ТІЛ САЯСАТЫ: БӘРІНЕН ДЕ МАҢЫЗДЫСЫ – ТІЛДІК ОРТА
Ең әуелі – тілдік орта
Мемлекеттік тілдің 30 жыл бойы өз тұғырына қона алмауына қатысты алуан себеп пен факторларды атауға болады. Бірақ бүгінгі маңызды шаруа – осылардың ішіндегі ең өзекті де маңыздысын таңдап, соны нәтижелі іске асыру. Бұған дейінгі мемлекеттік тараптан да, қоғамдық тараптан да тіл саясатына қатысты шаралар мен әрекеттердің бәріне ортақ бір осалдық барын атап өтейік, ол – бұл мәселеге ғылыми зерттеу мен талдауға жол берілмей, түйсікке ғана иек артқанымыздың кесірінде жатыр.
Тілдің қарапайым әрі басты анықтамасы мынау: тіл – белгілі бір қоғам мен қауымға бірігетін адамдардың өзара қарым-қатынас (коммуникация) құралы. Одан әрі тереңдесек, тіл: адамдардың бір бірімен ақпарат бөлісу және ақпарат алу мүмкіндігін жүзеге асыру үдерісі. Ал бұны қысқаша ғана «тілдік орта» аталатын тіл ғылымының бір басты саласы қамтиды. Бұны зерделеп, зерттейтін және мәселесін ашып әрі шешетін социолингвистика деген ғылым саласы бар. Басты өкініштісі сол – бұл сала әлі қазақ тіліне қатысты елімізде байыпты қолға алынып, дамыған жоқ. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап бұл ғылым саласын алға тартқан филология ғылымдарының докторы, социолингвист Бақытжан Хасановтың дауысы мен уәжі тиісті орындар мен органдарға жетпеді, соған сәйкес шешім болмады.
Ал тілдік ортаға не жатады? Тілдік орта дегеніміз: тірілей ауызекі және жазбаша тілді қолданатын белгілі бір адамдар қауымы. Қоғамдық-саясмии жағынан алғанда бұл орта өзінше «үш жүзден» құралады: мемлекеттік, коммерциялық және қоғамдық секторлар, қысқасы қоғамдағы адамдардың күнделікті тұрмысынан бастап, бизнес пен қоғамдағы араластық және елді билеуге дейінгі барлық ақпарат алу, тарату, өндіру аясы мен үдерістері осы тілдік ортаны қамтиды. Ал бұл секторлардың әрқайсысы өз кезегінде әралуан форматтағы коммуникациялық-ақпараттық ресурстардан, атап айтқанда аудио-видео жазбалар, әлеуметтік желі мен әлемжелі арналары, телеарналар мен радиотолқындар, басқа да ақпарат алу мен жазу технологиясы, бүкіл өнер саласы – кино, театр, кітапхана, білім беру саласы, ресми билік органдары мен ұйымдарының барлық ақпарат контенттері,өндіру, тарату саласы (бұны қысқаша – ресми тіл атайды), секілді ресурстардың әлеуетінен тұрады. Қысқасы, тілді тіл қылатын да, тұл қылатын да – тілдік орта! Егер бизнес клиент үшін таласу майданына түсіп жатса, ал әр тіл аман қалу мен даму үшін тілдік ортаға таласады! Осыдан тіл саясатының мазмұны өзінен өзі шығады.
Енді «электрон тілдік орта» ұғымын енгізуге мәжбүрміз, өйткені бұл сала бүгінді әрбір тілдің қауқарын айқындайтын көрсеткіш болып кетті. Бұрын сәбидің тілі ата-анасы мен жанұясында шығатын болса, қазіргі баланың тілі гаджетпен шығып жатыр. Жуырда ғана Ақтөбе облысының Ырғыз кентіндегі бір отбасыдағы 3-5 жасар екі сәбидің тілі орысша шыққандықтан амалсыз орыс мектебіне беруге тура келген. Ал, Ырғыз ауданы 99,99 қазақтілді орта! Демек, «тілге ие болғың келсе, гаджетіңді түзе!» деген жаңа мәтел шықты. Ал жуырда ғана «BALAPAN» телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Кенжебаева Президентке телеарналардағы жасөспірімдер контентіне қатысты ұсынысын білдіріп, мемлекеттік арналар бұған кем дегенде апталық эфир уақытының 2 сағатын бөлуі керек екенін жеткізді. Бұған алып-қосарымыз аз, бұл жағдай тіл саясатына қатысты әлдеқашан қолға алынуы керек еді.
Тіл саясаты дегеніміз – елдегі, қоғамдағы аталмыш салалар бойынша тілдердің дәрежесі мен ара салмағына орай заңға негізделген, мейлінше қолданылу, пайдаланылуды әділ үйлестіру, қайшылықтарды жойып, дамытуды қолға алумен анықталады. Тіл саясатын қазіргі заманда жүзеге асыруға қажет басты сайман – социолингвистика! Бұл – тілдік ортаның ғылыми атауы әрі зерттеу мен зерделеу пәні. Ол болмаса, бұл үдеріске қатыспаса, онда тіл саясаты соқыр деген сөз, бұл ғылым аталмыш сала бойынша барлық мәселені орнына қойып, шешімдердің жобасын әзірлеуге бірден бір керек ғылыми тетік болып табылады. Бұл ғылым тілдік ортаның әрбір жігі мен тобындағы жағдайды барынша объектив түрде көрсетіп, соған сәйкес қандай шара мен жобаны атқаруды ұсынар еді. Міне осы болмағасын, 30 жыл бойы не істеп, не қойғанымызды және қалай істейтінімізді білмей, Уақыт пен басқа да материалдық ресурстарды рәсуә етіп келдік. Тіл саясатының деңгейі «жанашырлық» сипаттан арыға баспады. Қисынды шешімдер болмады, нәтижелі әрекеттерге жол ашылмады.
Билік — басты тілдік орта
Тілдік ортаның ішіндегі жетеккүш/локомотив не? Ол ресми орта – елді билейтін мемлекеттік сектор. Егер бұл сектор мемтілге деген көзқарасын біржолата алаңдамастан, манипуляциясыз кірісетін болса, онда қалған екі сектор: коммерциялық және қоғамдық орта да басқа тілге қарай жамбастауды доғарады және сылтау іздемейді, тіл саясатына кедергі жасап машқатақа бара қоймайды. Мемсаясатты айдалаға ала қашпайды, сыртқы күштерді елдің ішкі саясатына қарсы айтақтамайды.
Бұған дейін мемсектор тіл саясатын қалай жүзеге асырып отыр? Ресми ортада конституцияның 7-бабының 2-тармағы бұрмаланып, «орыс тілі – ресми тіл» деген жалған тұжырыммен, орыс тілінде ғана мемлекеттік іс жүргізілуде. Бұл үдерісте бір емес, екі құқық бұзылып отыр: біреуі атазаңның «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген 7-бабының 1-тармағы, яғни мемлекеттік құзыр мен құқық бұзылса, тағы біреуі — мемлекеттік қызметтегі қазақтілді қызметкерлердің құқығы бұзылып келеді. Қазақтілді қызметшілер аудармашының рөлінде және олар өздерінің құзыреттілігін/компетенциясын толық мемлекеттік тілді қолдануға пайдалана алмай, монотілді қызметшілердің ыңғайына жығылумен келеді. Ал бұл – обал ғана емес, қылмыс. Осы жерде мемлекет неге осы екі тарапты біріктіретіндей саясат жасай алмай отыр? 30 жылдың ішінде бұл сала бойынша алға басу неге жоқ?
Бұның шешімін бірден айта кетейік. Осыдан кемі 20 жылдай бұрын елде қостілділік деген сырттай қарағанда күлкілі болғанымен дұрыс саясаттың сұлбасы басталған еді. Бірақ бұл ішкі мазмұны анықталмаған жалаң идеологияға айналып, дабыра күйінде қалды. Шын мәнінде жоғары мемлекеттік органдардағы мемқызметшілерден қос тілділік құзыреттілік талап етіліп, оны бірте-бірте мемтіл пайдасына қарай бұрғанда, қазіргідей қайшылық қалыптаспаған болар еді. Оны қалай ұйымдастыруға болар еді? Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік мемқызметшілерді ҚазТЕСТ жүйесі арқылы қазақ және орыс тілдері бойынша сынақтан өткізеді де, мемлекеттік қызметтің дәлізінде кім қай тілге жүйрік болса, сол тілде қызмет ете бастайды. Бірақ қостілді қызметшіге сәйкесінше ерекше жағдай жасалады, өйткені ол — елдің тіл саясатын қолдаушы әрі дамытушы фактордың тиегі! Екі тілді қызметші мансап бойынша жоғарылауға барынша мүмкіндігі болуы тиіс. Және де мемлекеттік қызметте құжатты бір тілден екіншісіне аударып, артық шығын мен жалған «қостілділік» жүргізудің мүлдем керегі жоқ. Ал біртілді/монотілді адам дегеніміз кім? Ол – орыстілді қызметші. Әдетте қазақтілді қызметкердің кемінде 80 пайызы екі тілге жүйрік. Кім ұтты? Мемлекеттің саясаты ұтты және оның саясатын алға бастырып отырған кез келген қостілді этнос өкілі ұтты! Бұндай саясатқа кім шағымданады? Біртілді және мемлекетті менсінбейтін өзімшіл, кездейсоқ монотілді «қызметші» ғана шағымданады. Шағымдана берсін… тіпті кездейсоқ адам ретінде өзіне жұмысты басқа сектордан іздесін! Бұл жерде кездейсоқ қызметшілердің мүддесіне мемлекеттік мүддесі мен құзырын қор қылуға неге жол беріледі? Міне, осылайша басталған дұрыс саясаттың аяғы болмады, мазмұны ашылмады, саясатқа айналмады. Бірақ аса мықты орыстілді маманды да мемлекеттік салада қызметке алуға болады, бірақ оны мемлекеттік қызметкер ретінде емес, белгілі бір сала бойынша сарапшы-маман ретінде! Тіпті ондай маманды шетелден де тартуға болады. Яғни мемлекеттік мүддені алға бастыру үшін барлық жағынан да заң мен қисын жеткілікті.
Мемлекеттік ұйымның/мекеменің отырысын қай тілде жүргіземіз? Екі тілде бірдей. Қалай сонда? Қазақтілді қызметкер мемтілде сөйлесе, орыстілді қызметкер орыс тілінде ойын айта береді, бірақ екі тарапқа да бірдей талап қойылады: қызметші толық меңгермеген тілді ауызекі түсінуге тиіс. Егер де мақұрым болса, ондай адамды «көпұлтты» Қазақстан мемлекетіне қызметші етіп алуға әсте болмайды!!! Бұл базар емес, әркім өз тілімен түсінісіп, сауда жасай беретін, бұл – мемлекет!
Бірақ бұл саясат жалғаса бермейді. Мерзім жағынан бес жылды ғана қамтуы мүмкін, бұл уақыт ішінде нағыз қостілді, тіпті мемтілді өте жақсы меңгерген келесі ұрпақ әлгі дүбәрә буынды ығыстырып шығады болмаса бес жылында мемқызметшілердің барлығы дерлік меңгеріп шығар еді. Болды!!! Осылайша мемлекеттік сектордағы тіл мәселесін бас аяғы 5 жылда шешіп тастауға әбден болады.
Мемлекеттік дәліздегі тілдің қандай екендігі көшедегі яғни қоғамдық сектордағы адамға қандай қатысы бар? Ешқандай да. Көшеде шемішкі сататын болмаса зейнетке шыққан,тіпті студентке де мемлекеттің қай тілде қызмет ететіні ешбір кедергі етпейді, ал мемлекет тарапынан керек құжат пен хат-хабар екі тілде бірдей беріле береді. Ендеше бұған қоғамдық пікір мен демографияның қандай қатысы бар?! Мемлекеттің өз қызметін мемтілде атқаруына ешбір демографиялық жағдайдың әсері жоқ. Ол заңды да, шешімдерді де, отырыстарды да қазақ тілінде атқара алады және солай болуы тиіс. Бірақ қоғамдық орта болмаса тіл саясаты үшін ол жерде демократиялық сайман – ілеспе аударма болса жеткілікті, сосын қазақша түсінбейтін қарапайым азаматтың хаты мен тілегіне орысша нұсқасын/аудармасын беруге адам құқығын бұзбау жағы қарастырылса болғаны. Бұл мемлекеттің мәдениетін де қалыптастырады, мемлекет пен азаматтық қоғам арасын да жақындатады. Бірақ аудармамен бірге мемтілдегі түпнұсқа міндетті түрде қоса жүруі керек. Керісінше, түпнұсқа орысша болып, оған қазақшасы қосақталмауы тиіс. Негізінде дұрыс болғанда, қазақстандық тіл саясатының идеалы осылай болар еді!
Ал біз бұның орнына не істедік? Қазақтілді қызметкерді аудармашы етіп қойып, орыстілді құжаттарды архив үшін соған аудартып отырдық, ал нағыз тілдік орта тек қана орыстілді болып қала берді, қазақ тілінің ресми саласы аударма-калькалық сипатқа көшті. Бұл шын мәніндегі қылмыс еді. Ақырында қазақтілді қызметкерлер орыс тілдене бастады. Қазақ тілінің ресми саласы дамымай кері кетті. Ал тілдік ортаның бастысы – мемлекеттік дәлізде.
Осы жерде қоғамда әбден тізесі шыққан қисынсыз тіркестерге қатысты ой өрбіту керек болып отыр. Мысалы көптеген өңірлерде «тілдерді дамыту» деген жалпақшешей тіркес ресми басқармалар мен департаменттің,тіпті комитеттің де атауына кірістірілген. Бұл жосығы жоқ қисынсыз нәрсе: елде 100-ден аса этнос болатын болса, Қазақстан соншама тілдерді дамытуды мойнына алуы – абсурдтың абсурды. Шын мәнінде әлгі мүсәпір ресми атаулар «тіл саясаты жөніндегі» бөлім, департамент, басқарма, комитет сықылды болып келуі керек еді.
Жіктей айтатын болсақ, орыс тілі онсыз да дамыған халықаралық тіл және оны одан әрі дамытатын Ресей федерациясы бар, бұл туралы өзбек, украин, поляк, неміс, түрікпен, қырғыз, шешен-ингуш, түрік тағы басқа тілдер туралы да айтқан қисынды болмақ. Ал ұйғыр, дұңған, курд секілді тілдерді дамыту үшін бұл этностардың алдында тарихи әрі заңдық күші бар халықаралық құзыр мен құзыреттілікке ие болуы керек, яғни БҰҰ болмаса ЮНЕСКО алдында міндеттеме алып, соған сәйкес талап пен қолдау болса ғана оларды дамытуға міндетті болмақ. Ал елдегі этносаралық татулық нығайтудың бұл салаға ешбір қатысы жоқ. Сондықтан мемлекеттік тіл саясатының берекесін кетіріп келген жалпақшешейлік пен жалған бастаманың құйрығы бір тұтам болғандықтан да бұл салада нәтижесізбіз. Алайда, қоғамдық деңгейде жергіліктенген тілдік саясат үшін бұларды ішкі саясаттың бір көрінісі ретінде назар аударуға әбден болады, бірақ ол тарихи даму міндетін мойынға алу деген сөз емес. Ал халықаралық деңгейде әлгі ұйғыр, дұңған, курд тілдерін дамыту үшін сол этностардың тарихи жерін ұстап отырған мемлекеттерге қарата бастама көтеру – Қазақстанның халықаралық аренадағы міндеті ғана емес, өзіміздегі әлгі диаспораларды рухани қолдау болмақ. Тұжыра айтқанда, ұйғыр мен дұңғанның тілін дамытуға тиісті мемлекет – Қытай, курдтардың тіліне Ирак пен Түркия міндетті. Ал түркілердің қара шаңырағын ұстаушы басты ел ретінде ноғай, тыва, қарақалпақ, құмық, қарашай-балқар, ғағауыз тағы басқа түркі жұрттарының тілдерін ғылыми әрі араластық үшін тілбілім саласы бойынша дамытуға үлес қосу қай жағынан да жарасымды әрі қисынды. Сол үшін де тарихи-рухани миссиясы Түркістан қаласында жалпытүркілік тілбілім институты құрылса, ол қазақ тілінің де дами түсуіне ықпалы зор болмақ.
Ал қазақ тілін дамыту керек пе? Әлбетте. Мемлекеттік мәртебесі бар тіл үшін бүгінде терминология мен лексикология, аударма саласы мейлінше даму үдерісін қажетсінуде. Тіпті, бұл салаларға арнайы институт құру қажеттігі бар.
Аударма – тілдің алтын көпірі
Әрбір тілдің өзге тілдермен араласар көпірі болады, ол – аударма саласы. Аударма техникалық сипаты жағынан жазбаша және ауызша болып екіге бөлінеді. Ауызша аударманы «ілеспе аударма» деп те, қазақы мағынасында «тілмаш аударма» деп те атауға болады. Сондай-ақ, аударма саласы мазмұнына қарай ғылыми, әдеби, ресми және тұрмыстық деп те жіктеледі.Алайда, қазақ тілінің бүгінгі көпіріне қарап, бұлардың ара-жігін ажырату мүмкін емес.
Тілдің аударма саласының ахуалын қарастырғанда, оның қазақ тілін өзге тілдермен қатынастыру қабылеті қандай деген мәселеге амалсыз тірелеміз. Жалпы, аударма саласының дамуы тілдің өзге тілдермен сандық және сапалық жағынан қарым-қатынастық сипатын білдіретін көрсеткі (индикатор) болып табылады. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ тілі әлемдегі қауқарлы ондаған тілдермен тікелей қатынас жасап отырғандығына күмәніміз бар. Себебі, Қазақстанның мемлекеттік тілінің өзге тілдермен аудармасы өзінен тікелей емес, орыс тілін делдал етіп, соны бетке ұстап қана күн кешіп отырған жайы барын жасыруға болмайды. Тіпті, оның өзі де анда-санда болатын аса сирек құбылысқа айналған.
Қазақ халқының демографиялық араластығы мен лингвистикалық мүмкіндігі барынша аралас-қоралас қытай, түрік, ағылшын, француз, испан, неміс, украин, өзбек, грузин, моңғол, парсы т.т. тілдік орталармен тікелей тұрғыда аудармалық араласу үдерісі көз үйренген жайтқа айналмай отыр. Аталмыш сала тек қана орыс тілінің құзыры арқылы атқарылатын лингвистикалық міндетке айналған. Мұның бір мәселесі, елдегі аталмыш шет тілдерін оқыту қазақ тілінде емес, Ресейдің мемтілінде бірыңғай жүргізіліп, сол тілдегі әдістеменің бар билікті қолына алуында болар. Сонымен, әлі күнге қазақ тілінің өзге тілдермен араласы, яғни, аудармасы білім саласында түпкілікті жолға қойылмай, тіпті, қарастырылмай отыр деуге болады. Әсіресе, қазақтілді орта мектептердің өзінде шет тілдері үшін қатынас тілі орыс тілі болып қалып отыр, яғни, қазақтілді балалар шет тілін орыс тілі арқылы үйренуге душар, тәуелсіз қазақтілді методика да көзге түспейді.
Түрлі еларалық форумдардың жұмысы елдегі онға тарта телеарнаның ішінде тек қана «Қазақстан» арнасында қазақшаланады да, басқасында теріскей елдің тіліне қотарылатыны жасырын емес. Өйткені, аудармашылар мен тілмаштар мұндай жұмысқа жылына бір-екі рет қана тартылатындығы жасырын емес, сондықтан оларда қандай дағды мен білік қалыптасып, өзге тілмаштардың деңгейіне жете алсын! Қысқасы, қазақ тілінің аударма саласы бейнелеп айтқанда, көтерем күйінде. Сынап айтқанда, өз алдына лингвистикалық сала ретінде мемлекеттік назарда емес, аудармашылардың ресми, құқықтық мәртебелері айқындалмаған, оларға қажетті керек-жарақ пен мүмкіндіктер жасалмаған.
Қазақ тілмаштары мен аудармашылары үшін қазақ аудармасын дамытарлықтай не қоғамдық, не мемлекеттік немесе коммерциялық негіздегі құрылым жоқ! Қазақстанда таралатын компьютерлер мен басқа да ақылды саймандарда электрондық автоматтанған аудармалық сөздіктер бар дей алмаймыз, бар болса, ол жеке бастама түріндегі, ал мемлекеттік қолдаудағы ондай сайман жоқ және де тек қана орыс тілін тәржімалауға ғана арналған, оның өзі де іске жарамсыз, уақыттас,қажетті тілдік бірлікке балама табу қиынның қиыны.
Аударма саласы әсіресе енді ғана мемлекеттік мәртебе алып, дамуға амалсыз міндетті тіл үшін ерекше маңызы бар, оған бұрынырақта айтылған кейбір ұлтшылдардың сыңарезу пікірінің кесірінен жабылған барлық ілеспе аударма саласын өзегіміз өртене тұрып өкінішпен еске алуға мәжбүрміз.
Айта берсек, аталған сала бойынша мәселе жеткілікті,түйткілді шешуге арналған атқарылған жоба жоққа тән. Енді аударма саласындағы кейбір мәселелерді шешу жолдарын атап өтуге тәуекел етейік:
- Тіл комитетінің құрамында аударма саласын дамытуға қажетті жобалар мен бағдарламаларды, әрекеттерді үйлестіретіндей бөлім болғаны абзал;
- Қазақ тілінің Аударма саласын дамыту жөніндегі арнайы бағдарлама керек;
- Қазақтілді аудармашылар мен тілмаштар бірігіп, өздерінің қауымдастығын құруына мемлекет мүдделі болуға тиіс;
- Аударма саласын дамытуға қомақты қаржы бқлуді қазақ тілін дамытудың бір тетігі ретінде қарау керек;
- Аударма саласына арналған сан алуан тілдермен қазақ тілін араластыруды қолдайтындай арнайы электрондық портал жасақталуы қажет;
- Қазақ тілінің әлемдік жетекші тілдермен қатынасын толық қамтитындай ғылыми-аудармалық кеңестер құрылып, олар қазақ тілінің сол тілдермен арадағы баламалық сөздігін түзуге кіріскені жөн;
- Қазақтілді аудармашылар мен тілмаштарды сәйкес тілдік ортада дамыту мақсатымен шетелдерге біліктерін арттыру сапарларына жолдамалар қарастырып, оны Мәдениет министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі бірігіп үйлестіруі керек деген тілегіміз бар;
- Барлық ресми мекемелер мен ақпарат беру орындарында ілеспе аударма жүйесі міндетті түрде қолға алынуы керек.
Өткен ғасырдың 90-жылдары жер-жерде ілеспе аударма сіңісіп, бір де бір жергілікті билік отырысы монотілде өтпейтін, соның арқасында қазақ тіліне ойысу мен білім алу үрдісі пайда бола бастаған-ды. Бірақ әлдекімдердің, бәлкім орыстілділердің ықпалынан болар, «бәрімізге түсінікті тілде сөйлейік» деген жетесіз ұранның жетегінде кеттік те, таз қалпымызға түстік.
Жалпы алғанда, кез келген тілдің шарықтау шегі оның аудармасының дамуынан көрініс табады. Ал, мемлекеттік тілдің ондай дәрмені әзірге аса аянышты жағдайда. Қайбір тіл де әлемдік және ресми деңгейге тек қана аударма арқылы жетеді, сондықтан бұл мемтілді дамытудың бастапқы сатысы мен басты бір кепілі ретінде назар аударатын уақыт жетті.
Қоғамдық орта неге қыр көрсетті?
Жоғарыда аталған басты тілдік орта мемтілге қатысты «менсінбеу» саясатын қолға алғасын, қазақтілді қауым не істеді? Белсенді азаматтар арқылы орыстілді адамдарға, түрлі қызметшілерге тиісе бастады. Оны қазақы қауым батырлық пен іскерлік әрі отаншылдық санады!? Бұл бір жағынан – қылмыс, біреудің құқығына, абыройына қол сұғу, басбұзарлық дейік. Ал мемлекеттік тілдің құзыры мен қазақтілді адамдардың құқығына қол сұғып отырған мемлекеттің рөлі қайда? Бұл қылмыстың артында тіл саясатын жеткілікті жүргізбей отырған тиісті органдар неге аталмайды? Кеше ғана елден кетірілген Қуат Ахметовтың жазығы не? Жазығы тіл саясатын желеу етіп, адамдарға тиіскендігінде, дәлірегі — басбұзарлық жасағанында. Ал ондай отаншыл жастарға басқаша қалай қимылдау қалып еді? Әрине, басқаша заң жүзінде ішкі саясат құрылымдарымен бірігіп, қайшылықсыз, даурықпасыз, популизмсіз, заңды қоғамдық жобаларды атқаруға болар еді! Ол неге атқармады? Себебі, Ішкі саясат құрылымдары ондай жобаларды атқаруға жағдай жасамайды және қолдамайды! Неліктен Қуаттардың отаншыл әлеуетін ішкі саясатты алға бастыруға қолданудан сәйкес құрылымдар қашады?! Олардың сауаты мен әрекетін неліктен заңға сәйкестендірумен, оқытумен, тәрбиелеумен, көзін ашумен айналыспайды?! Бар мәселе осында.
Демек, Қуаттардың осындай басбұзарлыққа баруы — тіл саясатын жүргізуде және елдің ішкі саясатын үйлестіруде тиісті органдардың өз қызметтерін жеткіліксіз атқаруынан туындап отыр деген сөз. Ал монотілді орталарға мемлекеттің толерант саясатын алға бастыру, сіңіру, насихаттау шаралары қайда қалды? Ол мемлекеттік тілді тежеу арқылы ғана «іске асырылып» жатыр ма, сонда?!
Ішкі саясат арқылы жыл сайын миллиардттаған қаржы жұмсалатын болса, соның кемінде 20 пайызы тіл саясатын дамытуға жұмсалуы керек! Неге? Себебі, көптілді, көпжұртты Қазақстан үшін ішкі саясаттың мәйегі – тіл саясатының негізінде жатыр. Ал біз соны көрер көзге көрмегендей болып отырмыз! Тіпті, барлық өңірлердегі Ішкі саясат құрылымдарының басты жұмыс көрсеткіші тілге қатысты болуы керек. Өйткені, ішкі саясатты түлететінде, бүлдіретін де сол – тіл саясаты.
Бүгінде елімізде соңғы 30 жылдың демографиялық жарқын жемістері бар, ол –отаншыл қазақтан басқа қазақтілді қазақ емес этнос өкілдерінің, әсіресе жастардың қаптап өсіп шығуы. Бірақ сол үлкен әлеуетті қаншалықты пайдаланып отырмыз? Оларды кіші мемқызметке неліктен тартпасқа? Неліктен Президенттің кадр резервінде осы жайт қаралмайды? Неліктен біз Қазақстан халқының 30 жыл бойғы қалыптасқан жаңа әлеуетін мойындамай отырмыз? Бұған не кедергі?
Реформа мен революцияны шатастырмайық!
Соңғы бес жыл бойы қазақ тілін дамытудың бірден бір тетігі — оның жазу реформасын жүзеге асыру деген біржақты тұжырыммен келе жатырмыз. Кейбір лингвистердің пікіріне қарағанда жазу реформасын жасап, әліпби ауыстырсақ, тіл мәселесі өзінен өзі шешіліп сала береді екен…Тіл үшін әруақытта да басты фактор тілдік орта болып келеді және солай бола бермек. Сондықтан тілге қатысты кім пікір айтса да, ең әуелі тілдік ортаның үдесіне алаңдауы қажет. Оның үстіне мемлекеттік құзырын толық атқара алмай отырған тіл үшін нөмірі бірінші фактор – тағы да тілдік орта! Ал қазақ тілінің ортасы реформа жасауға дайын ба? Әлде оның кері ықпалы болмасына кепілдік бар ма? Бұл сұрақтарды біз қарастырмай отырмыз.
Ал реформа әруақытта да қосымша уақыт пен ресурсты және тәуекелді қажет етеді. Демек, біз жаңа әліпби ауыстыру арқылы, кирилше енгізілгеннен бергі 80 жылға таяу уақыт ішінде қордаланған тілдің қаптаған орфографиялық мәселелерін осы реформаның аясында жүзеге асыру арқылы қазақтілді ортаға шектен тыс ауртпалық салғалы отырмыз.Бұны бағамдамай отырмыз. Бұл тұжырымды автордың латын графикасына ауысуға деген қарсылығы деуден аулақ болыңыз, 2007 жылы латын әліпбиге көшуге арнайы тұжырымдама жасап жариялағанбыз, алайда бүгінгі ахуалға байланысты пікірді өзгертуге мәжбүрміз.
Біріншіден, реформаға қажет уақыт факторын алатын болсақ, біз жазу реформасына бөлінген уақыттан кешігіп отырмыз. Егер де бұл шешімді академик Ә.Хайдаровтар бастама жасаған өткен ғасырдың 90-жылдары қолға алғанда, бүгінгі барлығы ушыққан дәуірге келіп, дүбәрә тілдік ортамен тұйыққа тірелмес едік және көптеген жанама, алаңдатқыш факторларды қыл-қыбыр етіп жинап алып, бас қатырмас едік. Тіпті одан кейінгі 2000-жылдар да барынша тиімді уақыт болатын, алайда, біз өзімізге сенімсіз болғандықтан, бұл реформаны созбалап келіп, ақыры уақыт тосқауылына тап болып отырмыз. Бұның бір көрсеткіші соңғы жылдары қазақтілді ортадан орыс мектептеріне қарай ығысу үрдісі байқалғаны өз алдына, орыс тілінде тілі шыққан бастауыш сыныптағы баладан мұғалімдер құтыла алмайтын ахуал орнады. Бұл турасында жақында ғана ulysmedia.kz порталына берген Білім және ғылым министрлігінің дерегі бойынша, 2016-2017 жылдардан бері (бұл – біздің әліпби ауыстыру әңгімеміздің шыққан мезгілі еді) қазақ мектептерінің ашылу саны күрт азайып, аралас мектептердің керісінше көбейіп кеткендігін байқадық. Бұл ненің есебінен? Мезгілсіз уақытта бұзып-жарып кірген «реформадан» қорыққан қазақ ата-анасы мен балаларының есебінен. Негізінде социолингвистикалық зерделеу жазу реформасын бастамас бұрын жүруі керек еді. Бірақ олай болмай отыр және ол дәйекке реформаторлар назарын да салмай отырғаны өкінішті. Яғни реформаға жұмсалатын уақыт енді тілдік ортаны кеміре бастады! Бір мәселе екіншісін қоздыруда.
Екіншіден, соңғы жылдары әлемді қамтыған індет «дәуірі» қалыптасып отырған шақта, экономика тұралап, қаржы жетіспейтін кезеңге маңдай тірелген кезде, ресурстың қаншалықты жеткілікті болатыны үлкен сұрақ туғызуда. Жазу реформасы дегеніңіз әріпті ауыстырып, оқулықтарды қайта басумен ғана шектелмейтін, ұлан-ғайыр шаруалар кешені екенін ескеру керек. Және де реформа бір ғана жазу саласын қамтымайды, ең бастысы тілдік ортаны қамтыйды, өзгертеді және оның ахуалы мен сезімкүйін зерделемеу, ахуалды өз көңілкүйіңе бағындыруға тырысу — барынша қатерлі. Орыстілді бастауыш сыныптардың шұғыл көбеюі мен қазақтілді ата-аналардың балдарын орыс сыныптарына беру үрдісін ескермеу, зерделемеу түбінде соқыр реформаны туғызады.
Үшіншіден, кез келген реформа ең әуелі тәуекел деген факторды қамтиды. Егер де біз атаған алғашқы екі фактор ескеріліп, тиісінше шешімдер қабылданса, тәуекелдің ықпалы барынша азаяр еді, ал олар ескерілмесе, қолға алған реформаның революциялық сипаты басым болады да, тәуекел түбі — желқайық емес, еселене келе мүлдем керағар нәтижеге әкеліп соғады. Біз қазір қолға алған реформа әлі күнге нақты жол картасымен жабдықталмаған, яғни оның жүзеге асу жолдары нақтыланбаған, маршрут айқындалмаған және билеті алынбаған! Біз онсыз да соңғы бес жыл ішінде екі жарлық пен үш бірдей әліпби нұсқасын бекітіп, қоғамды қорқытып алдық. Әлгі орыс сыныптарының көбеюі соның нақты салдары. Ондай салдарды құрғақ насихатпен бағындыра алмайсыз.
Не істемек керек? Шегірткеден қорқып егін екпеу керек пе? Жоғарыда аталған жазу реформасына қатысты үш факторды өз пайдамызға қалай бұра аламыз? Біріншіден, реформаны жүзеге асырғанда уақытты соның пайдасына бұратындай тактика керек. Мысалы, бүкіл орфографиялық емле-ережені латын қарпі арқылы жүргізіп, тіл тұтынушысын революцияға итермелемей, реформаға барынша жұмсақ үдеріс ұйымдастыру керек. Оны кезінде белгілі бас орфографымыз, академик, марқұм Рабиға Сыздықова ұсынғандай, барлық емле өзгерістерін қазіргі кирилшемен жасап құтылған абзал. Және бұны жасауға қарсы шыққан ғалымдардың өздері лингвист ретінде емес, тіл тұтынушы ретінде қарсы шықты, демек оларға қарсы жеткілікті аргумент пен насихат жүргізілмеген, олардың өздері бұның маңызы мен мәнін ұқпаған, сенімсіз болған. Және де осы 30 жылдың ішінде кирилшемен жазу форматын өзгерткен сөздер қоры айтарлықтай әрі оны тілдік орта қазір ың-шыңсыз сіңіріп те алды, бұлғарға тіпті реформаның да қажеті жоқ: зауыт – завод, Мәскеу – Москва, мәшін – машина … кете береді. Бұған қоса енді тіл білімі тарапынан сәйкес ұғынықты насихат пен электрон сөздік, тағы басқа ресурстар болса, үдеріс барынша өте тез сіңетіні даусыз. Бірақ сондай жауапкершіліктен қорқып, нақты шаруаның істелмей қалғандығын мойындау керек. Оның үстіне 42 әріпті бүгінгі әліпби қазақ пен орыс тілдерінің ортақ әліпбиі екенін жариялау арқылы, оны өзгертуге деген саяси шешім қабылдауды оңайлата түсер еді. Осындай қорлау мен тілдік ортаны қинауымыз қазақ лингвистеріне аса жауапты сын! Мысалы, «музыка» сөзін екі тілде бірдей жазғанмен, оқыған да қазақшада бұл сөзде [Й] дыбысының жоқтығы масқара емес пе?! Осындай масқаралықты әшкерелеп тілдік ортаға жеткізе білсе, ондай реформаға кім қарсы болады?
Егер біз реформаны бес жылдың ішінде 3 әліпби жасап, психолингвистикалық шегініске барудың орнына, кирилше жазу реформасын жасап алып, келесі сатыда ғана әріптерді латынға өзгертуді қалдырсақ, үшінші «тәуекел» факторын айналып өтіп, уақытты да ұтар едік. Оның үстіне теріскей елдегі сыртқы қарсы фактор да қарсы бораған дауылдай кедергі етпес еді. Реформаның мәні оны өткізіп, белгілі бір нәтижеге қол жеткізу ғана емес, оны барынша жеңіл өткізуде және ол бәрінен де маңызды! Субъектісіне залал келтіретін әрі лаңкес сипаты бар реформа – шын мәнінде революция! Ал біз қазірдің өзінде тілдік ортаны қашырып отырмыз және дәл осылай атқарғанның өзінде бұл орта бірнеше топқа жіктелгелі отыр, қысқасы мүйіз сұрап құлақсыз қалып жүрмейік. Латын қарпін қолданушы әрі кетсе 30 жастан төменгі қазақшасы шала ұрпақ болғалы отыр. Ал бұны мойындағысы келмегендер баласын орыстілді ортаға салмақ… Ал бұрынғы орыстілді қауым қазақшаны үйренуден қашпақ… Сонда не ұтамыз? Бар болғаны сыртқы форма ғана, ал мазмұн не болмақ? Тілдік орта қайтпек? Кейінірек тілдің өзі қандай халде болмақ? Бұның бәрі социолингвистика мен психолингвистика саласынан қаралды ма? Жоқ. Бұл салалар әлі тіл саясатына енгізілген де жоқ.
«Қазіргі жастар аты-жөндерін латынша жазады, бір біріне солай хат жазады, адамдар жазуды қабылдағанда графикалық ойлау жүйесімен қабылдайды» деген терең емес тұжырымдар қоғамға бұл реформаны насихаттауға, сіңіруге жарайтын аргумент емес. Өйткені, оның барлығы белгілі бір ақпарат алуға деген толыққанды мәтіндер емес, ермек түріндегі қысқа сөздер мен сөйлемдер ғана. Ақпарат алу мен беруге қатысы жоқ жайттар ғана. Осы орайда реформаторлар тарапынан келтіріліп жүрген «SAMSUNG» сөзіне қатысты айтсақ, маңдайшада бұл сөз белі сызылмаған А әрпімен жазылса да, адам оны графикалық қабылдау жүйесімен оқиды деген ешқандай да дәйек емес, манипуляция болып шығады. Өйткені бұл — мәтін емес, сөз емес, маңдайшаға ілінген болмаса көрінген жерде әбден танымал болған брендтік таңба, таңба оқылмайды – графикалық түрде қабылданады, солай танылады, ал мәтіндегі әріп танылмайды — оқу арқылы ғана қабылданады. Мәтін мен таңданың арасына теңдік белгісін қоюға болмайды! Таңба жұртқа танымал болғасын қиындықсыз қабылданады, ал мәтінді адам графикалық қабылдау жолымен емес, әріптерді оқу арқылы, біріктіріп танумен қабылдайды. Егер әріп таныс болмаса оқи алмайды, оқу үшін адамның мыйында әлгі әріптер әбден танымалданып, мағынасы мейлінше автоматтанған қабылдау деңгейіне жетуі керек. Оған белгілі бір дағды қалыптастыру қажет.
Бұлайша реформаның насихатын жүргізу тиянақсыздыққа әкеліп соғады, бұл жерде шынайы түрде психолингвистикалық ғылымды қосу керек екені ескерілмей отыр. Реформаны ғылымсыз насихаттау – арамза молданың уағызы секілді. Қысқасы, біздің қазіргі қолға алған жазу реформамыз барынша күрделі шаруаны қамтиды, ал біз оны мейлінше қарабайыр насихаттап отырмыз. Мәселе: әріптер жасауда емес, оны мейлінше күрделі тілдік ортаға сіңіртуді қарабайыр елестетіп отыруымызда; бұнымен бірге қосымша қандай мәселелер боларын алдын ала ескермей отыруымызда. Әйтеуір, бір кіргізіп алайықшы, сосын «көш жүре бара түзеледі» деуімізде!
Бұл саладағы әуелгі басты қате: осы реформаны мейлінше ойыншық көріп,тіпті бірінші әліпби нұсқасын программистердің тықпалауынан көрініс берді, олар қазақ тілін кәмпиутрдің клавиатурасына/термекіліне бағындырғысы келді, ал бұл барып тұрған лингвистикалық қылмыс! Екінші нұсқа біріншісін жұмсартуға арналды, ал үшінші нұсқаны жасауға ғана тіл ғалымдары кірісті. Демек, біз бұл реформаға атүсті қарағанымыз өз алдына, сауатсыз әрі қалай болса, солай кіріскенбіз! Сондықтан ұтылмайтын әрі тәуекелі жоқ реформаны жасағанымыз бәрінен де жемісті әрі нәтижелі болмақ. Бастысы тіл саласында реформа мен революцияны шатастырмайық.
Серік Ерғали, педагогика ғылымдарының магистрі