Әрбір шәкіртінің жетістігіне шын көңілімен шаттанатын Меруерт Өмірғазықызы Жігердің жеңісі туралы былай деді: «Біріншіден, «барынша анық сөйлесем» деген таудай құлшынысы серпін берді. Екіншіден, мен орнатқан достық көпірі көп жағдайда жетістікке жетуімнің құпиясы еді. Баламен балаша сөйлесіп, оның өз әлеміне қанық түрде сырласса, ол бар құпиясын жайып салады. Болашақта кім болатыны туралы сыр ақтарған Жігер бар арманы «р»-ды қатесіз дыбыстауда екенін айтқанда, мен де бар күшімді салдым. Нәтижесінде өзім күткендей екі айда емес, бір айдан асар-аспас уақыт межесінде қуанышқа кенелдік. Жігердің қуанышы – менің де шаттығым».
Логопед маманмен қимай қоштасқан Жігер алдағы уақытта телефонға көп телмірмеуге, бос уақытын дауыстап кітап оқуға арнау керектігі жайында кеңестер алды. Ал мен Меруерт Өмірғазықызымен балалардың мезгілінен кешікпей, толық сайрап кетуіне қатер төндіретін басты факторлар жайлы сөйлестім. Білгір маман мынадай жағдайларды атады: оның айтуынша, баланың тілі адам ағзасының даму заңдылығына керісінше кешеуілдеп шығуына бірнеше үлкен себептер бар екен. Солардың ең алғашқысы, әрі күллі қоғамға тән болып отырған аса қауіптісі – қалта телефонына баланы сәби күнінен тәуелді ету. Ата-анасының мазасын алмай, экранға қадалған балақай 4-5 жасқа келсе де, қысқа сөздерді айтумен ғана шектеледі. Бұл оның физикалық дамуындағы алғашқы дағдарыс іспетті. Егер сәбидің тілі шығуы 5 жасқа дейін кешіксе, оны сайрап кетер деп тосудың қажеті жоқ екенін маман баса айтты. Өйткені бұл уақытта балақай емін-еркін сөйлеудің орнына қысқа сөздерді ғана бөліп-бөліп дыбыстаса, уақыт оздырмай тиісті маманға бару қажет.
Екіншіден, балада толық тілдік орта болмағандықтан, тілі кеш шыққаны өз алдына, қайсыбір дыбыстарды толыққанды айта алмайды. Бұған себеп – бүлдіршін ғаламтордан өзге тілдегі дүниелерді көп көріп, ал ата-анасы қазақша не орысша сөйлессе, балада бірнеше тілді қабылдай алмау қаупі туады. Нақты бір тілдік орта болмағандықтан, бөбектің тілінде кей дыбыстар шала-шарпы дыбысталу деңгейінде қалып қояды.
Үшіншіден, қайсыбір ата-аналар перзенттерін шектен тыс еркелетіп, онымен үнемі тым майда бала тілінде сөйлесуі. Балаға заттар мен құбылыстардың толық аттарын атамай, оларды бала тіліне сайып, еркелеткен раймен бұзып атау да бүлдіршіннің қабылдау деңгейіне соққы болып тиюі ғажап емес. Әсіресе, бөбектің тілі шығар сәтінде онымен жиі сөйлесіп, әр сөзді асықпай, нақты айту көп пайдасын тигізеді екен.
Ел болашағы – балалардың денсаулығына қатысты маман осындай басты-басты үш қатерді қадап айтты. Әрбір ата-ана сәби дүниеге келген сәттен бастап осы үш қағиданы ұстанса, перзентінің әдемі, тәтті тіліне тез-ақ куә болатыны даусыз.
Ел көсегесін көгертетін мақау ұрпақ еместігін есімізден шығармайық. Баламызды жансыз телефонмен алдандырғанша, онымен жиі шүйіркелесіп, жан әлемінен хабардар болу жағын қамдайық. Сиқырлы айнаға көп үңілтіп, дүниеге дені сау болып келген сәбидің дімкәстануына себепші болудан сақтанайық!